Әлеуметтік ғылымдарда ойын құмарлықты лудомания деп атайды екен. Ал, құмар ойынның шырмауына түскендер лудомандар деп аталады. Сонымен қатар дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ойынқұмарлықты ресми түрде ауру деп таныған.
Әлемнің дамыған елдері бұл мәселеге дерт есебінде қарап, оның емдеу жолдарын қарастырып жатқанымен елімізде лудоманияға ешқандай әлеуметтік статус берілмеген. Мысалы, құзырлы органдар мен медициналық ұйымдар алкогольге және наркологиялық заттарға тәуелділерді, бұрын қылмыс жасағандарды, отбасына тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсететіндерді, жат ағымда жүргендерді бәрін-бәрін тіркеп, есепке алғанымен тап осы ойынқұмарларды ешкім тізімге алмайды. Яғни, лудомандардың құмда ізі, сайда саны жоқ. Міне, осындай мемлекет тарапынан «сұрауы жоқ» адамдарды онлайн казинолар мен букмекерлік кеңселер шыр айналдырып, әбден тақырға отырғызуда. Ойынқұмарлар мемлекет тарапынан тізімге алынбаса да ел ішінде кімнің қандай ойын ойнайтындығын лудоманның туыстары мен достары анық біледі. Алайда, осы ойынқұмарлықтан зардап шеккендер құзырлы органдарға келгенде нақты себебін айта бермейді. Интернет беттеріндегі ашық дереккөздерде елімізде құмар ойын ойнайтындар саны 350 мыңнан асты деген мәлімет жүр. Бұл онлайн казинолар мен бәс тігетін кеңселерде аккаунт ашып, тіркелгендер санынан шыққан деген дерек. Әрине, мұның өзі аз емес. Ал, аккаунт ашып тіркелмей ойнап жатқандар саны қанша? Яғни, жоғарыда айтқандай ойынқұмарлық нақты бақылауға алынбағандықтан оны ойнайтындар саны, одан келіп жатқан зиян мөлшері, лудомандарды емдеу сынды мәселелер басы ашық күйінде қалып отыр.
Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН



