Таяуда Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қолдауымен, облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы, Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Жыл кәсіпкері – 2018» облыстық байқауы қорытындыланды.
Оған жеке кәсіпкерлермен бірге шағын және орта бизнес жетекшілері қатысты. Сол байқауда аудандағы кәсіпкерлер де марапатқа ие болып, аудан мерейін үстем етіп оралды. Айталық, халық денсаулығының жақсаруына сүбелі үлесін қосып келе жатқан жеке кәсіпкер Саламат Есқайыров «Сәтті старт» номинациясының лауреаты атағына ие болса, халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген «Керуен» сауда орталығының басшысы Октябрь Нұрадинов «Қызмет саласының үздігі» номинациясының лауреаты атанды. Ал, миялылық жеке кәсіпкер Айжан Ізімова «Үздік кәсіпкер әйел» атағына лайық деп танылды. Ендеше, абыройларың асқақтай берсін, кәсіпкерлер! – деген тілек айтамыз.
Өз тілшіміз.