Кеше Миялы спорт кешенінде аудан әкімдігінің қолдауымен, «Қызылқоға» газетінің 70 жылдығы аясында, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Т.Амандосов атындағы сыйлықтың иегері, газеттің 2000-2011 жылдардағы бас редакторы, аудандық ІІІ шақырылым депутаты Лес Жолдиевті еске алуға арналған дәстүрлі волейболдан журналистер арасындағы облыстық ашық турнир өтті.
Биылғы турнирдің ерекшелігі сол, жарыс тек қана облыстағы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің арасында өткізілді.
Әнұранмен басталған шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Жарас Есенғалиев, аудандық мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали, «Атырау-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Дәурен Мақым, "Қазақстан-Атырау" телеарнасының директоры Гүлвира Бекқұлиева, аудандық мәслихат депутаттары, газет ардагерлері, марқұмның тай құлындай бірге өскен құрдастары мен ағайын-туыстары қатысты.
– Марқұм Лес ағай еңбегін адал атқарған асыл азамат еді. Оның халқына, еліне деген сүйіспеншілігі, қызметіне деген адалдығы шексіз болды, - деп еске алған аудан әкімінің міндетін атқарушы Жарас Есенғалиев аудан айнасы болып келе жатқан «Қызылқоға» газеті әркез елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып келе жатқандығын атап өтті. Сонымен қатар, ұзақ жыл әріптес болған ардагер журналист Жолдас Жанқуат, аудандық мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали, «Атырау-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Дәурен Мақым, марқұмның апасы Жұман марқұм Лес Жолдиевтің жүріп өткен жолынан сыр шертіп, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.
Турнирге облыстағы бұқаралық ақпарат саласында еңбек етіп жүрген тілшілер мен қызметкерлерден, баспасөз хатшылары мен бас редакторлардан құралған "Атырау-Ақпарат", "Қазақстан-Атырау", "Тауман", "Баспахана", "Аудандар құрамасы", "Қызылқоға" командалары қатысып, шаршы алаңды тартысты бәсекеге айналдырды.
Нәтижесінде, бірінші орынды "Қызылқоға" командасының волейболшылары жеңіп алса, екінші орынға "Қазақстан-Атырау" командасы ие болды. Ал, "Тауман" командасы үшінші орынды иеленді. Жарыста үздік ойын өрнегін көрсеткен "Аудандар құрамасы" командасы Жанай Амантурлин мен "Атырау-Ақпарат" командасының ойыншысы Әсел Амирова "Үздік ойыншы" атанса, "Баспахана" командасының ойыншысы Жайнагүл Ғалымова ынталандыру сыйлығына ие болды.
Жеңімпаз-жүлдегерлерге аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімі тарапынан диплом, медальдар, аталмыш бөлім, Лес Жолдиевтің ұрпақтары, бала күнінен бірге өскен құрдастары, аудандық мәслихат депутаттарының демеуші болуымен қаржылай сыйлықтар табыс етілді.
Кәмшат ӘБІШ