Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Кәсіподақта – жаңа төраға

Дүйсенбі күні Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектепте Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы Қызылқоға аудандық комитеті филиалы қоғамдық бірлестігінің кезектен тыс ХІV конференциясы өтті.

Оған «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы, мектеп директорлары мен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары қатысты.

Жиында күн тәртібінің бірінші мәселесі бойынша салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының аудандық комитеті филиалының төрағасы Гүлжихан Бекешова 2015-2018 жылдары сала бойынша атқарған жұмыстары туралы баяндама жасады. Оның баяндауынша, аудандық комитет филиалы құрамына 2 268 кәсіподақ мүшесі бар аудандық білім бөлімі, әдістемелік орталық, 13 орта, 4 бастауыш мектеп, 13 балабақша, 3 саз мектебінен құралған 35 бастауыш ұйымын біріктіреді. 2015 жылы аудандық білім бөлімі мен білім беру қызметкерлері кәсіподағының бірлескен төралқасында 2015-2017 жылдарға арналған екі жақты салалық келісім шарт жасалып, бекітілді. Жыл ішінде екі пленум мәжілісі, төрт атқару комитетінің отырысы, екі семинар-кеңес өткізіліп, «Жүректен жүрекке» тақырыбында акция, дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне, Қазақстан кәсіподағының 110 жылдығына орай мерекелік шара ұйымдастырылды. «Үздік бастауыш ұйым» атты аудандық байқаудың жеңімпазы №9 орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Жанар Түркістанова облыстық байқаудан да І орынды иеленді.

2016 жыл пленум мәжілістері, комитет отырыстары, семинар-кеңестермен бірге «Чернобль – ХХ ғасыр дерті» тақырыбында дөңгелек үстел, «Әкем, шешем және мен» атты спорттық сайыс, балалар күні мерекесіне орай асфальтқа сурет салу және басқа да шаралар ұйымдастырылып, «Мектепке жол» акциясы аясында 17 оқушы спорттық киімдермен қамтылды.

Жұмыс берушінің еңбек заңдылықтарын сақтауын қоғамдық бақылау жасау, қызметкерлердің бұзылған құқықтарын қорғау мақсатында бастауыш кәсіподақ ұйымдарында қоғамдық еңбек инспекторлары құрылды. Жыл аяғында еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі бойынша қоғамдық еңбек инспекторларының жұмысы тыңдалды.

Өткен жылы пленум мәжілісінде филиалдың 2017 жылы қаржылық-сметасының орындалуы және тексеру комиссиясының жұмысы тыңдалса, атқару комитетінің отырысында жыл ішінде атқарылатын жұмыс жоспары, қаржылық-сметасы бекітіліп, сауықтыру орындарынан келген жолдамалар бөлінді. Сондай-ақ, кәсіподақ белсенділерін марапаттау, кәсіподақ мүшелерінің балаларына жазғы демалысын ұйымдастыру, статистикалық есеп туралы филиалдың есебі де тыңдалды. Ал, «Ардагерлерге қамқорлық – ортақ міндет» тақырыбында ұйымдастырылған семинардың мақсаты – кәсіподақ ұйымдары мен бастауыш ардагерлер ұйымдарын жақсартып, ардагер ұстаздарға қамқорлықты жетілдіру, ардагерлердің мектеп өміріндегі іске жұмылдырудағы белсенділігін арттыру.

Биылғы жылы салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының облыстық ұйымының өткізген әлеуметтік тараптарға заңнаманы түсіндіру бағытындағы семинарға мектеп басшылары мен кәсіподақ мүшелері қатысса, аудандық комитет филиалы «Көшбасшылық және топпен жұмыс» тақырыбында семинар-тренинг өткізіп, қатысушыларға сертификат тапсырды. Бүгінгі күні жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуын және олардың тың идеяларын шыңдау мақсатында облыстық кәсіподақ ұйымы құрған «Жастар клубы» құрамына Миялы балалар өнер мектебінің кәсіподақ төрайымы Әсел Батанова қатысуда. Қысқасы төрт жыл ішінде аудандық комитет филиалы түрлі мерекелік шара-ларға, яғни, Халықаралық әйелдер, Наурыз мерекесі, балалар, кәсіподақ күндері, мұғалімдердің тамыз кеңесі, ұстаздар күні, және басқа да мерекелердің жоғары деңгейде өтуіне зор үлес қосып келеді. Мерзімді уақыт ішінде аудандық комитет филиалы алып берген жолдама арқылы 102 кәсіподақ мүшесі шипажайда, кәсіподақ мүшелерінің елу баласы 50 пайыз жеңілдікпен «Болашақ», «Сәлем» жазғы лагерінде демалды.

Конференцияға қатысушылар аудандық комитет филиалы төрайымының есебін бірауыздан мақұлдап, жасаған жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады. Бұдан кейін аудандық комитет филиалы жанындағы бақылау-тексеру комиссиясының төрағасы Нұрсұлтан Қанаттың есебі тыңдалды.

Жиында сөз алған «Қазақстандық сала-лық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы жұмыс сапарының мақсатын түсіндіріп, облыс бойынша кәсіподақ ұйымының атқарып жатқан жұмыстарынан қатысушыларды хабардар етті. Сонымен қатар, аудандық комитет филиалына 11 жыл жетекшілік еткен Гүлжихан Бекешованың өз өтініші бойынша қызметінен босатылғанын жеткізіп, төрайымдыққа аудандық білім бөлімінің бас маманы Кенже Кәрімді ұсынды. Гүлжихан Мұратқызының ұзақ жылғы еңбегіне алғысын білдірген Қылышбай Сүндетұлы облыстық кәсіподақ жанынан шипажайға тегін жолдама беріп, Құрмет грамотасымен марапаттады. Ал, Кенже Кәрімнің кандидатурасы кәсіподақ мүшелері тарапынан бірауыздан қолдау тапты.

Шара соңында «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы және басқа да сөйлеушілер жаңа төрайымның аудандық комитет филиалы жұмысын жандандырып, одан әрі күшейтуге ықпал ететініне сенім білдіріп, жұмысына сәттілік тіледі.

Бауыржан САҚТАСИНОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT