Қазіргі қоғамда кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу – аса маңызды әлеуметтік мәселелердің бірі болып табылады. Жасөспірімдік кезең – адамның тұлға ретінде қалыптасатын, мінезі мен өмірлік ұстанымдары айқындалатын жауапты уақыт. Осы кезеңде дұрыс тәрбие мен бағыт берілмесе, жасөспірімдер теріс әрекеттерге, құқықбұзушылыққа бейім болуы мүмкін.
Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың негізгі себептерінің бірі – отбасындағы тәрбиенің әлсіреуі, ата-ана тарапынан жеткілікті бақылаудың болмауы, сондай-ақ дұрыс емес орта мен теріс ықпал. Сондықтан баланың тәрбиесіне ең алдымен отбасы жауапты. Отбасындағы сыйластық, бір-біріне деген құрмет, үлкенге ізет, кішіге қамқорлық сияқты адамгершілік құндылықтар баланың санасында ерте жастан қалыптасуы тиіс. Сонымен қатар, жасөспірімдер арасында достық пен дұрыс қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру да маңызды. Нағыз достық – бірін-бірі қолдау, жаман әдеттерден сақтандыру, дұрыс жолға бағыттау. Құрдастар ортасындағы өзара түсіністік пен сыйластық құқықбұзушылықтың алдын алуда үлкен рөл атқарады. Құқықбұзушылықтың алдын алу шараларында мектеп, ата-ана және құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысы ерекше мәнге ие. Қорытындылай келе, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әрбір балаға дұрыс тәрбие беріп, мейірім мен қамқорлық танытсақ, болашақта саналы, заңға құрметпен қарайтын ұрпақ тәрбиелей аламыз.
Жаңылсын ОРАЗҒАЛИЕВА,
Миялы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы



