Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті Жылыой ауданына қатысты 2025 жылдың екінші жартыжылдығында жүргізілген камералдық бақылаудың қорытындысын жариялады.
Тексеру 2025 жылғы 1 шілде мен 30 қараша аралығын қамтыған. Аталған кезеңде мемлекеттік сатып алу талаптарының сақталмауына байланысты жалпы сомасы 673,3 млн теңгені құрайтын заңбұзушылықтарды жою жөнінде 67 хабарлама жолданған. Бұл деректер бюджет қаражатын игеру барысында бірқатар жүйелі кемшіліктердің бар екенін көрсетеді. Аудит қорытындысына сәйкес, ереже бұзушылықтар көбіне баға ұсыныстарын сұрату (БҰС) тәсілімен өткізілген сатып алуларда анықталған. Аталған тәсіл бойынша 42 хабарлама тіркеліп, бұзушылықтардың жалпы сомасы 329 млн теңгені құрады. Бұл жалпы анықталған көлемнің 48,87 пайызын құрайды. Сонымен қатар, бір көзден алу (шартты тікелей жасасу) тәсілімен жүргізілген сатып алулар қаржылық көлемі жағынан антирейтингтің алдыңғы қатарынан көрінді. Бұл тәсіл бойынша 15 хабарлама жолданып, анықталған заңбұзушылықтардың сомасы 342,6 млн теңгеге жеткен. Аталған көрсеткіш жалпы соманың 50,89 пайызын құрайды. Ішкі мемлекеттік аудит департаменті анықталған кемшіліктерді жою, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру мақсатында тиісті шаралар қабылданып жатқанын хабарлады.
Өз тілшіміз



