Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

ШАЛҚАРБАЙДЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШІ

Таяуда «Арман» мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, ауданның Құрметті азаматы, айтыскер ақын Шалқарбай Ізбасаровтың «Ауылдан Алматыға дейін...» атты шығармашылық кеші өтті.

Оған аудан басшылары, алыс-жақыннан келген ақынның сыйлас аға-інілері мен аудан тұрғындары қатысты. Шығармашылық кеш ақын жайлы деректі фильммен басталып, артынша ақынның өзі сахнаға шығып, жерлестеріне тілегін арнаумен жеткізді. Бұдан соң шара кеш жүргізушісі мен ақын арасында өнер, шығармашылық бағыттағы сыр-сұхбатпен жалғасын тапты. Сұхбат барысында ақын студенттік шақтағы өлең-жырға қатысты қызықты оқиғалары мен өнер жолында бағындырған белестер жайлы әңгімеледі. Артынша кеш иесі туған жер, әке-ана тақырыбындағы жазба жырларыннан өлең оқып, поэзия бағытына да қалам тербеп жүргендігін дәлелдеді. Кеш барысында, аудан әкімі Қанат Әзмұханов сахнаға көтеріліп, жерлес ақынға шығармашылық табыс тілеп, аудан халқы атынан иығына шапан жауып, ат мінгізсе, ауданның Құрметті азаматы, ақын, сазгер әрі кеш иесінің нағашысы Қалидолла Ізекен жиеніне арнап жырдан шашу шашты. Сол сияқты тайсойғандықтар атынан сөз алған ауыл ақсақалы Зұлқожа Өтепұлы да ауылдастарының аманаты есебінде ақынға ат мінгізіп, шапан жапты. Игі тілектерін арқалап келгендер арасынан Шалқарбайдың ақын ағалары, кештің құрметті қонақтары Мүтиғолла Ғани мен Шынарбек Қабиев те құттықтау сөз сөйлеп, естелік сыйлықтар табыс етті. Сырлы сұхбат, әдемі тілекпен өрілген кеште ақынның сөзіне жазылған әсем әндер мен жыр-толғаулардан да шашу шашылды. Атап айтқанда «Шұғыла» мәдениет үйінің басшысы Ғибадат Тұрғали кеш иесінің «Тіл туралы толғауын» орындаса, осы кешке Орал қаласынан арнайы келген ақын, сазгер Әділ Ахметов Шалқарбай шайырдың сөзіне жазылған «Алыста қалған ару қыз», «Сары қыз» әндерін нақышына келтіре шырқады. Сонымен қатар, шара барысында осы кешке құрметті қонақ болып келген ақын, сазгер Аян Сейітов пен ақын Ершат Қайболдин өздерінің шығармашылығындағы әннен шашу шашып, жалынды жырларын оқыды. Шара кешке арнайы келген оралдық Талғат Мықи мен Әділ Ахметов, ақтөбелік Нұрбол Жауынбаев және жерлесіміз Әнуарбек Садықтардың қатысуымен «Құлмамбет айтыспен» түйінделді. Айтыс барысында ақындар өзара әзіл-қалжыңмен қағысып, кеш иесіне де өлең-жырларын арнады. Осылайша екі сағатқа созылған кеш өз мәресіне жетіп, аудан халқы ән мен жырдан шабыт алып тарқасты.

 Өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT