Өткен аптада «НұрОтан» партиясының аудандық филиалы ғимаратында VІ шақырылған аудандық мәслихаттың кезекті ХХVІ сессиясы өтті.
Оған аудан әкімі Арман Баженов, мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали, аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов және мәслихат депутатары мен тиісті бөлім, мекеме басшылары қатысты.
Сессияны ашып, жүргізген мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали: – Мәслихат депутаттарының қатысуымен сессия отырысынан бұрын күн тәртібіндегі мәселерлерге байланысты комиссия қаралымын өткіздік. Онда аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметінің жыл басынан бері атқарған жұмысы туралы аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметінің бастығы Ербол Ғаниевтың есебі тыңдалды. Жалпы, қоғам тынышытығын бақылап жүрген сала қызметкерлерінің атқарған жұмыстар аз емес. Десек те, халық арасында полиция қызметкерлеріне деген сенім азайып бара жатқандай. Неге десеңіз қазіргі таңда мал ұрлығы көбейді. Ұрлықтың ашылып жатқаны, қылмыскердің ұсталғаны аз. Қазір әр ауылдық округте бір учаскелік полиция қызмет етеді. Олар халықпен тығыз жұмыс жасап отырса, ұрлық саны көбеймеген болар еді. Қылмыстық оқиға орын алғаннан кейін соның басы қасында жүріп тексеру, жұмысқа анализ жасау сіздердің міндеттеріңіз. Ауылда болып жатқан оқиғаның барлығы сіздердің көз алдарыңызда. Халық артқан сенімді жоғалтпай, жауапкершілікпен қызмет атқарғандарыңыз дұрыс, -деді.
Осы орайда, аудан басшысы:
– Қандайда жиналыс болмасын баяндамашы атқарылған жұмысты тізбелеп оқып шығады. Ал, айтылған ұсыныстар мен сын-ескертпелер аяқсыз қалады. Сондықтан, ендігі кезекте айтылған ұсыныс-пікір, сын-ескертпе кейінгі басқосуда нәтижесімен бірге, сол бағытта атқарылған жұмыстар бойынша айтылуы тиіс. Сонда ғана жұмысымыз өз нәтижесін бермек, -деді.
Одан кейін аудан әкімі Арман Баженов жыл басынан бері атқарған жұмыстары бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, жеті айда өнеркәсіп саласы бойынша өндірілген өнімнің көлемі 66 миллиард 284 теңге, капиталдағы инвестицияның көлемі 5835,0 миллион теңгені құрап отыр. Ал, бюджеттік салық және басқа да міндетті төлемдер өткен жылдың 7 айымен салыстырғанда 122,4 миллион теңгеге, жергілікті бюджетке түсетін түсімдер 41 миллион теңгеге артығымен орындалды. – Аудан көлеміндегі 25 елді мекендегі халықтың 95 пайызы орталықтандырылған, 5 пайызы жер асты (артезиан) суын пайдалануда. Жаз айларында үш ауылдық округте ауыз су тапшылығы тұрғындарға қиындық келтіргені рас. Осы мәселені шешу жолдары қарастырылып жатыр. Миялы ауылының тұрғындарын ауыз сумен қамтуға қосымша Жасқайрат су айдау стансасы арқылы Тайсойған-Қоныстану-Жасқайрат магистралды су құбырына қосуға жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, газ желісі тартылмаған Тасқұдық, Соркөл, Сарқұмақ, Былқылдақты, Қоңыраулы, разъезд Кенбай елді мекендеріне газ құбырлары желісінің құрылысына жобалық сметалық құжаттар жасақталуда, - деді аудан басшысы.
Аудан әкімінің есебінен соң мәслихат депутаттары сауалдарын қойып, кейбір мәселелердің шешілу барысын сұрады. Мәселен, аудандық мәслихат депутаты Айбар Алтыбаев: «Қазіргі таңда «Телеграмм» әлеуметтік желісінде тұрғындар арасында «Балдәурен» балабақшасы жабылады» деген әңгімелер айтылып жатыр. Осы қаншалықта рас? Сондай-ақ, Сағыз ауылын екіге бөліп тұрған сайдың үстінен тұрғындар өздері көпір салып алған. Әйтсе де, ол қауіпті жағдайда. Осы мәселе қалай шешіледі?» деген сауалын қойды.
Оған аудандық қаржы бөлімінің басшысы Құралай Сәлімгереева: – ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 10.01.2018 жылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдаудың «Тиімді мемлекеттік басқару» тармағында «мемлекеттік органдарға бағынышты ұйымдардың санын қысқарту есебінен жекешелендіру жоспарын кеңейте отырып, оны іске асыруды жеделдету қажет. Әкімшілік шығындарды азайту үшін ведомствоға бағынышты нақты қажетті ұйымдарды мүмкіндігінше біріктіру керек» - деп көрсетілген. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е.А.Досаевтың төрағалығымен өткізілген мәжілісте ауыл әкімдіктердің бағынысындағы квазимемлекеттік ұйымдарды оңтайландыру жөніндегі тапсырма берілді. Осының нәтижесінде аудандағы квазимемлекеттік субьектілерге талдау жасалды. Талдау нәтижесі бойынша «Балдаурен» бөбекжай балалар бақшасында 2 топта 30 баланың орнына 23 бала тәрбиеленуде. Оны ұстау үшін жылына 20 807,0 мың теңге бюджеттен қаржы бөлініп отыр. Сондықтан бөлек бөбекжай балалар бақшасы етіп ұстау экономикалық тұрғыда тиімсіз. Ал «Нұршуақ» бөбекжай балалар бақшасы жоба бойынша сыйымдылығы 250 орындық, бірақ қазір 210 бала тәрбиеленіп отырғандықтан «Балдаурен» бөбекжай балалар бақшасындағы 2 топтағы 30 баланы біріктіру көзделіп отыр, – деп жауап берді.
Ал, аудан басшысы:
– Сағыз ауылындағы жағдаймен таныспын. Тұрғындар үшін де алаңдаушылық білдіремін. Бірақ, мына күні көпір салынады деп нақты айта алмаймын. Бірақ, шешілу жолын қарастырып, осы бағытта жұмыстарды қолға аламын, – деді. Депутаттар атынан сөз алған Мәлік Сүлейменов аудан әкімінің есебіне оң бағасын беріп, алдағы жұмыстарына табыс тіледі. Ал, 2018-2020 жылдарға арналған аудан бюджеті туралы аудандық қаржы бөлімінің басшысы Құралай Сәлімгереева хабарлама жасап, өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды. Сессияны қорытылаған мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали: – Биылғы жылдың жеті айында ауданда атқарылған жұмыстар мен кейбір мәселерлердің шешімін тауып жатқанын естіп қуанып отырмыз. Бұның барлығы бірлесе атқарған жұмыстардың нәтижесі. Десе де әлі де атқарылар жұмыстар бар. Мәслихат депутаттары біздер де халықпен жиі кездесіп, олардың мұң-мұқтажын, көкейтесті мәселелеріне бас назар аударыуымыз керек, -деді.
Гүлмира МАҚСОТҚЫЗЫ.