«Жасыл ел» жастар еңбек жасағы 2005 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» атты дәстүрлі Жолдауы негізінде құрылған көшбасшы жастар ұйымы.
Сол жылы республикалық штаб өз жұмысын бастап, елімізді көгалдандыру, абаттандыру арқылы студенттер мен жұмыссыз жастарды еңбекпен қамтамасыз етуді басты мақсат етті. Еліміз бойынша биыл «Жасыл ел» 14-ші маусымын өткізіп жатса, ауданда еңбек жасағы өз жұмысын 2015 жылы бастады.
Жақсы бастама ретінде бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Осыған орай, орталық алаңда «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының маусымдық ашылу салтанаты өтті. Онда алдымен аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов сөз алып:
– «Жасыл ел» бағдарламасы аясында ауданымызда үш-төрт жылдан бері ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Туған жерімізді абаттандыру мен көгалдандыру тұрғысындағы жұмыстарға 2015 жылы 50 жас тартылса, биыл 200 жас қамтылып отыр. Бұл орайда, алдымен жартылай жетім және аз қамтылған отбасылардан шыққан жастар бірінші кезекте жұмысқа алынуда. Бірінші маусымда бағдарлама аясында 57 жас тартылса, ендігі кезекте барлық округ бойынша жүзден астам жас жұмысқа қабылданып отыр. Миялылық жастар үшін негізгі жұмыс көлемі орталықта орналасқан саябақтарды, «Лесхозға» қарасты тоғай аймағын тазалау, көшелердегі талдарды суарып, баптап күтуге арналмақ. Сонымен қатар, жылдағы дәстүр бойынша Ойыл өзені жағалауларын тазалау жұмыстары да атқарылмақ, – деді.
Бұдан кейін сөз алған аудандық «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының жетекшісі Әзиза Сағытжанқызы бағдарлама аясында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.
–Жергілікті «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы түрлі қоғамдық, бұқаралық жұмысқа, рухани-көпшілік шараларға белсене атсалыспақ. Сондай-ақ, бағдарлама аясында қаншама студенттерiмiз бос уақытын тиiмдi өткiзе отырып еліне қызмет жасауда. Бiр жағынан олар елiмiздi гүлдендiруге, көгалдандыруға атсалысса, екiншiден, әрбiр жас өзiнiң бос уақытын тиімді пайдаланып жатқаны қуантарлық жайт. Демалыс уақытында жастардың өзі үшін де, елі үшін де тиімді іспен шұғылдануы олардың жігерін жани түскендей. Осы тұста, «Жасыл ел» жастар жасағының мүшесі Салтанат Ерсайынқызы:
– Мен Орал қаласындағы М.Өтемісұлы атындағы мемлекеттік университеттің студентімін. Елбасының қолдауымен құрылған еңбек жасағында жұмыс істеп жатқаныма қуанамын. Өйткені, бағдарлама арқылы көптеген студент жастар жұмыспен қамтамасыз етіліп отыр. Жалақымызға да көңіліміз толады. Сондай-ақ, еңбек жасағы арнайы киімдермен қамтамасыз етілді. Жан-жақта жүрген жастардың басын қосып, жаңа достар тауып, жаңа ортаға келіп қосылып жатқан жайымыз бар. Бастама жаман емес жұмыс қарқынды түрде бас-талды, – деп өз пікірін білдірді.
Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, жасыл елдік жалынды жастар көрерменге ән мен биден шашу шашты.
Гүлмира ТІЛЕГЕНОВА.