Жаңа жыл қарсаңында Атырау қаласындағы “Жұлдыз-3” шағынауданында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 900 орынды заманауи мектеп пайдалануға берілді. Осылайша өңірдегі білім беру мекемелерінің қатары тағы бір жаңа білім ордасымен толықты.
Білім ошағында алдағы уақытта мыңдаған оқушы сапалы білім мен саналы тәрбие алмақ. Мектептің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев құттықтау сөз сөйлеп, жаңа білім ордасының өңір үшін маңызын атап өтті. Білім ошағында алдағы уақытта мыңдаған оқушы сапалы білім мен саналы тәрбие алмақ. Мектептің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев құттықтау сөз сөйлеп, жаңа білім ордасының өңір үшін маңызын атап өтті.
– Ашылып отырған бұл білім ордасы заманауи үлгідегі, барлық қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Әсіресе ата-аналардың қуанышы ерекше деп ойлаймыз. Себебі бұған дейін балаларымыз қаланың орталығына тасымалданып оқитын болса, енді өз үйлерінің маңында білім алуына толық мүмкіндік туды. Осы мектепте білім алған жас ұрпақ ел үшін қызмет ететін, Отанын сүйетін, рухы биік, тәрбиелі азамат болып қалыптасады деген сенімдеміз. Осы игі істің жүзеге асуына атсалысқан компания басшылығына, мердігер мекемелерге, сондай-ақ құрылысты уақытында әрі сапалы аяқтаған барша құрылысшыларға шынайы алғысымызды білдіреміз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, баршаңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Осындай жетістіктердің барлығы – егемен еліміздің арқасы. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, көк Туымыз әрдайым биікте желбірей берсін! Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын! Осындай қуанышты сәттерде жиі жүздесуді нәсіп етсін, — деді әкім орынбасары.
Салтанатты іс-шара барысында мердігер компания «JM capital» ЖШС өкілі Еркінбек Әшімұлы мектеп ғимаратының символикалық кілтін мектеп директоры Гүлмира Қалиеваға табыстады. Жаңа мектептің тұсаукесер рәсімі Білім саласының үздігі, ардагер ұстаз Ғаділжан Кереев мен Оқу ісінің үздігі, ардагер ұстаз Вера Миденоваға сеніп тапсырылды. Сондай-ақ Білім саласының үздігі, ардагер ұстаз Ғаділжан Кереев сөз алды.
– Бүгін біз «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған еңселі де заманауи білім ордасының ашылу салтанатына куә болып отырмыз. Бұл жоба бойынша облыста сапалы, кең, жарық ғимараттар салынып жатыр. Соңғы төрт-бес жылдың ішінде облыста он бес-жиырмаға жуық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұрынғы кезеңдерде мұндай ауқымды, жүйелі түрде мектеп салу ісі болмағанын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Мемлекеттің қолдауымен қосымша білім беру орталықтары, музыка мектептері, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері ашылып, жас ұрпақтың жан-жақты дамуына кең мүмкіндік берілуде. Бұған біз, ұстаздар қауымы, шын мәнінде қуанамыз. Алдағы уақытта да осындай іргелі білім ордалары көбейе берсін. Бұл мектептерде оқып жатқан балалар елдің ертеңі, мемлекеттің болашағы. Олар сапалы білім алып, саналы азамат болып өсіп, елімізге адал қызмет етеді деп сенеміз. Баршаңызға амандық, ашылып жатқан мектепке береке, ал шәкірттерге биік мақсат пен жарқын болашақ тілеймін, — деді ардагер ұстаз.
Іс-шарадан кейін қонақтар мектеп ішін аралап, оқу сыныптары мен кабинеттердің жұмысымен танысты. Мектептің материалдық-техникалық базасы және оқу-тәрбие үдерісі туралы Атырау қалалық білім бөлімі басшысы Айнагүл Дүйсекенова жан-жақты мәлімет берді. Жаңа білім ордасы қаладағы оқушы орындарының тапшылығын азайтып, сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Жаңа мектеп мектепке дейінгі, бастауыш және орта білім беру бағытында жұмыс істейді. Ғимарат үш қабатты, онда 25 сынып қарастырылған.
Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ



