Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Құлсарыда зейнеткерлер eGov қызметтерін пайдалануды және кибералаяқтардан қорғануды үйренуде

Құлсары қаласында «Жаңаша» қоғамдық қоры жүзеге асырып жатқан «Ешқашан кеш емес» жобасы аясында 50 жастан асқан тұрғындарға арналған «Бір терезе арқылы мүмкіндіктер және киберқауіптен сақтану» тақырыбында оқыту тренингі өтті.

Сабақ барысында тренер Мұратбек Қайыржанов қатысушыларға eGov mobile қосымшасының мүмкіндіктерін түсіндіріп, электронды цифрлық қолтаңба алу, құжаттарды онлайн рәсімдеу, өтініштер жолдау жолдарын көрсетті. Сондай-ақ электронды қолтаңбаны алаяқтардан қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды.

«Жаңаша» қоғамдық қорының жетекшісі Алтынай Серікбайдың айтуынша, мұндай сабақтардың басты мақсаты — егде жастағы адамдардың цифрлық ортада өздерін еркін әрі қауіпсіз сезінуіне жағдай жасау.

«Біздің мақсатымыз — тек электронды қызметтерді пайдалануды үйрету ғана емес, аға буын өкілдерінің цифрлық кеңістікте өздерін сенімді сезінуіне көмектесу. Олар мемлекеттік қызметтерді еш қиындықсыз алып, интернет-алаяқтардың құрбанына айналмауы тиіс», — деді Алтынай Серікбай.

Жоба қатысушылары сабақтардың практикалық пайдасы жоғары екенін атап өтті. Жобаға биыл қосылған Құлсары қаласының зейнеткері Галина Қожағұлова тренингтен алған әсерімен бөлісті:

«Үйден шықпай-ақ мемлекеттік қызметтерді телефондағы қосымша арқылы қалай алуға болатынын, сондай-ақ интернет-алаяқтардың құрбаны болмас үшін қандай сақтық шараларын қолдану керектігін үйрендік. Қазіргі заманда мұның бәрін білу өте маңызды».

Жоба командасы алдағы уақытта да бағдарламаға ең өзекті тақырыптарды енгізуді жоспарлап отыр. Ақпан айында егде жастағы тұрғындарға арналған компьютерлік сауаттылықты арттыру бойынша тренингтер өткізу көзделген.

«Ешқашан кеш емес» жобасы «Теңізшевройл» ЖШС-нің әлеуметтік инвестициялар бағдарламасының қолдауымен жүзеге асырылуда. Жоба аясында зейнеткерлер хореография, вокал, йога және ағылшын тілі үйірмелеріне тегін қатыса алады. Қазіргі таңда тұрақты үйірмелерге 100-ден астам адам қатысып, сонымен қатар ай сайын түрлі тақырыптағы шеберлік сабақтары мен тренингтер ұйымдастырылып келеді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT