Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Көлік саласы қалай өзгереді?

Көлік министрлігі 2025 жылға арналған негізгі жоспарын таныс­тырып, басым бағыттарды жария етті. Министрліктің мәлім­деуінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында жаңа әуежайлар салынады.Қазір бұл нысандардың жер учаскелерін рәсімдеу және жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

2030 жылға дейін елімізде көлік инфрақұрылымын жақсарту бойынша ауқымды жоба жүзеге асырылады. Бүгінде жаңа автожолдардың жалпы ұзындығы – 4,7 мың шақырым, оның 3,7 мың шақырымы – І санаттағы жолдар. Сонымен қатар биылға мынадай ауқымды жобалар жоспарланған: Қызылорда – Жезқазған (208 км), Ақтөбе – Ұлғайсын (234 км), Қарағанды – Жезқазған (572 км), Сарыағаш қаласы айналма жолы (102 км), Қызылорда қаласы айналма жолы (20 км), Қызылорда – Сексеуіл (470 км), Атырау – Доссор (86 км), Руд­ный қаласы айналма жолы (16,9 км), Жаңаөзен – Кендірлі (156 км), Пет­ропавл қаласы айналма жолы (8 км), Түр­кістан қаласы айналма жолы (29,6 км), Астана – Қостанай – РФ-мен шекара (830 км), Шымкент қаласы айналма жолы (48 км), Атырау – Орал (орташа жөндеу, 516 км), Атырау – Шапай (136 км), Алматы – Талғар – Бәйдібек би (68 км), Алматы – Үш­қоңыр (48 км), Бейнеу – Сексеуіл (736 км) және Жайық өзені арқылы өтетін көпір (6,5 км). Бұл жобаларды іске асыруға жалпы көлемі 9 трлн-нан аса теңге инвестиция көзделген. Қазір инвестор тарту жұмысы белсенді жүргізіліп жатыр.

Теміржол көлігі саласында да бір­­қа­тар ауқымды жаңғырту жоспар­ланған. 2025 жылы 225 жаңа вагон са­тып алынады. «Достық – Мойын­­ты» жобасы бойынша теміржол құ­­­рылысы аяқталады, бұл өткі­зу қа­бі­­­­ле­тін 5 есе арттырып, тәулі­гіне 12-60 пойыз жұбының үздіксіз қозға­лы­сын қамтамасыз етеді. Соны­мен қа­тар «Алматы айналма жо­лы» жоба­сы жүзеге асырылады. Сон­д­ай-ақ «Достық – Бескөл» және «Мойын­­ты – Балқаш» учаскелерінде қозға­­лыс ашу жоспарланған. Бұл ше­­шім көр­сетілген учаскелердегі пойыз қоз­­ғалысын жақсартуға және жүк та­сы­­малы мәселелерін шешуге көмектеседі.

Теңіз көлігін дамыту мақсатында Ақтау портында контейнерлік хаб салу жұмыстары басталды, бұл порттың өткізу қабілетін жылына 240 мың ЖФЭ-ге дейін арттырады. Бұл Қазақстанның халықаралық логистикадағы орнын нығайтып, Әзербайжан, Грузия және Түркия арқылы өтетін Транскаспий ба­ғытындағы контейнерлер тасымалы көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ Қытайдан Еуропаға жеткізілетін транзиттік жүктердің бір бөлігін қайта бағыттауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар портта тереңдету жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұл оның терминалдық қуаты мен контейнерлерді тасымалдаудың тиімділігін ұлғайтады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT