Тәуелсіздік күні қарсаңында Атырау облысы бойынша экология департаментінің күрделі жөндеуден өткен ғимараты ресми түрде ашылды. Қырық жылдан астам уақыт бойы күрделі жөндеу көрмеген нысан жаңарып, заманауи технологиялармен жабдықталып, өңір экологиясын бақылау сапасын жаңа деңгейге көтеруге жол ашты.
Ашылу рәсімінде сөз алған облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев жаңартылған ғимараттың өңір экологиясына тікелей ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша, күрделі жөндеу кезінде зертхананың ресми жұмысы уақытша тоқтағанымен, бүгінгі жаңғыртудан кейін экологиялық сараптамалар әлдеқайда сапалы деңгейде жүргізіледі.
– Бүгін облыс үшін маңызды күн. Өйткені былтыр басталған күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, экология департаментінің ғимараты мен зертханасы заман талабына сай жаңартылды. Бұл – өндіріс ошақтары көп орналасқан біздің өңір үшін өте қажет. Әсіресе апатты жағдайлар кезінде немесе ауа сапасына қатысты тұрғындар пікірі жиілеген тұста жедел әрі дәл зерттеу жүргізудің маңызы жоғары. Жаңа зертхана мен жабдықтар экологиялық заңбұзушылықтарды тиімді анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар алдағы уақытта экологияға келтірілген залал үшін салынатын айыппұлдардың жергілікті бюджетке түсуі табиғатты қорғау шараларын күшейтеді. Бүгінгі жасалып жатқан жұмыстардың бір бөлігі де – осы айыппұлдардың есебінен жүзеге асқанын атап өткім келеді. Жаңарған ғимарат мамандарға жаңа серпін беріп, халыққа адал қызмет етуге ынталандырады деп сенеміз, — деді ол.
1978 жылы салынған ғимаратта 2024 жылы басталған қайта жаңарту жұмыстары биыл желтоқсанда толық аяқталып отыр. Департаменттің барлық негізгі құрал-жабдығы жаңартылып, зертхана заманауи сараптамалық құрылғылармен жабдықталды. Бұл ауа, су және топырақ құрамын әлдеқайда жоғары дәлдікпен, жедел әрі сенімді зерттеуге мүмкіндік береді. Қазір департаментте 50-ге жуық маман қызмет етеді. Ұжымда тәжірибесі 20-30 жылдық мамандармен қатар жас кадрлар да бар.
Ғимараттың толық жаңаруы мамандардың алаңсыз, тиімді жұмыс істеуіне жаңа мүмкіндік береді. Сонымен қатар жылжымалы зертхана автокөлігі алынған. Енді мамандар жағымсыз иіс немесе төтенше жағдай тіркелген сәтте дереу шығып, ауаның құрамын тексеруге мүмкіндік алады. Бұл экологиялық мониторингтің жеделдігін айтарлықтай арттырмақ.
Заманауи зертхана, жаңартылған жұмыс кеңістігі мен инспекторлардың техникалық мүмкіндіктері күшейгені өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тың серпін бермек. Атырау экологиясының ахуалы үнемі қоғам назарында тұрғанын ескерсек, жаңғырған департамент ғимараты – тек материалдық база емес, табиғатты қорғау ісіне деген жауапкершіліктің жаңа белгісі.
Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ



