Биыл Сыр елінде, киелі Қызылорда топырағында өткен Ұлттық құрылтайда ел болашағына қатысты өзекті мәселелер көтерілді. Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мүдде, жарқын болашақ хақында біраз толғамды ойларын ортаға салып, елімізде орын алатын өзгерістерді тілге тиек етті.
Әсіресе, халықаралық ахуал шиеленісіп тұрған заманда стратегиялық экономикалық серіктестерімізбен тиімді байланыс орнату туралы айтылған ойлары көңілімізден шықты. Президентіміз айтқандай, Қазақстанның экономикалық интеграцияны қолдай отырып, өз мүддесін бірінші кезекке қоюы – дер кезінде көтерілген мәселе. Биыл еліміз Еуразия экономикалық одағына төрағалық етеді. Осы орайда, ықпалдастықтың тиімділігін арттыру үшін барлық салаға жасанды интеллектіні енгізуге басымдық берілуі – заман талабы. Бізді, ауыл еңбеккерлерін, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласының жағдайы қатты алаңдатады. Кейде көршілес елдерден келетін субсидияланған өнімдердің кесірінен өзіміздің тағам өнеркәсібі өкілдері өндірісті азайтуға мәжбүр болып жатады. Бұл – азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін жағдай. Сондықтан интеграцияның әділ жүргізілуі, саудадағы кедергілер мен орынсыз протекционизмге қарсы күрес туралы ұстанымды толық қолдаймыз. Үкімет ұлт мүддесін қорғау үшін барынша белсенді жұмыс істеп, Қазақстанның ұстанымын дәйекті, кәсіби түрде қорғауы тиіс. Сонда ғана біздің экономикамыз халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті болады. Ұлттық құрылтайда осы мәселелер де сөз болып, көпшіліктің көкейіндегі дүниелер жан-жақты айтылды. Ендеше, ұлт мүддесін бәрінен биік қойған алқалы жиында айтылған ұсыныстар мен тапсырмалар уақытылы орындалып, оң өзгерістер орын ала берсін!
Мереке АЙЖАРЫҚОВ,
Ойыл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы



