Қызылорда төрінде өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының негізгі көрсеткіштерін жариялап, қоғамдық санадағы оң өзгерістерге тоқталды.
Оның айтуынша жұмыла жұмыс жасағанның арқасында өткен жылды мол табыспен аяқтадық. Былтыр еліміздің экономикасы 6,5 пайызға өсіп, ішкі жалпы өнім 300 миллиард доллардан асты. Ал жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет 15 мың долларға жетті. Бұл – бүкіл Орталық Азия аймағындағы рекордтық көрсеткіш. Мұның өзі зор жетістік, жақсы нәтиже. Сонымен қатар, Ұлттық қордың валюталық активтері 5 миллиард долларға ұлғайса, алтын-валюта резервтері 65 миллиард доллардан асып, ең жоғары деңгейге жетті. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайызға жақындады. Халық саны 20,5 миллионға жуықтап, азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті. Бұл көрсеткіштердің барлығы жүргізіліп жатқан саясаттың тиімділігін айқын дәлелдейді, мұның өзі ел дамуының дұрыс бағытта екенін көрсететін маңызды жетістік. Ең бастысы қоғам сапалық тұрғыдан өзгерді. Жүргізіліп жатқан реформалар тұрақты сипатқа ие болып, халықтың сана-сезімінде түбегейлі бетбұрыс жасалды. Осы үдерісте Ұлттық құрылтайдың рөлі айрықша. Төрт жыл ішінде Құрылтай мүшелері ел өміріне тікелей ықпал ететін көптеген маңызды бастама көтерді. Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстардың негізінде 26 заң қабылданды. Мұның өзі Құрылтайдың ауқымды реформалардың негізгі қозғаушы күші болғанын, елдің стратегиялық дамуына нақты үлес қосып отырғанын айқын көрсетеді. Бұл – жүйелі жұмыстың, бірлік пен жауапкершіліктің нақты нәтижесі екендігі белгілі.
Бауыржан ДОСҚАЛИЕВ,
аудандық әкелер кеңесінің төрағасы



