«Қуантсаң – баланы қуант, берсең – балаға бер!» дегендей, бүгін Миялы ауылындағы жаңадан ашылған саябақта ауылішілік жолаушы тасымалымен айналысатын «Тазалық» жеке кәсіпкерлігі ұжымы балаларға арнап жаңажылдық мерекелік іс-шара ұйымдастырды.
Мұндағы мақсат – Жаңа жыл қарсаңында балаларға қолдау көрсетіп, мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлау. Саябақ ортасындағы шырша маңына жиналған балаларды құттықтаған жеке кәсіпкер Қанат Қожахметов:
– Жаңа жыл қарсаңында кез келген бала Аяз атаның сыйлығын күтетіні рас. Сондықтан бүгінгі шара балаларға арналады. Жаңа жылда барлық арман – мақсаттарыңыз орындалып, өмірлеріңіз тек қуанышқа толы болсын! Әрқашан білімде, спортта, өнерде үздік болуға талпынып, алға ұмтылыңыздар. Жаңа жыл мерекесі құтты болсын! – деді.
Шыршаны айнала ойнаған балалар Аяз ата мен Ақшақар келген соң өз өнерлерін көрсетіп сыйлықтарын алып, түрлі ойындар ойнады. Осылайша қойны-қонышы тәттіге толған олардың жүздері балбұл жанды. Балаларының қуанышты жүздерін көрген ата-аналар шара ұйымдастырушыларына шынайы алғыстарын білдірді. «Тазалық» жеке кәсіпкерлігі мұнымен шектелмей екі күн, яғни 31 желтоқсан мен 1 қаңтар күндері жолаушы тасымалын тегін жүргізеді. «Мұндай қайырымдылық шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады» дейді ұйымдастырушылар.
Бауыржан ОҚАСҰЛЫ



