Атырауда Жаңа жыл мерекесі қарсаңында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Сауда нүктелеріндегі мониторингке Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев қатысты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады. Көшпелі мониторинг барысында “Дина” “Сарайшық” сауда орталықтары және “Marco” гипермаркетіндегі бағалар сараланып, кәсіпкерлермен және сауда желілерінің өкілдерімен кездесулер өтті. Оларға заңнама талаптары мен бағаны негізсіз көтерген жағдайдағы жауапкершілік жөнінде түсіндірілді. -Мереке кезінде тұтынушылардың сұранысы арта түседі, осындай уақытта халық мүддесін қорғауға басымдық береміз. Бағаны негізсіз өсіруге болмайды. Бұған қатысты мәселелерді бақылауда ұстап отырмыз. Тәртіп бұзылатын болса, қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылданады, — деді Ж. Бисембиев. Мониторинг қорытындысы бойынша тексерілген сауда нысандарындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы белгіленген шекті деңгейден аспайтыны анықталды. Бұл бағыттағы жұмыстар жоспарлы түрде жалғасады.



