«Арман» мәдениет үйінде Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай «Ұрпаққа аманат» атты жазба ақындар мүшәйрасы болып өтті.
Оған Сағыз, Жангелдин, Ойыл, Көздіғара, Жамбыл ауылдық округтерінен 13-17 жас аралығындағы жас ақындар қатысты. Мүшәйра екі бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімде қатысушылар ауған соғысы ардагерлеріне арналған арнау өлеңдерін оқыса, екінші бөлімде берілген тақырыпқа сай 15 минут ішінде өлең шығарып, оқуы тиіс.
Жас ақындардың алғашқы бөлімде оқыған өлеңдерінің қай-қайсысы да жаман болған жоқ. Жангелдиндік қатысушы Анара Боранбай өлеңін «Енді соғыс болмасын» деп түйіндесе, көздіғаралық Асылай Қалидолла өлең арқылы ауған соғысы, оған қатысқандар жайлы толықтай ақпарат беруге тырысты. Жамбылдық қатысушы Ақбілек Бақбергенқызы жат жерде сүйегі қалған жауынгерлерді «Өлмеген, мәңгі тірілер» деп сипаттады. Ал, сағыздық Аяулым Қамбарқызы өлеңінде ауған соғысының беймәлім қырларын жырлап, елеусіз қалған ерлердің ерлік істерін тілге тиек етті. Жас ақындардың нағыз сыналар шағы екінші бөлім болды. Қысқа уақыт ішінде өлең шығару тапсырмасын әр ақын шама-шарқынша орындап шықты.
Қазылар алқасының шешімімен екі бөлімде де отты жырларымен көзге түскен жамбылдық Ақбілек Бақбергенқызы бірінші орынға ие болса, екінші орынды сағыздық Аяулым Қамбарқызы жеңіп алды. Жангелдиндік Анара Боранбай үшінші орынды иеленді. Қалған қатысушылар алғыс хатпен марапатталды. Барлық ақынға дипломнан бөлек естелік сыйлықтар табысталды. Шара соңында қазылар алқасының төрайымы Гүлшара Сары жас ақындар әлі де шыңдалып, биік жетістіктерге жете беруіне тілектестік білдірді.
Дулат БЕРІКҰЛЫ