Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан аудан әкімінің шыршасы биыл да ұйымдастырылып, шараға аудандағы он бес орта мектептен ата-ана қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларымен бірге оқуда жетістікке жетіп жүрген оқушылар шақырылды.
Миялыдағы «Ақсайын» мейрамханасында балаларға дастархан жайылып, әдемі кеш өтті. Мерекелік шараның шымылдығы «Ойыл аруы» кіші бишілер тобының биімен ашылып, ортаға шығып құттықтау тілегін білдірген аудан әкімі Қанат Әзмұханов:
– Қымбатты балалар! Тәуелсіз еліміздің барлық жетістігі мен мақсат-мұраты сендердің жарқын болашақтарыңа арналады. Сондықтан да, бүгінгі шыршаға қандай әсем киініп келсеңіздер, жаңа жылда жүздерің жарқын болып, ата-аналарың мен ұстаздарыңды қуантып, әдемі болып жүре беріңдер! Кіршіксіз көңілден туған балғын армандарың алда да орындала берсін. Қашанда білім мен ізденіске, игілік пен ізгілікке құлшынып, жігерлі де шымыр болып өсе беріңдер! Жаңа жыл сендерге бақыт, шаттық, оқуда жетістіктер әкелсін! Дендерің сау, ойларың озық, зерделерің оң болып, баршамызды қуантып өсе беріңдер! Жаңа жыл құтты болсын! - деді.
Мерекелік шара одан әрі «Арман» мәдениет үйі ұжымы дайындаған бағдарлама аясында өрбіді. Ортаға Мыстан кемпір шығып жыл басына ілікпей қалғандығына ренішін білдіріп, шыршаның шырқын бұзуды ойлайды. Ал оның бұл ойын құптамаған балалар оған қарсылығын білдіреді. Осы сәтте қоянды көрген мыстан кемпір оны ұрлап кетеді де, оны жіберуін өтінген балаларға жұмбақ жасырып, кешті одан әрі қызықты өткізуге атсалысады. Ән мен биден өрілген көңілді кешке ақша қарды ертіп ортаға келген Аяз ата балалармен амандасып, жаңа жылда жаңа табысқа жетулеріне, оқуда озат болуға тілектестігін білдірді. Бүлдіршіндер Аяз ата, Ақшақармен бірге шыршаны айнала би билеп, кештің көркін қыздырды. Шара барысында, оқушылар жылан жылымен қимай қоштасып, Жаңа жылқы жылын қуанышпен қарсы алды. Кеш соңында шыршаға қатысқан бүлдіршіндерге аудан әкімі атынан тәттілер толы қорапшалар таратылды. Одан бөлек, ата-ана қамқорлығынсыз қалған жеті балаға қаржылай сыйлық табысталды. Сөйтіп, балаларға қуаныш сыйлаған аудан әкімінің шыршасы әсем ән, ырғақты би мен өріліп, шырша жанында естелік суретке түсумен тәмамдалды.
Гүлмира МАҚСОТ



