Х.Досмұхамедовтың туғанына 140 жыл толуына орай, аудандық білімі және мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімдерінің ұйымдастыруымен «Алаш ғалымы – Халел» атты жазба ақындардың аудандық мүшәйрасы өтті. Жас ақындардың жыр додасына он үш үміткер қатысып, екі кезең бойынша бақ сынады.
Мүшәйра басталмас бұрын «Халел тағдыры» атты Х.Досмұхамедов атындағы орта мектептің 11-сынып оқушылары (тәлімгері Шырынгүл Тәжіғалиева) көрініс қойды. Үміткерлер өз дәуірінде қазақ елінің рухани дамуына өлшеусіз үлес қосқан дара тұлғаның азаматтық келбетін, қайсар рухын, ел жандылығын орамды ой, кестелі сөзбен көпке жеткізді. Алғашқы кезеңде қатысушылар қоғам қайраткеріне арнаған жыр шумақтарын оқыса, келесі кезеңде сол жерден өлең шығарып ұтымды ұйқаспен орамды ой айта білді.
Нәтижесінде, Ы.Шөреков атындағы мектеп гимназиясының оқушысы Аят Сағынай бірінші орынды иемденсе, екінші орынды Ахат Сәбитұлы /Сағыз о.м/ мен Әділ Мырзасиық /Қарабау о.м/ еншіледі. Ал, үшінші орынды Жаңашаруа орта мектебінің оқшылары Мөлдір Аманғали, Дильяра Аманбайқызы, Аружан Қапандар /Х.Досмұхамедұлы о.м/ өзара бөлісті. Жеңімпаз-жүлдегерлер ұйымдастырушылар атынан диплом және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Гүлмира МАҚСОТҚЫЗЫ