Бүгінде ауданымыздағы білім беру ұйымдарында қоғамдық қорлар ашылуда.
Қоғамдық қор дегеніміз – азаматтар мен заңды тұлғалардың ерікті мүліктік жарналар негізінде құрған, әлеуметтік, қайырымдылық, мәдени, білім беру және өзге де қоғамдық пайдалы мақсаттарды көздейтін мүшелігі жоқ коммерциялық емес ұйым. Қордың негізгі мақсаты – білім беру ұйымдарының дамуына және оқушылардың қызығушылығы мен құқықтарын қорғауға бағытталған қайырымдылық істер жасау.
Қоғамдық қордың негізгі міндеттеріне оқу-тәрбие үдерісіндегі барлық қатысушылардың ортақ іс-әрекеттеріне жағымды жағдай туғызу, оқушылардың қабілеттерін, шығармашылық, зияткерлік, рухани әлеуетін дамыту, жетім балаларға, толық қамтамасыз етілмеген балаларға қамқорлық жасау, оқу-тәрбие үдерісін жетілдіру бойынша жұмысқа көмек пен қосымша білім беру, оқушылардың қызығушылығы мен құқығын қорғау, салауатты өмір салтын қалыптастыру, мектептің материалдық-техникалық базасын қамтамасыз ету жатады. Сондай-ақ, қоғамдық қордың қызметіне – мектеп қызметкерлерінің еңбегін төлеу, қордың ынталандыратын бөлігін бөлу, материалдық-техникалық, қаржылық, құқықтық, ғылыми жағынан мектептің даму бағдарламасын қамтамасыз ету, оқушыларға оқуда, зияткерлік және шығармашылық жарыстарда ерекше жетістіктері үшін сыйақы тағайындау сияқты жұмыстар кіреді.
Бақтыгүл НҰҒМАНОВА,
аудандық білім бөлімінің бас маманы.