Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

АУҒАН АРДАГЕРЛЕРІ ОҚУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Жақында аудандық музейде Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай «Ауған соғысының ардагерлеріне тағзым» тақырыбында Ауған соғысының ардагерлері оқушылармен кездесті.

Жас ұрпаққа соғыс жайлы мәлімет беріп, батырларымыздың ерен еңбегін дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған шараға ауған соғысының ардагерлері Алпамыс Ақбатыров пен Абай Мұғалімов қатынасты. Оқушылар көкейінде жүрген сұрақтарына тұщымды жауап алып, батыр ағаларының отан алдындағы борышын өтеу кезіндегі қызық пен қиындыққа толы естеліктеріне қанық болды.

Шара барысында Миялы балалар өнер мектебінің оқушылары Айсұлтан Жолдасқалиұлы, Кәусар Төремұрат пен Жұлдыз Төремұрат ән айтып, күмбірлете күй тартса, Ы.Шөреков атындағы мектеп гимназиясының 9-10 сынып оқушылары АК-74 қаруын шашып, кері жинаудан және жалпы әскери қорғаныш толымын плаш түрінде киіп және 5,45 оқжатарын жинаудан шапшаңдықтарын көрсетті.

Бұдан бөлек, Б.Аманшин атындағы орта мектебінің оқушысы Қасиет Жеңісқызы мың бұрала билеп, талантын паш етті. Кеш соңында, музей басшысы Нұрбол Түгелбаев қонақтарға алғысын айтып, ауған ардагерлеріне естелік сыйлықтарын табыс етті. Сондай-ақ, өнер көрсеткен оқушылардың жетекшісі Миялы балалар өнер мектебінің директорының тәрбие ісінің орынбасары, вокал пәнінің мұғалімі Ләззат Тастаева, Ы.Шөреков атындағы мектеп гимназиясының алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Азамат Молдашев музей басшысының Алғыс хатымен марапатталды.

Ақнұр ДҮЙСЕНҒАЛИ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT