Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жақсылығы мол – «Жүрекке жол»

Біздің «Жүрекке жол» еріктілер тобы 2015 жылы құрылды.

Алғашында аудандағы 5-6 белсенді жас болып бір баланың еміне қаржы жинау үшін бас қостық. Сол жерде ақылдаса отырып, қаржы табу мақсатында жәрмеңке ұйымдастыру идеясы ортаға тасталды. Әрине, ол үшін бізге жастарды көптеп тарту қажет болды. Сөйтіп, жаңағы айтқан 5-6 жас өз достарымызды жанымызға тарттық. Осылайша жастар саны артып, жәрмеңкені де белсенділікпен өткіздік. Алғашқы жұмысымыз сәтті болғасын осындай іс-шараларды көбейту туралы бастама көтерілді. Сол мақсатта «Жүрекке жол» еріктілер тобы құрылды. Топты құрған сәттен бастап өзіміздің мақсатымызды айқындап, жоспарымызды құрдық. Тобымыздың ұйымдастырушысы, қаржыға жауапты есепшісі, әлеуметтік желіге жариялаушысы, топтың белгісі мен жарнамасына жасап отыратын дизайнері болды. Барлық жауапты адамдар бекітілгеннен кейін іс-шараларды қолға алдық.

Ең бірінші жүзеге асырған жобамыз «Тегін такси» акциясы болды. Бұл акция ауданымызда әр жұма сайын өткізіліп тұрды. Акция барысында ауылдағы көлігі бар ерікті азаматтардың тізімін жасап, әрқайсысына жеке-жеке жолығып шықтық. Алғашқы акцияда алты азамат қана тегін такси болуға келісті. Олар көшеге шықпас бұрын топ мүшелері көліктерін безендіріп, «Тегін такси» деген арнайы белгісін орнатты. Артынша көшеде жүрген тегін таксилерді көрген өзге азаматтар «Біз де қатысамыз» деп өз еріктерімен келе бастады. Осылайша, алты көлікпен басталған акциямыз кешкі уақытта 10-12 көлікпен аяқталды. Біз бұл акцияны ораза айт, құрбан айт, 8 наурыз халықаралық әйелдер күні сынды мерекелерде де өткізіп жүрдік. Бір қуанарлығы «Тегін такси» акциясын әлеуметтік желіден көрген өзге аудандар да осы шараны қолға алып, өздерінде өткізе бастады.

Осылайша, аудан орталығында басталған жобамыз облыс көлемінде танымал болды. Сонымен қатар, «Жүрекке жол» еріктілер тобы «Тегін таксиден» бөлек «Сіз көрмеген концерт», «Қайтарымы мол қайырлы іс», «Тегін нан», рамазан айында «Ауызашар» сияқты іс-шараларды да ұйымдастырды. Миялыдан басталған бұл жобаларды сағыздық ерікті жастар да қолдап, өз ауылдарында «Жүрекке жолдың» филиалын құрды. Бір өкініштісі, 2015-2017 жылдары белсенді жұмыс жасаған тобымыз соңғы екі жылда қарқынын бәсеңдетіп алды. Биылғы жылды еріктілер жылы деп жатыр ғой. Бұйырса, «Жүрекке жол» еріктілер тобын жаңғыртып, тың бастамаларды жүзеге асырғымыз келеді. Осы мақсатта жұмылатын жастар болса мәрһаббат. Тобымызға қуана қосамыз.

Алтынай ЖҰМАБАЕВА,

«Жүрекке жол» еріктілер тобының белсендісі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT