Гауһар Жарасова ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы
АҢДАТПА
Бүгінгі «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы – Алаш арыстары армандаған, заң үстемдік құрған қоғамның заманауи жалғасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Turkistan» газетіне берген сұхбаты мен Ұлттық құрылтайдағы сөздерінде мемлекеттік аппараттың жаңа ұйымдастырушылық мәдениетін қалыптастыруды басты міндет етіп қойды. Бұл – тек техникалық жаңғыру емес, бұл – сананың сілкінісі.
Автордың пайымдауынша, жемқорлықпен күрес – тек құқықтық шара емес, ол әрбір мемлекеттік қызметшінің ар-ожданы мен ұлттық құндылықтарынан бастау алатын рухани жаңғыру процесі. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның «Халыққа қызмет ету – мінезден» деген қанатты сөзі бүгінгі мемлекеттік аппараттың моральдық-этикалық бағдаршамы іспетті болып кеткен. Мемлекет басшысы өзінің бағдарламалық сұхбаттарында және Ұлттық құрылтайдағы тарихи баяндамаларында Әділетті Қазақстанды құрудың негізгі тетігі ретінде «Заң мен тәртіп» және «Адал азамат» концепцияларын ұсынды. Маман ретінде менің айтқым келетіні – сыбайлас жемқорлықпен күрес тек жазалаумен шектелмеуі керек. Жемқорлық тек заңнама бұзушылығы ғана емес, ұлттық кодқа түскен сызат. «Жан саулығы жақсы істен басталады» демекші, мемлекеттік қызметшінің әрбір шешімі оның ішкі тазалығының айнасы болуы шарт.
Алайда, ащы да болса шындықты айтуымыз керек, бүгінгі күнгі статистикалық деректер әлі де болса толыққанды оң динамиканы көрсетпей тұр. Бұл біздің жүйедегі ішкі мәдениеттің заңнамамен ғана емес, ар-ождан деңгейінде де терең реформалауды қажет ететінінің айқын белгісі. Бүгінгі таңда әлемдік тәжірибеде сыбайлас жемқорлықпен күрестің ең тиімді моделі – қоғамдық иммунитет қалыптастыру. Мысалы, «Transparency International» рейтингінде жыл сайын көш бастайтын Дания мен Сингапурдың үлгісін талдау көрсеткендей, Данияда жемқорлыққа қарсы арнайы бір орган ғана емес, бүкіл мемлекеттік институттар, яғни полициядан бастап, аудит пен БАҚ-қа дейін біртұтас жүйе ретінде күреседі. Осы елдерде бұл кеселмен бүкіл қоғам бір мезгілде күреседі. Оларда «мен де осы жүйенің бір бөлігімін» деген түсінік азаматтардың санасына сіңген. Ал Сингапур үлгісі мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік жағдайын көтерумен қатар, «Integrity check» (адалдық тесті) жүйесін қатаң қолдану арқылы жемқорлықты «мүлдем тиімсіз» іске айналдыруда.
Біздің елде де «сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүйесі бар, солар ұстасын» деген психологиядан арылып, әр азамат пара берудің де, пара алудың де мемлекет болашағына балта шабу екенін сезінуі тиіс. Осы ретте Президенттің қатаң жазалаудан бұрын, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелеріне тереңірек үңілу себебі де осында деп білемін. Статистикаға сүйенсек, Атырау облысында да осы бағытта нақты қадамдар жасалуда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңіріміздегі 253 мемлекеттік органның жұмысын «сервистік модельге» көшіру процестері барысында кадрлардың таза ауысымдылығы 4,3%-ды құрады. Бұл цифрлар жүйенің тұрақтануда екенін көрсетеді. Сондай-ақ, бүгінде іске қосылған «e-Qyzmet» жүйесі кадрларды іріктеудегі адам факторын жойып, нағыз меритократияға жол ашуда. Бұл «таныс-тамырлық» пен «командалық ауысуларға» тосқауыл қоятын бастамалардың бірі ретінде көрінеді, сәйкесінше енді тек білім мен қабілет ғана рөл ойнайды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Төрағасы Дархан Жазықбай атап өткендей және мемлекеттік қызметті дамытудың 2024 - 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында мемлекеттік аппарат таланттарды мектеп қабырғасынан іздейтін «ерте кәсіптік бағдарлау» институтын енгізу арқылы Жапония мен Сингапур үлгісіндегі кәсіби аппарат құруға бет алды. Ол мен үшін жастардың санасына «мемлекеттік қызмет – баюдың жолы емес, халыққа қызмет етудің биік мәртебесі» деген ойды егу ретінде көрініс табады. Мұхтар Әуезовтің «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген қасиетті қағидасы бүгінгі мемлекеттік қызметтің табалдырығын аттайтын жас буынның тәрбиесі мен этикалық болмысына тікелей бағдар болып табылады деп санаймын. Оны мемлекеттік қызметшінің бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мызғымас ішкі мәдениет қалыптастырудың бастауы деп түсінуге болады.
Біздің басты мақсатымыз – жемқорлықпен салдар деңгейінде емес, оның бастауында, яғни адам санасы мен жүйелік тәуекелдер деңгейінде күресу деп түсіндіріледі. Бүгінде Атырау облысында 400-ге жуық ұйымда, әсіресе квазимемлекеттік секторда антикоррупциялық комплаенс-қызметтері жүйелі түрде енгізілген. Сонымен қатар, құрылған Әдеп жөніндегі уәкілдер институты әрбір мемлекеттік органда тұрақты қызмет атқарып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік қызмет саласындағы, әдеп кодексінің талаптарының сақталуына бақылау жасайды. «Көбіне жемқорлықты тек жоғары лауазымды тұлғалардың арасындағы мәселе деп түсінеді. Бірақ жемқорлық мәдениеті – мектептегі «баға алу үшін сыйлық беруден», ауруханадағы «кезексіз кіруден» басталады. Шын мәнінде, «алғыс» деп атайтын дүние – заң тілінде заңсыз сыйақы. Егер біз жемқорлықты жойғымыз келсе, қоғам болып күресуіміз қажет. Яғни, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – бұл әрқайсымыздың ішкі мәдениетімізден, өз құндылықтарымыздан бастау алатын процесс. Мартин Лютер Кинг: «Шындық үшін күресе алатын адам ғана ұлы адам бола алады» дегендей, біз сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне, тіпті тұрмыстық деңгейдегі «алғыс» түріндегі сыйлықтарға да қатаң тыйым салып, ашықтық пен адалдықты мемлекеттік қызметтің символына айналдыруымыз керек. Ол тек заңнан қорқу емес, әділетсіздікке деген жиіркеніш пен «нөлдік төзімділік». Бұл мәселеге терең философиялық тұрғыдан үңілсек, сыбайлас жемқорлықпен күрестің тек «пара алуды» шектеумен ғана шешілмейтінін көреміз. Қоғам «пара беру» психологиясынан да іргесін аулақ салуы тиіс.
Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда көлік жүргізу куәлігін алу үшін білім алып, ізденудің орнына, лауазымды тұлғаларға немесе соларға теңестірілген адамдарға қаражат ұсынуды шешім ретінде көретіндер әлі де бар. Жол ережесін өрескел бұза отырып, заң алдында жауап беруден қашып, «құзырлы орган қызметкеріне қалай шығамын?», «таныстар арқылы қалай шешемін?» деп делдал іздеу – құқықтық мәдениетіміздің әлі де болса ақсап тұрғанының белгісі. Абай атамыз айтқан «Толық адам» концепциясы – бүгінгі мемлекеттік қызметшінің идеалы. Егер мемлекеттік қызметші мемлекет қазынасынан қол суғуды өзінің ата-тегіне, ұрпағына таңба болатын үлкен ұят деп түсінсе, біз сонда ғана жеңіске жетер едік. Маған бір тұлғадан берілген 100 нобель сыйлығының иегерлерінің сөзі жинағынан Мейрид Магуайрдың «Әділдіктің жемісін көргің келсе, озбырлықтың тамырына балта шап» деген сөзін көзім шалды. Бұл жерде үлкен мағына жатырғанын бірі түсінсе, бірі шын жүрегімен сезінбеуі мүмкін. Бұған қоса, заңнамалық тұрғыдан мысал алсам, 2026 жылдың 5 наурызынан бастап күшіне енетін реформаның негізі болыпт табылатын Конституциялық Соттың шешімдеріне сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге теңестірілген тұлғалардың құқықтары нақтыланып, заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару тетіктері де бекітілді. Бұл өзгерістер бойынша мемлекеттік қызметшіге теңестірілген тұлғалардың кәсіпкерлік құқықтары нақтыланып, мемлекеттік қызметшілерге 5 пайызға дейінгі акцияларды еркін иелену («Халықтық IPO») мүмкіндігі берілсе де, тәртіптік жауапкершілік еселеп артты. Яғни, бағыныштысының жемқорлық қылмысы үшін басшының дербес жауапкершілігі де қарастырылған. Егер басшы өз ұжымында адалдық мәдениетін қалыптастыра алмаса, ол саяси сенімнен айырылады. Өткен жылдың өзінде 5 лауазымды бағынысындағы қызметшінің заңбұзушылығы үшін қатаң сөгістен бастап атқаратын лауазымынан төмендетілген болатын. Бұл жердегі тұжырым, мемлекеттік қызметшілерге енгізілген шектеулер ол ел дамуы үшін болса, оларға берілетін мүмкіндіктер де өте көп екенін айтқым келеді. Мемлекеттік органда қызмет атқару барысында заңнамалық актілердің қабылданып жатқанын көзімізбен көрсек те, оны жүзеге асыру жолында бірқатар тұлғалардың сол кеселге ұрынуының салдарынан мемлекеттік аппаратқа деген сенімнің де азайып жатқаны анық. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітетіндігін» сонау ата-бабымыз айтып кеткен.
Абай атамыздың жиырма тоғызыншы қара сөзінде айтылған «адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» деген және Шәкәрім Құдайбердіұлының «Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи, қазаққа көз сүзбестің қамы үшін жи. Арың сатпа, терің сат, алалды ізде, Ғибадат пен адалдық, ар үшін жи» деген өлеңдегі өсиеттері – бүгінгі әрбір мемлекеттік қызметшінің басты кредосы болуы керек деген ой түйемін. Жалпы, мен қызмет атқаратын Департамент бүгінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу және тұрақты мониторинг жасау арқылы жемқорлыққа жол ашатын бюрократиялық кедергілердің көзін жойып, мемлекеттік органдарды халыққа қызмет көрсететін «клиентке бағдарланған» моделге көшіру бағытында жүйелі жұмыс атқаруда. Әрине, қызмет барысында заңнама талаптарын бұзған лауазымды тұлғалар анықталып, оларға қатысты мемлекеттік қызметке бірнеше жылға шектеу қоюдан бастап, өмір бойына қызметтен аластату сияқты ең қатаң шаралар қолданылуда. Сонымен қатар, Департаменттің назарынан тыс қалмайтын маңызды бағыттың бірі – азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру. Дегенмен, қаншалықты қатаң жазалар қолданылғанымен, әрбір тіркелген заңбұзушылық тек мемлекеттік аппаратқа ғана емес, тұтастай мемлекеттің беделіне нұқсан келтіретінін ескеруіміз қажет. Сол себепті де біз профилактикалық шараларға баса назар аударамыз. Себебі күнделікті тіршілікте нормативтік-құқықтық актілермен тікелей жұмыс істемейтін қатардағы азаматтар заңның әрбір тармағы мен тетігін жете білмеуі заңдылық. Сондықтан біз халыққа заң нормаларын ешбір бүкпесіз, қарапайым әрі қолжетімді тілде түсіндіру ауқымын кеңейту арқылы қоғамның құқықтық сауаттылығын арттыруды басты міндет санаймыз. Қорыта айтқанда, Мартин Лютер Кинг «Әділетсіз заң – заң емес, бірақ әділ заңды орындайтын – әділ адам» деген. Біз Атырау облысында заң мен тәртіптің, парасаттылықтың үстемдігін орнату жолында Алаш арыстарының аманатын ту етіп ұстаймыз. Әділетті Қазақстан бұл таза мемлекеттік қызметші мен сенімді азаматтың бірлестігі. Бұл трансформацияны жүзеге асыру – біздің маман ретіндегі ғана емес, ел алдындағы перзенттік борышымыз. Әділетті Қазақстанды құру тек Президенттің немесе Мемлекеттік қызмет істері агенттігі желісінің ғана емес, әрбір мемлекеттік қызметшінің ар алдындағы міндеті. Біз сол жолда Алаш арыстары аңсаған, бабаларымыз бен аналарымыз қасық қанымен қорғаған азат елде жер басып жүрген әр қадамымыз мемлекетіміздің дамуына тікелей әсер ететінін ұмытпауымыз қажет. Адал қызметші мен адал азаматтың әрбір ісі егемендігімізді нығайтып, еліміздің экономикалық және саяси қуатын арттыруға қосылған өлшеусіз үлес екенін кез-келген азамат әрдайым жадымызда ұстасақ деп аяқтағым келеді.



