Еліміздің саяси-әлеуметтік даму бағыты айқындалып, қоғамды алаңдатқан өзекті мәселелер кеңінен талқыланған Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев патриотизм деп жүріп мемлекеттік рәміздерді пайдалануға жеңіл-желпі қарауға болмайтынын жеткізді.
«Мемлекеттік рәміздерді пайдалануға жеңіл-желпі, салғырт қарауға болмайды. Заң талабы әрдайым орындалуға тиіс. Дегенмен, ең алдымен, заңның түпкі мәнін терең түсіну керек. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеп, оларды жөнімен пайдаланатын отаншыл азаматтарды барынша қолдау қажет» деген Президент жеке тұрғын үйлерде желбіреп тұрған Туды көргенде ерекше қуанатынын да жеткізді. Шындығында Қазақстанның аспанмен астасқан көк туын бүкіл әлем біледі. Еліміздің спортшылары жарқын жеңісімен, ғалымдары іргелі еңбегімен, өнерпаздары тамаша дарынымен Отанымызды жер жүзіне танытып жүр. Ендеше қашан да көк туымыз желбіреп, халқымыздың ынтымағы артып, ырысы молайып, бірлігіміз бекем бола бергей!
Мирамбай ШЕКІРТҚАЛИ,
ардагер өрт сөндіруші



