Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Экс-әкім А.Баженов 2 жылда не тындырды?

Кеше облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Қызылқоға ауданына арнайы жұмыс сапарымен келіп, аудан әкімі лауазымын атқарған Арман Баженовті өз өтінішіне орай жұмыстан босатып, оның орнына Нұрсұлтан Бисембиевті тағайындағаны белгілі.

Осы орайда, жаңа әкімге сәттілік тілей отырып, екі жыл бойы ауданды басқарған Арман Баженовтің ел үшін жасаған игі істерін саралап көргенді жөн көрдік.

Арман Сырымұлы Қызылқоға ауданының әкімі қызметіне 2017 жылдың 9 қазанында тағайындалып, ауданды 2 жыл 1 ай 10 күн басқарды. Ол еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап есептегенде, ауданды басқарған сегізінші әкім болып тарихта қалды. Баженов әкім болып тағайындалғаннан бастап ең алдымен азаматтық қоғамды дамыту ісін қолға алғанын ел жақсы біледі. Оған облыстағы аудандар арасында ең бірінші болып «Телеграм» каналын ашып, халықпен байланысты жолға қойғаны дәлел.

Сондай-ақ, аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында әр жұма сайын аудан халқына арнап «Ашық есік» күнін өткізіп, бөлім-мекеме басшыларымен бірге тұрғындарды қабылдап, олардың мұң-мұқтаждықтарына құлақ түрді. Сондай-ақ, Арман Баженов әкім болған екі жыл ішінде Сағыз ауыланан жаңа мектеп пен балабақша пайдалануға берілді. Қарабау мен Тасшағыл ауылдарынан да су жаңа балабақша ашылып, Мұқырда жаңа мектептің құрылысы басталды. Одан бөлек, аудандық жастар ресурстық орталығына екі қатарлы жаңа ғимарат беріліп, талантты жастарға арналған аудандық оқушылар үйі мекемесі ашылды. Жалпы ол басшы болған жылдары жастарға көп көңіл бөлді. Оған дәлел соңғы екі жылда тағайындалған аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім-мекеме басшыларының жастар екендігі.

Басшы болған жылдары әлеуметтік мәселелерді де назардан тыс қалдырмаған экс-әкім Сағыз бен Мұқыр ауылындағы ауызсу мәселесін шешу мақсатында біраз тер төкті. «Кереген-Сағыз-Жамансор» топтық су құбырын сенімгерлікпен басқаруға алған жеке кәсіпкердің өз жұмысын дұрыс атқармай отырғанын анықтап, топтық су құбырын басқа мекемеге берді. Соның нәтижесінде теміржол бойындағы екі ауылдың ауызсу мәселесі бұрынғыға қарағанда дұрысталды.

Сонымен қатар, ол әкім болған жылдары ауылдық округтердің даму жоспарын жасатып, сол бойынша әкімдерге жүйелі жұмыстар жасата білді.

Экс-әкімнің тағы бір есте қаларлық жұмыстарының ішінде, ауыл шаруашылығының дамуына қосқан үлесін айтуға болады. Нақтырақ айтсақ, ол мал шаруашылығын дамыту мақсатында арнайы жер бөліп, оны тұрғындарға үлестіріп берген еді. Қорыта айтқанда Арман Сырымұлы екі жылда «Халықпен тығыз жұмыс жасаған әкім» есебінде ел есінде қалды. Ендеше, ауданды басқарған Арман Баженовтың алдағы жұмысына сәттілік тілейміз.

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT