Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Бірлік пен достық шеруі жұртшылыққа мерекелік көңіл күй сыйлады

Жылдағы дәстүрмен достық пен бірліктің жарқын мерекесін аудан жұртшылығы көтеріңкі көңіл күймен қарсы алып, сән-салтанатымен өткізді.

Бейбіт шеруге жиналған Миялы ауылындағы барлық дербес бөлім, мекеме, кәсіпорын, білім беру ұжымдары таңертеңгілік А.Құнанбаев көшесінің бойына жиналып, орталық алаңға бет түзеді. Алдымен құттықтау тілегін білдірген аудан әкімі Арман Баженов: – Қадірменді аудан тұрғындары мен қонақтары! Сіздерді Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке барлық ұлт өкілдерінің ынтымақтастығы мен достығының, бейбіт өмірдің рәмізі, ал бейбітшілік пен тұрақтылық және ұлтаралық келісім мемлекетіміздің ең басты негізі, рухани байлығы. Қазақ халқы әр кезеңдерде елімізден пана іздеп келген өзге ұлт өкілдеріне құшағын ашып, бәрін бауырына басып, төрінен орын беріп, қандай қиын кезеңдердің өзінде бір үзім нанды бөліп жеді. Сондықтан, қазіргі қаймағы бұзылмаған қазақ жері бүгінде көпұлтты мемлекеттің бірі болып отыр.

Сіздерді бүгінгі айтулы мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке, бақыт тілеймін, – деді. Шеру басталмастан бұрын Тәуелсіздігіміздің 27 жылдығына орай барабаншылардың сүйемелдеуімен алаңға 27 Мемлекеттік Ту әкелініп, шаңырақ көтерген әр ұлттың өкілдері шығып, бейбітшілік символы ақ көгершіндер ұшырылды. Сазды әуеннің ырғағымен «Ойыл аруы» бишілер тобы жұртшылыққа қазақ биін ұсынған соң, еңбек ұжымдарының шеруі басталды. Ел еңсесін көтерер еселі еңбекке шақырған ұрансөздер, жалаушалар, шарлар шеру ажарын аша түсті. Мерекелік шеруді талай дүбірлі додаларда ел намысын қорғаған спортшыларды тәрбиелеген Миялы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жас балуандары, футболшылар, аудандық жастар ресурстық орталығы, аудан әкімінің аппараты, аудандық мәслихат аппараты және «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы қызметкерлері бастады. Одан әрі дербес бөлімдер мен мекемелер, білім беру ұйымдары жалғастырды. Орталық алаңнан шерулетіп өткен әр ұжымның еңбек озаттарын, жетістіктері мен көрсеткіштерін жүргізуші барша қауымға кеңінен таныстырып отырды. Көрермен әр ұжымның жетістіктеріне қол соқты.

Сонымен қатар, «Гүлім» бишілер тобы өзбек ұлтының, «Нұр-Шуақ» бишілер тобы грузин халқының, «Айжан-ай» бишілер тобы орыс ұлтының, «Тұмар» бишілер тобы украин халқының билерін билеп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Салтанатты шеруден кейін орталық алаңдағы сахнада ауыл өнерпаздары тұрғындарға концерттік бағдарлама ұсынса, белгілі кәсіпкер Медет Серікбаев аудан намысын қорғап жүрген футболшылар командасына спорттық киімдер табыстап, спорт жанкүйері Райымбек Якуповке ноутбук сыйлады. Сондай-ақ, «Жастар» паркінде оқушылар арасында арқан тартудан, дойбыдан сайыстар ұйымдастырылып, облыстық «Қазақ барысына» іріктеу турнирі өткізілді. Нәтижесінде, арқан тартуға қатысқан төрт команданың арасынан Б.Аманшин атындағы орта мектеп оқушыларының мерейі үстем болса, дойбыдан Бейбарыс Нысанбай І орынды иеленіп, Нұрлан Нұрғалиев пен Мәди Маратұлы екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті. Ал, сегіз балуан қатысқан аудандық «Қазақ барысында» Дастан Закарияев жеңімпаз атанса, Ұлан Ысқақов екінші орынды еншіледі. Қос балуан да 5 мамыр күні Атырау қаласында өтетін облыстық «Қазақ барысына» жолдама алып, аудан намысын қорғайды. Қазақ елі – қашанда бірлігі мен достығының қаймағы бұзылмаған ел. Бүгінде мемлекетімізде көп ұлт пен ұлыс мекен етіп, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келе жатқанын бірлік пен достық шеруі тағы да дәлелдей түсті.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.

Cуреттерді түсірген автор.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521