Осыдан тура 77 жыл бұрын басталған қанқұйлы майдан туралы қаншама кино түсіріліп, кітаптар жазылып, зерттеу жұмыстары жүргізілсе де әлі де болса ашылмаған қатпарлары жетерлік.
Соның бірі соғыстағы – мергендердің ерлігі. Соғыс кезінде аса қиын да, жауапты тапсырмаларды орындайтын мергендер сапында біздің ауданнан Қаракөл ауылында туып-өскен Бұлжан Нұржанов та болған. 1926 жылы туған ол соғыс басталғанда 15 жаста болды. Кейіннен 1944 жылы 18 жасқа толған шағында Мақат аудандық әскери комиссариаты арқылы соғысқа шақырылып, Чкалов әскери округінің №215 атқыштар полкінде жаттығудан өтеді. Сол жылы 17 сәуірде әскери ант қабылдап, қан майданның ортасына кіреді. Бұл кезде Кеңес Одағы әскері немістерді қуалап Польшаға дейін келген еді. Нағыз қиян-кескі соғыстың қызған шағы.
Тарихшылардың жазуынша партизандар мен мергендердің соғысқа ең қажетті тұсы 1944-1945 жылдар екен. Өйткені, бетпе-бет соғыстан титықтаған екі жақ та негізгі күшті барлау мен алыстан атып түсіретін мергендерге салған. Мергендік мектебінен өткен 18 жасар Бұлжан қаруластарымен бірге соғысты Польша жерінен бастайды. Қан майданда алғаш рет қолына қару алып кірген балаң жігіт ә дегеннен офицерлердің көзіне түседі. Ол кезде мергендерге санаулы оқ беріліп, соны үнемдей отырып, жаумен шайқасу бұйырылған. Қысқасы, аз шығынмен жауға көп зардап шектірту керек. Бұл жолда Бұлжан да аянып қалмады. Оның бірден бір ерлігі туралы бізге немересі Дархан Бұлжанов әңгімелеп берді. «Бала кезімізден атамыздан соғыс туралы қызықты әңгіме сұрағанда онша көп ашыла қоймайтын. Кейін ол кісі дүниеден өткеннен кейін медальдары мен ордендерін қарап отырып «Ерлігі үшін» медаліне көзім түсті. Бұны қандай ерлігі үшін алғанын бұрын білмейді екенмін. Артынан интернетке кіріп, «Яндекс» іздеу жүйесі арқылы Бұлжан Нұржанов деп жазып едім, Ресейдің «Память народа» сайтында атамның алған медалі мен жасаған ерлігі туралы жазылыпты», деп, бізге интернет арқылы көрсетті.
Әлгі сайтты ашып қарасақ 1945 жылы 26 сәуірде немістің Кольберг қаласындағы кескілескен шайқаста Кеңес Одағы әскерін бас көтертпей оқтың астына алып жатқан неміс пулеметшісін Бұлжан Нұржановтың атып түсірген ерлігі жазылып, соған орай берілген «Ерлігі үшін» медалі мен құжаты көрсетіліпті. Жерлесіміздің сол ерлігінен кейін Кеңес әскері алға лап қойып, немістердің бір бекінісін басып алған екен. Содан кейін де талай немісті жер жастандырған мерген Берлинге дейін барып, Рейхстагқа тігілген Жеңіс туын көзімен көрген санаулы қызылқоғалықтың бірі. Бұл туралы 2005 жылы Атырауда жарық көрген «Жеңісті жақындатқан жандар» кітабының 250 бетінде жазылған. Алайда, соғыс біткен соң жеңімпаз солдат есебінде елге қайту бақыты Бұлжанға бұйырмады. Ол 1945-1953 жылдары Германияда ары қарай әскери борышын өтеді. Бірақ, оның Германияда қалуы әскери құпия болып, ауылдағы туған-туыстарына айтылмайды. Ұлдарынан хабар болмаған соң әкесі Нұржан мен анасы Сағида өлдіге санап, қайғыдан қан жұтып отырғанда 1953 жылы ұлдары кеудеге орден-медальдарын тағып, ауылға келеді. Сол кезде әке-шешенің өлгені тіріліп, өшкені жанғандай болғаны айтпаса да түсінікті. Ауылға тоғыз жылдан кейін келген Бұлжан Нұржанов келе еңбекке араласады. Сөйтіп жүріп 1956 жылы Нағима Сараевамен отау құрып, одан 8 ұл, 1 қызды дүниеге алып келді.
Алайда, жолдасы 41 жасында ертерек дүниеден өтіп, артында қалған 9 баланы жетілдіру Бұлжанның мойнына түседі. Ол қиындыққа да мойымаған кейіпкеріміз балаларын аман-есен жетілдіріп, немерелердің қызығын көріп, 2001 жылы дүниеден өтті. «Әке көрген оқ жонар» демекші тұңғышы Сайын Бұлжанов ішкі істер органдарында ұзақ жыл қызмет атқарып, зейнеткерліккке шыққан соң адвокаттыққа ауысып, өкінішке орай осыдан үш жыл бұрын қайтыс болды. Содан кейінгі баласы Санбай Жамбыл ауылдық округінде қара шаңырақта отыр. Қалған балдары да әкеден алған тәлім-тәрбиенің арқасында азамат болып жетілген. Ал, атасының ерлігі мен естеліктерін кейінгі ұрпаққа үлгі болсын деп жинақтап жүрген немерелері Дәурен мен Дархан бүгінде ата тәрбиесін санаға тоқыған ұлдар. Дәурені Атырау қаласында қызметте болса, Дарханы аудандық ішкі істер бөлімі басшысының орынбасары. Артына осындай саналы ұрпақ қалдырған Бұлжан Нұржанов «Германияны жеңгені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Ерлігі үшін» және басқа да бірнеше марапаттар мен медальдарға ие болған жан. Осы орайда, Ұлы Жеңіс жолында аса қиын да, жауапты тапсырмаларды орындап, жеңісті жақындатқан осындай жандарды бүгінгі ұрпақ естен шығармай, ерлігіне әрдайым бас иіп жүруі тиіс.
Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН.