Қытай төрінде қарсыласын небәрі 13 секундта нокаутқа түсірген атыраулық полицей Елдар Отаралы елге жеңіспен оралды. Халықаралық турнирде топ жарған спортшыны Атырау облысы полиция департаментінің басшылығы мен әріптестері әуежайдан арнайы күтіп алып, құрмет көрсетті.
Атыраулық спортшы Бейжіңде өткен NAIZA Diamond Fight Night халықаралық турнирінде 61 келі салмақта ел намысын қорғады. Жекпе-жектің алғашқы секундтарынан-ақ басымдық танытып, қытайлық қарсыласын нокаутқа түсірген ол осылайша турнир жеңімпазы атанды.
Қызмет пен спортты қатар алып жүрген Елдар Отаралы үшін бұл табандылығы мен кәсіби дайындығын танытқан маңызды белестің бірі.
Елдар Отаралы – Атырау облысы полиция департаменті Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының инспекторы, полиция аға лейтенанты. Жеңімпазды департамент бастығының орынбасары, полиция полковнигі Руслан Ешманов бастаған әріптестері әуежайдан арнайы қарсы алды. Кездесу барысында спортшының жетістігі атап өтіліп, оған жылы лебіздер айтылды.
-Тәртіп сақшысының бұл жетістігі әріптестері үшін де зор мақтаныш. Полиция қызметі мен кәсіби спорт жоғары жауапкершілікті, төзімділік пен табандылықты талап етеді. Елдар Отаралы осы қасиеттерді қатар шыңдап, еңбегінің нәтижесін шаршы алаңда көрсетті,- деді Руслан Ешманов.
«Ер – елінің қорғаны» деген сөз бар халқымызда. Ел тыныштығын күзеткен қызметкердің спортта да көк туымызды биіктетуі ел абыройын асқақтататын жарқын жетістік.
Майра ЕРҒАЛИ






