Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ТӘРБИЕГЕ МӘН БЕРУ КЕРЕК

Таяуда аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау, оларға қарсы жасалатын қылмыстарды болдырмау мақсатында Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжінде кездесу өтті.

Аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Бауыржан Макеев, колледж директоры Шалқар Қасымов және студенттері қатысқан жиында аудандық полиция бөлімі Сағыз полиция бөлімшесі жергілікті полиция қызметі тобының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Алиса Дабысбаева Сағыз ауылдық округінде кәмелет жасына толмағандармен жасалған жұмысы туралы хабарлама жасады.

Оның айтуынша, округтегі үш орта мектеп пен бір колледж оқушылары арасында қылмыс пен құқық бұзушылықты болдырмау мақсатында «Өз құқығымыз – өз міндетіміз», «Бала тәрбиесіне байыппен қарайық», «Қыз тәрбиесі – қоғам тәрбиесі»,  тақырыптарында, зорлық-зомбылық, ерте жастағы жүктілік, өрт қауіпсіздігінің алдын алуға бағытталған, сондай-ақ зиянды әдеттерден аулақ болу, яғни электронды темекі өнімдерін қолданбау, кәмелеттік жасқа толмағандардың түнгі ойын-сауық орындарында болмауы туралы учаскелік полиция инспекторларымен барлығы 57 кездесу өткізіліп, түсінік жұмыстары жүргізілді. Жыл сайын оқушылар жазғы демалысқа шыққанда жасөспірімдердің тәртібін қадағалайтын құқық қорғау органы қызметкерлерінің жұмысы еселене түседі. Тәртіп сақшылары қанша жерден жұмыс жасағанмен жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту күн тәртібінен түспей тұр. Өйткені, каникул кезінде жасөспірімдердің қолымен жасалған қылмыстар мен құқық бұзушылықтар көбірек тіркеледі. Әсіресе оқушылардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз  көшеде немесе мейрамханаларда жүруі жиі кездеседі. Бұл ретте, кәмелеттік жасқа толмағандарды  беймезгіл уақытта заңды өкілінсіз  ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген жеке кәсіпкерлер Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 132-бабының 1 бөлігі бойынша, ал заңды өкілдері аталмыш кодекстің 442-бабының 1 бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны айтылып та баспасөз беттерінде жазылып та жүр. Алайда, округ бойынша балаларын түнгі мезгілде көшеге жібергені үшін екі ата-ана және мотоцикл жүргізген бес жасөспірім жауапкершілікке тартылса, 18 жасқа толмай автокөлік жүргізген бір мектеп бітіруші түлек полиция қызметкерлерімен тоқтатылып, аталмыш кодекстің 612-бабының 2 бөлігіне сай әкімшілік хаттама жасақталып, айыппұл салынды. 

Кездесуде оқушыларға құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында түсірілген бейнебаян көрсетіліп,  мұғалімдер мен оқушылар өз пікірлерін білдірді. Жиынды қорытындылаған аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Бауыржан Макеев:

– Көптеген ата-ана балалардың заңды өкілінсіз түнде көшеде жүруге заң жүзінде рұқсат жоқ екендігін  білмейтінін айтып ақталады. Жалпы, заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайтынын барлық ата-ана білуі тиіс. Әр ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне аса мән беріп, бос уақыттарында немен айналысатынына қатаң бақылау жасап отырса ешқандай жаупкершілікке тартылмайды, әрі жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың төмендеуіне септігін тигізері анық, - деді.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521