Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

ҚҰРЫЛЫС САПАСЫН АРТТЫРУ МАҢЫЗДЫ

сурет ғаламтордан алынды

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында жариялаған Қазақстан халқына Жолдауында инвестиция тарту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту өңдеу өнеркәсібін, ауыл шаруашылығын, көлік-логистиканы, адам капиталын және кәсіпкерлікті дамыту секілді жеті бағытқа басымдық берді.

«Былтыр 19 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Сонымен бірге құрылыс сапасын арттыру үшін жасанды интеллект технологияларының (Building Information Modeling, BIM) көмегімен ғимараттарды ақпараттық модельдеу әдісін кеңінен қолдану керек. Ал жаңа Құрылыс кодексі осы саланың қауіпсіз әрі ашық болуына және тұрақты дамуына жол ашатын берік заңнамалық негізге айналуға тиіс. Депутаттардың бұл жұмысқа атсалысуын сұраймын» деген Мемлекет басшысы соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан тұрғын үй құрылысы саласына айрықша назар аудару қажет екендігін атап өтті. Аудан тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету бағытында ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Бұл туралы аудан әкімі округ тұрғындарымен кездескенде нақты айтып келеді. Мәселен 2022 жылы 14 үй пайдалануға берілсе, 2023 жылы 83 отбасы қоныс тойын тойлап, 2024 жылы 84 тұрғын баспаналы болды. Өткен жылы 150 отбасын баспанамен қамту жоспарланып, жыл аяғына дейін 96 отбасы баспаналы болды. Соның ішінде Миялы ауылынан үш қабатты 60 пәтер беріліп, тұрғындар қуанышқа кенелді. Қазіргі таңда тұрғын үй «Отбасы банк» арқылы берілетін болғандықтан, қалған тұрғындарды баспанамен қамту кешеуілдеп жатыр. Жалпы ауданда азаматтарды тұрғын үй кезегіне тіркеу алты санат бойынша жүзеге асырылуда. Сонымен қатар Миялы ауылынан инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым (газ, су, электр желісі) жүргізілген 276 жер телімі, Сағыз ауылынан 225 жер телімі, Жасқайрат ауылынан 102 жер телімі толығымен берілсе, Қоныстану ауылындағы 80 жер телімі инфрақұрылымы қабылданғаннан кейін беріледі. Жалпы Президент Жолдауында қойылған міндеттер еліміздің технологиялық әлеуетін арттыруға, инновациялық экономиканы қалыптастыруға және азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Сондықтан Жолдаудағы бастамаларды жүзеге асыру – барша қоғамның ортақ міндеті.

Бақтияр НҰРМҰХАНОВ,

құрылыс саласының ардагері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT