Жақында әлеуметтік сала қызметкерлерінің мерекесіне орай, мамандар арасында Миялы спорт кешенінде волейбол мен дойбыдан спорттық сайыстар ұйымдастырылды.
Жарыстың ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Арман Баженов:
– Бүгінгі мерекені тек кәсіби мереке деп қарамай мейірім мен шапағат мейрамы деп атауға да болады. Өйткені, сіздер табысы аз, көпбалалы отбасыларға, мүгедектер мен зейнеткерлерге және мұқтаж азаматтарға әрдайым көмек көрсетесіздер. Сондықтан, Сіздердің тер төге жасап жатқан еңбектеріңізге табыс тілеймін. Ал, бүгінгі додаға қатысушылаарға жеңіс тілеймін, - деді.
«Қайсар», «Жігер», «Намыс» және «Тұлпар» командаларына бөлініп, бақтарын сынаған әлеуметтік сала қызметкерлері жарыстың көркін қыздырды. Нәтижесінде, ақтық сында «Қайсар» командасын айқын басымдылықпен (25:16, 25:22) ұтқан «Тұлпар» (Е.Ізімов, Т.Нұрышева, А.Сәрсенова, М.Марат, Ж.Жанболат) командасы бірінші орынды иеленді. Ал, «Намыс» командасынан басым түскен «Жігер» командасы үшінші орынды еншіледі.
Сегіз ойыншы қатысқан дойбы жарысынан бірінші орынды аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Гүлмира Өтеуғалиева жеңіп алса, жартылай күндізгі стационарлық үлгідегі ұйымының күндіз болу бөлімшесінің директоры Гаухар Қанашева екінші орынды иеленді. Үшінші орын аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің маманы Гүлзира Жұмалиеваға бұйырды.
Жарыс соңында аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы медальдар мен алғыс хат табыс етті. Сондай-ақ, шара барысында бір топ сала қызметкерлері облыс, аудан, «Nur Оtаn» партиясы аудандық филиал төрағасының, аудандық мәслихат хатшысының алғыс хатына ие болды. Одан әрі мерекелік дастарқанға ұласқан шарада аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Болат Салықов, жұмыспен қамту орталығының директоры Нұрлан Бекешов, аудандық зейнетақы бөлімшесінің басшысы Жанар Асанғалиевалар сөз сөйлеп, әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ