Өткен аптаның сейсенбісі күні Атырау облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы, ішкі саясат басқармасы, «Шаңырақ-2008» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Арман» мәдениет үйінде әйелдердің көшбасшылық мектептерінің жұмысына жүйелі сипат бере отырып, оның жұмысын жандандыруға және ауыл әйелдерін кәсіпкерлікке оқыту мақсатында семинар-тренинг болып өтті.
Оған аудан бойынша саясаткер әйелдер клубы мен көшбасшы әйелдер мектебінің мүшелері, кәсіпкер әйелдер қатысты. Алдымен аудандық мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали сөз алып, облыстан келген қонақтармен таныстырған соң шараның мән-маңызына тоқталды. Содан соң сөз алған Атырау облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспектор-комиссия хатшысы Зәмзәгүл Жалмурзина:
– Тренинг тақырыбы негізінен қыз-келіншектердің қоғамда тиесілі өз орындарын тауып, саясатты да, бизнесті де, ғылымды да жан-жақты меңгеріп, қоғамның барлық саласында тең дәрежеде еңбек ету мәселесіне арналып отыр. Көшбасшы әлбетте өз саласының білгір маманы, сонымен қатар өзге саладан да хабары бар жан. Ол топпен жұмыс істей білуі керек, қол астындағы адамдардың пікірімен санаса білетін, бар пікірлерден сөздің тобықтай түйінін шығара білетін қабілеті де болуы қажет. Және адам өмір бойы ізденісте болса, ол биік шыңдарды бағындыра алады, деді.
Ал, бизнес-тренер Нұрлан Азаматов, жеке кәсіпкер, «Атырау облысының іскер әйелдері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Фатима Тулеевалар бірнеше тақырып бойынша тренинг өткізіп, жаңа іс бастау баспалдағынан бастап кәсіпті одан әрі кеңейту, кездесетін кедергілер, барлығын сөз етті. Осылайша шараны ұйымдастырушылар «Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербететін» нәзік жандыларды әрдайым белсенді болып, әлеуметтік-экономикалық саланың өркендеуіне үлестерін қосуға шақырды.
Гүлмира МАҚСОТҚЫЗЫ.