Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Құмар ойынды қалай тиямыз?

Таяуда көптен бері бас сұқпаған көрші қарт ата-әженің үйіне барған болатынмын.

Үйге кіргеннен-ақ, күңгірт тартқан қараңғы бөлмеде үнсіз отырған ата-әжені көрдім. Көздерінде мұң, жүздері солған қарттардың жағдайлары жасалмағалы да көп болған сыңайлы. Амандық білісіп, жөн сұрасқаннан кейін өздерін бағып отырған ұлдарының бір кірсе шыға алмайтын құмар ойындарына басыбайлы кіріп кеткенін айтты. Соның кесірінен немерелерін ертіп келіні де төркініне кеткен. Бұрындары құмар ойындарын теледидардан ғана естіп, оның қиындығына аса мән бермейтінбіз. Мұндай ауыр кеселден ауыл жұртшылығы мүлдем ада еді. Алайда, бүгінде ондай қиын жағдай ауыл тұрғындарының екінің бірінің басынан өтіп жатыр. Оған жоғарыда айтылған оқиға дәлел бола алады. Әрине, бұл ащы болса да шындық. Осы тұста, «Құмар ойындарын қалай тиямыз?» деген сұраққа жауап іздегенді жөн көрдік.

БӘС ТІГІП, ОЛЖАЛЫ БОЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ

Қазіргі кезде, жастар бір айлап тапқан жалақысын «екі есеге молайтамын» деп немесе «жылдам ақша табамын» деп әртүрлі құмар ойындарына бас сұғады. Оның ішінде, букмекерлік кеңселеріндегі құмар ойындары қызу жүріп тұр. Бүгінде, ойын автоматтарына шектеу қойылды десек те, букмекерлік кеңселердің зияны ойын автоматтарынан кем болып тұрған жоқ. Бастапқы жылдары букмекерлік кеңселер халықты сендірудің бар амалын қарастырып бақты. Артынша соларды жағалайтын жастар мен жұмыссыздар көбейді. Әсіресе, футболдан әлем чемпионаты кезінде букмекерлік кеңселердің жұлдызы жанады. Осы тұста, Атырау қаласындағы букмекерлік кеңселердің бірінде күзетші болып қызмет жасаған Жангелдин ауылының тұрғыны Нұрбек Егінбаев:

– Букмекерлік кеңсеге бір күнде бір кеңсенің өзінде мыңнан астам адам ұтыс тігіп, бәс тігу бәйгесіне қатысады. Олардың арасында ақшасын желге ұшырғандар кездессе, аз ақшасын еселеп алғысы келетіндердің де үлесі басым. Букмекерлік кеңсенің тұрақты қонақтарының көпшілігі бәс тігуді құмар ойындары қатарына жатқызбайды. Мұндағы жеңіс өзіңнің спорт саласындағы білімің мен білігіңе байланысты деген дау айтады. Алайда, ақша жүрген жерде айла таусылған ба? Спорттың кейбір түрлерінде букмекерлер өз қалағандарын жасау үшін жымысқы әрекеттерге барып жатыр. Ол уақытта мен студент болғандықтан кез келген жұмысты қолайлы көрдім. Сол кезде, букмекерлік кеңселер бірте-бірте бастапқы ойларынан айнып, адамдарды алдауға көшті. Қарап отырсақ, көптеген пайдалы орындар жабылып қалып жатады. Алайда, букмекерлік кеңселерге барушылардың көптігі соншалық оны жабу мүмкін болмай отыр. Осыдан екі жыл бұрын қатаң қысым болған уақытта, букмекерлік кеңселер қаланың таса жерлерінде орналасып еді. Ал, қазір тіпті, вокзал маңында орналасқан. Негізінен өзіміз қатарлы жігіттер бұл ойындардың қаншалықты жаман әрі күнә екендігін білсе де, бір жолғы ұтқан ақшаның буымен екінші рет қайта барады, – дейді.

Иә, шындығына келгенде қазір, Атырау қаласындағы «Олимп», «Зенит», «Инвет», «Профит», «1+бет» сынды букмекерлік кеңселерден жастарды көптеп кездестіруге болады. Осыдан үш-төрт жыл бұрын аудан орталығы Миялы ауылдық округінен букмекерлік кеңсе ашылып, 2017 жылға дейін жұмыс жасады. Ол халық арасында «Шарик» деп аталды. Сол аралықта құмар ойынға құмартқан жастар алды 100 мыңнан 700 мың теңгеге дейін ақшасын ұтқызды. Ал, вахталық әдіспен жұмыс жасайтындар 15 күн демалысын сол кеңседе өткізіп, ақшасынан ұтылғанын көз көрді. Алайда, биылғы жылдың 24 шілдесінен бастап Миялы ауылындағы «Қанат» дүкенінің жанынан қайта ашылып, бірақ белгісіз себептермен жабылды.

Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» Заңнама-сына сәйкес, букмекерлік кеңсе қызметкерлері бәс тігушінің жасын білу үшін оның жеке куәлігін тексеруі шарт. Аталмыш Заңның 15-бабында көрсетілгендей, 21 жасқа жетпеген тұлғаларға қызмет көрсетуге құқығы жоқ. Алайда, заңды белден басқандар туралы ақпаратты да жиі естіп жатамыз. Оған әрине, ауылдан барған жастардың алданып, ата-анасының аузынан жырып берген ақшасын сол ойындарға салып жатқаны баршаға аян. Жалпы, алып қарасақ, мектепті бітіріп, оқуға түскен жастардың жас шамасы 17-18-де болса, олардың букмекерлік кеңседе отыруы заңсыз. Алайда, осы заң бұзушылық белең алып отыр.

«ҚАРЫЗ ҚҰЛДЫҒЫНА» ИТЕРМЕЛЕГЕН ДЕРТ

Соңғы кезде қарапайым халықтың лотерея ойындарына деген қызығушылығы артқан. Тұрақты түрде ойнап, біраз қаржысын осыған жұмсап жүрген азаматтарымыз жетерлік екен. Мәселен, әр сенбі күні терминал арқылы бірнеше лотерея сатып алып жүрген азаматтарды үнемі байқаймыз. Бұған қоса, бүгінде ауылдық жерлерде белең алғаны – карта ойынын ойнау. Ол не себепті құмар ойын болып есептеледі. Себебі, карта ойнында ақша тігілетін болса, онда ол заң бұзушылыққа жатады.

Шарттары әртүрлі болып келетін карта ойындарының да неше түрлі атауы бар. Мысалы, сыбар, ыски, гарбі, бура, покер және тағы да басқалары. Бұл айтып отырғанымыз, қазіргі ауданымызда ойналатын карта ойындарының танымал түрлері. Негізінен, бұл құмар ойындарының тарихы сонау 1917 жылдан басталады. Ол кезде карталық түрі жеке клубтар мен орталықтарда ғана ойналып жүрді. Алайда, тек қалталылар мен кәсібилердің заңсыз ойындары болғандықтан, қадағаланбаған болатын. 1989 жылдан бастап КСРО аумағына ойын автоматтары таратыла бастады. Содан соң, Қазақстанға да бұл дерт жетіп үлгерді. Ал, 1993 жылдары казинолар ашылып, 2000 жылға қарай Қазақстанның ірі қалалары ойынханалар желісіне айналып, тәжірибесіз азаматтарды өзіне тарта бастады. Мінекей, осындай тамыры тереңде жатқан құмар ойындарының бүгінгі көрінісі көпке белгілі.

ЗАҢ БҰЗҒАНҒА ЖАЗА БАР

Бүгінде аудан аумағындағы тыныштық пен тәртіпті үнемі қадағалап, полиция қызметкерлерінің қылмыстың алдын алу бағытында бірқатар жұмыстар атқару нәтижесінде аудан көлемінде құмар ойынға қатысты қылмыстық іс тіркелген жоқ. Алайда, Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 307-бабында заңсыз ойын бизнесiн ұйымдастыру туралы көзделген. Нақтырақ айтсақ, ойын мекемесiн заңсыз ашу, ұстау немесе ойын бизнесi саласындағы қызметтi заңсыз ұйымдастыру, сол сияқты заңсыз ойын бизнесі үшін үй-жайлар беру жатады. Бұған Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасында белгіленген орындардан тыс құмар ойындарын ұйымдастыру және өткізу немесе ойын бизнесі саласындағы қызмет лицензиясыз жүзеге асырылатын болса, мүлкi тәркiленiп, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады. Сонымен қатар, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, сондай-ақ, екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Негізінен ойын бизнесінен бұрын, үлкендер мен жастар арасында болсын жиналып карта ойнау қазіргі таңда белең алған заң бұзушылыққа жатады. Ол бағытта, Қазақстан Республикасының «Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы» заңнамасының 444-бабында көзделген. Аталмыш заң бойынша, егерде кез келген азамат құмар ойындарға қатысатын болса немесе өзгені карта ойнауға тартатын болса, құмар ойындарын ойнайтын ақша, ойын құралдары, заттар және өзге де құндылықтар тәркiлене отырып, жеке тұлғаларға екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салынса, жиырма бір жасқа дейінгі азаматтар құмар ойындарымен және ақшаға, заттарға және өзге де құндылықтарға бәс тігумен айналысуға тартып және оған рұқсат ететін болса жеке тұлғаларға екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Әрбір адамның өзіндік мақсаты, жеке көзқарасы болатыны тәрізді, кемшілік кетер осал тұсы да жоқ емес. Ал, ол кемшілікті жасайтын да өзіміз. Сондықтан, барынша заң талаптарына бағынып, Қазақстан Республикасының азаматы деген атаққа ие болған дұрыс деп ойлаймын.

Ақгүл БЕКБОЛАТОВА,

аудандық полиция бөлімінің Штаб инспекторы полиция аға лейтенанты.

ЗАРДАП ПЕН ӨКІНІШ

Қазақта «Алтын көрсе періште жолдан таяды» деген мақал бекер айтылмаса керек. Бүгінгі күннің басты тақырыбы осынау көк қағаздың соңына түсіп, қайғылы жағдайға душар болып жатқан азаматтардың өкінішті жағдайы. Негізінен құмар ойындары дос-жаран мен туған-туыстың арасына да іріткі салады. Мен өз өмірімді мысалға келтіре отырып, қарапайым халықтың өз қажеттеріне керегін алса деген ойдамын. Ол уақытта жас болғандықтан, жиналып алып құрдас балалардың үйіне барып карта ойнайтынбыз. Бірте-бірте ақша тігіп ойнауды үйрендік. Сонымен, көп көлемдегі ақшамен ойнайтын ортаға тап болып, әрмен қарай күнәлі іс жалғаса берді. Отбасымнан береке қашты. Үйдегі уақ жандықтар, тіпті ақыр соңында сауын сиырды да түн қараңғысында жүк көлігіне тиеп сатып жібердім. Ойымдағы бар дүние құмар ойынынан ұту және сол ақшаны көбейту болды. Алайда, мен көбейтіп емес, керісінше былыққа бата бердім. Негізінен ұтқан адам, ұтқан қаржысына қанағаттанбай, ақша көбейген сайын көбейе түссін деп шайтанның лас ісіне әрі қарай арбалған үстіне арбала береді екен. Кез келген адамда еліктеушілік басым болады ғой. Бірақ, оның жетегіне кетпей дер кезінде тоқтауымыз тиіс. Бүгінгі күні өкініш сыйлаған карта ойнынан жастардың аулақ болғанын қалаймын.

Асылхан НҰРТАЙ.

(Аты-жөні өзгертілген)

АДАМНЫҢ ТАҒДЫРЫ – ЕЛДІҢ ТАҒДЫРЫ

Қызылқоға аудандық сотының биылғы жылғы 18 наурызындағы қаулысымен күдікті Т.М.-ға 2 ай мерзімге «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасына санкциясын беру туралы өтініші қаралды. Аталған сот қаулысына сай, Қызылқоға ауданының прокурорымен келісілген, тергеу бөлімінің бастығы Д.Бұлжановтың күдікті Т.М.-ның 2 ай мерзімге «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасына санкциясын беру туралы өтініші қанағаттандырылды. Алайда, осы қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысты аудандық сотта бұдан басқа мәліметтер тіркелмеген. Сізбен мәлімделіп отырған баспасөз ақпараты Атырау облыстық сотының сайтында 2018 жылғы 28 наурызда жарияланғанын назарыңызға ұсынып, қосымша жолданады. Онда: «Тергеу дерегінше, 2018 жылдың 16 наурызында күдікті Т.М. және тағы үш жігіт болып карта ойынын ойнап отырған кезде жәбірленуші Б. мен күдікті Т.М. өзара сөзге келіп қалған. Кейін күдікті өзінің үйіне барып, оқталған аңшы мылтығын алып, жәбірленушімен біржолата кикілжіңді шешуге келген. Сөйтіп ол оны көшеден көріп қалып, екі рет оқ атады, нәтижесінде жәбірленуші жарақаттанып, аудандық ауруханаға түскен», - деп көрсетілген.

Айтжан ДОСМАҒАМБЕТОВА,

аудандық сот төрағасы.

КҮНӘЛІ ІСКЕ ҚҰМАРТПА

Асыл дінімізде құмар ойындары харам етіліп, лағынеттелген. Бұл туралы Құран Кәрімнің «Мәида» сүресінің 90-91-аяттарында былай деген: «Әй, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар. Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан қалдыруды қалайды. Ал, сонда да тыйылмайсыңдар ма?». Бұл аятта ең үлкен күнәлардың қатарында Аллаға серік қосумен бірге арақ ішу, бал ашу және сонымен бірге құмар ойнауды да ерекше атаған. Сол себепті де құмар ойындары Ібіліс лағынеттің істерінен екені еш шүбәсіз деп білуге тиіспіз. Осы орайда, ақын Абай Құнанбаевтың:

Өтірік, өсек, мақтаншақ,

Еріншек бекер мал шашпақ,

немесе:

Тамағы тоқтық, көйлегі көктік,

Аздырар адам баласын, – деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Шын мәнінде, шариғат адамға зиян келтіретін ойындардың бәріне тыйым салған. Бұл туралы Пайғамбарымыз с.а.у. өзінің бір хадисінде: «Кім өз досына: «Жүр, құмар ойын ойнайық» десе, садақа берсін»[1],– дейді.

Бұдан аңғаратынымыз, кімде-кім досына құмар ойынды ойнауға ұсыныс жасаса оның садақа беруі – міндет. Демек, ол күнәсі үшін садақа беріп қана құтыла алады деген сөз. Ендеше, мұсылман бауырлар күнәлі іске өзімізді тәуелді етіп, өзгені итермелеп өмірімізді сүреңсіз етпейік дегім келеді.

Мұрат СҰЛТАНОВ,

«Бәйтерек» мешітінің бас имамы.

ТЕЗ БАЮ, ҚҰРДЫМҒА КЕТУМЕН ТЕҢ

Мен өз ойымды бір мысалмен бастағым келіп отыр. Әлемдегі ең бай адамдардың бірі – Билл Гейтц өзінің бір сұхбатында: «Адамзат тез баюға әуестеніп қалды. Ойының бәрі көп уақыт жұмсамай, тез байып кету. Оның бүгінде қауқарлысы құмар ойнының барлық түрі. Кез келген адамның ойында аз уақытта мол табысқа кенелу идеясы тұрады. Бұл заттарға шектеу қоюдың өзі де баланың әңгімесі», – дейді. Иә, шын мәнінде, қазіргі жастардың алдағы көздеген мақсаты – тез баю. Сондықтан да, әртүрлі жылдам ақша табатын көздерді іздеп, соған қарай ұмтылады. Бірақ, қазақ елінің болашағы, ертеңі деп сеніп отырған жастың көздегені ақша болса, елдің намысының өшкені, намыс өшсе ол ұлт жойылады деген сөз. Сондай-ақ, «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», – деп қазақ халқы бекерден-бекер айтпаса керек. Өз болашағын баянды еткісі келсе, ақшаны адал тапқысы келсе тек еңбекпен ғана жету басты ұстаным болуы тиіс. Мен өз басым үй жағалап карта ойнап, үйіндегі немесе қалтасындағы ақшасын, малын соған салуды мүлдем қолдамаймын. Осы аудан орталығындағы шарик ойнайтын орынның жабылғаны бүтін аудан халқын қуантты. Себебі, оған тек аудан орталығынан емес, барлық ауылдық округтерден де келіп, басы дауға қалды. Ендігі, ауданның атпал азаматтары, кәсіпкерлері, ұрпағымыздың болашағына пайдалы іспен айналысқаны абзал.

Мереке АЙЖАРЫҚОВ,

Ойыл ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы.

ҚАБІЛЕТСІЗ ЖАС КӨБЕЮДЕ

Қазіргі замандағы жастарды еліктіріп, жаман жолға бастайтын жолдардың бірі, ол – құмар ойыны. Оған салынып жатқан көп жастардың отбасынан береке кетіп, жолы болмай, небір қиыншылықтарға тап болып жүргені өкінішті. Еңбектеніп тапқан табысын картаға, футбол сияқты букмекерлік кеңселерге салып сан соғып, бармақ тістеп қалып жатқан жастарды көп кездестіруге болады. Негізінен қазіргі кезде осы құмар ойынның кесірінен көп жастарымыздың жұмыс жасауға деген қабілеттері төмендеп, еріншектік қасиеттері басым болып бара жатыр. Ақша табудың осындай жеңіл жолын көздеген жастарымыздың қоғамға да, отбасына да, өзіне де көп зиян келтіріп жатқанын білсе екен деймін. «Еңбекпен тапқан нан тәтті» деген мақалдың мәнін түсініп, ризық-несібесін адал жолмен тапқанға не жетсін. Осы тұста, тағы бір айта кетерлігі қыс мезгілінде карта ойыны көбейеді. Әртүрлі жиындар ұйымдастырылып, қонақ күтіліп, осы карта ойнын мерекедей тойлап кетеді. Бұл – үлкен қателік. Мен жас болсам да, өз ортамда және айналамдағы достарыммен, інілеріме бұл ойынның күнә екендігін және бұдан алшақ жүргеніміз дұрыс екендігін әркез айтып жүремін. Бұл істі кез келген жас жасаса, бұл кесапаттан да құтыламыз деген ойдамын.

Абылай ҚОНЫСБАЕВ,

Миялы ауылының тұрғыны.

СОҚЫР ҮМІТТІҢ АРБАУЫНДА ҚАЛАДЫ

Құмар ойын – адамның біліктілігіне қарағанда сәттілік арқылы жүзеге асатын, жеңіл жолмен байлыққа кенелудің бір түрі. Алайда, бұл оңайлықпен келетін нәрсе емес. Себебі, құмар ойындардың заңдылығы да осында. Әуелі ұйымдастырылған сәттілікпен жеңіске жеткен ойыншы, қанағатсыздық танытып олжасын еселегісі келеді. Ойын шарты бойынша адам ақыр соңында қалай болмасын жеңіліске ұшырауы тиіс. Барынан айырылғанымен қоймай, келесі жолы айым оңынан туады деген соқыр үміттің арбауында қалып, тоқтаусыз ойынды жалғастыра берушілер де аз емес. Адамды құмар ойынға жетелейтін бірнеше факторлар бар. Біріншіден, өз-өзіне деген сенімсіздік, төмен бағалау. Шынайы өмірден гөрі виртуалды өмірге жақын болу, өз сезімін басқара алмау. Екіншіден, өз-өзіне көңілі толмаушылық, жалғыздық, ешбір еңбексіз бірден байып кету тілегі, психикалық ауруға деген бейімділігі және басқа да тәуелділіктер. Жапон ғалымдары соңғы зерттеулерінде ойынға тәуелділік «бақыт гармонының» жетіспеуінен де болатынын дәлелдеп отыр. Тәуелді адамның ішкі проблемасына, мұқтаждықтарына, жасырын комплекстеріне, конфликтілік жағдайларына, сенімге және адамның терең, ішкі балалық шақтағы психологиялық жарақаттарын емдеумен қатар жүреді. Сонымен қатар, әлеуметтік қолдау да маңызды орын алады. Яғни, достары мен жақын туыстарының қолдауы, өзара жылы қарым-қатынас, сүйікті ісімен айналысу, еңбекке және спортқа бейімдеу, ең негізгісі – өзінің емделуге деген жоғары қауқары мен сенімділігі.

Айнұр МӘТЖАНОВА,

Ы.Шөреков атындағы мектеп- гимназиясының психологі.

Түйін: Жалпы, құмар ойындарының зардабы елдің дамуына өзіндік кері әсерін тигізіп, адамның кері кетуіне ерекше ықпал ететіндігі сөзсіз екендігін нақты ұғынуға тиіспіз. Құмар ойындарын түпкілікті тамырымен жойып жіберу мүмкін емес. Дегенмен де, не нәрсенің де шегін білсек құба-құп. Ендеше, адам болып адамшылыққа бет бұрып, адал өмір сүргенге не жетсін шіркін?!

Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT