Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

ШОЙЫН ЖОЛДЫҢ ШЫРАҚШЫСЫ

 Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл туралы Президент «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз» деп атап өтті.

Шынында, еңбек нарығын жұмысшы мамандықтарсыз елестету тіпті де мүмкін емес. Оның ішінде теміржолшылардың орны ерекше. Ел экономикасының күретамыры саналатын осы теміржол саласында еңбек етіп жүрген жандар аз емес. Соның ішінде тоғыз жолдың торабы болған киелі мекенде қаншама адам шойын жолдың бойында еңбек етіп, өз несібесін табуда. Мыңдаған шақырымға созылған болат жолдың қауіпсіздігі мен үздіксіз қозғалысы қарапайым, бірақ аса жауапты. Осынау «Жұмысшы жылы» аясында біз шойын жол бойында маңдай терін төгіп жүрген жандардың тынымсыз еңбегін көпшілікке танытуды мақсат етіп, «Маманмен бір күн» айдарын теміржолшыларға арнадық. Мыңдаған шақырымға созылған болат жолдың қауіпсіздігі мен пойыз қозғалысының үздіксіздігі – көзге көріне бермейтін, бірақ аса жауапты еңбек иелерінің арқасы. Теміржол десе көз алдымызға екі иығынан буы бұрқыраған алып тепловоз, вокзал маңы, вагондардағы жолсеріктер елестейтіні рас. Көбіміз бұл саламен жолаушы ретінде ғана таныспыз. Ал қыстың қақаған аязында, жаздың аптап ыстығында мидай далада асай-мүсейін арқалап, жол жамап жүрген жолшылардың еңбегінің қаншалықты ауыр екенін екінің бірі біле бермейді. Бүгінгі кейіпкеріміз – тоғыз жолдың торабында табанды еңбек етіп жүрген Тілек Жүгінов.

Тілек Мырзағалиұлы 1987 жылдан бері теміржол саласында еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда ол Атырау жол дистанциясының аудандық бөлімінде ПЧ-9 жол жөндеуші болып қызмет атқарады. Кейіпкеріміз сағат 08.00-де жұмыс орнына келіп, алдымен арнайы киімдері мен құрал-саймандарын ретке келтіріп, күнделікті жұмысқа кірісті. Алдымен ұжымдық жиналыс өтіп, бір күнде атқарылатын жұмыстардың жоспары таныстырылды. Жоспармен және жол қауіпсіздігі талаптарымен танысқан соң кейіпкеріміз қақаған қысқа сай қалың киімін киіп, жол жөндеу жұмысына бет алды. Мақат басында өтетін жиналыста бригадалар учаскелерге бөлініп, күнделікті тапсырмалар нақтыланады. Жалпы мұнда төрт бригада жұмыс істейді, оның бір бөлігі Мақат басында орналасқан. Сағат 10.00-де әріптестерімен бірге рельс бойын қардан тазалау жұмысына кірісіп, күнделікті ісіне үлкен жауапкершілікпен қарады.

«Соңғы екі күнде қар қалың жауып, боран соқты. Соның салдарынан жолдарды қар басып қалды. Қазір рельс бойын тазалап жатырмыз. Демалыс күндері де қардың көп түсуіне байланысты барлығымыз жұмысқа шақырылып, үздіксіз еңбек етудеміз», – дейді ол. 

Еңбек жолын Қызылқоға ауданынан бастаған Тілек Мырзағалиұлы теміржол саласына ғұмырын арнаған жандардың бірі. Ол 1987–2014 жылдар аралығында Жантерек стансасында жол монтері болып қызметін бастаған. Ал 2014–2021 жылдары теміржол өткелдеріндегі қауіпсіздікке жауапты переезд кезекшісі қызметін атқарған. 2021 жылдан бері осы мекемеде жол жөндеуші ретінде еңбек етіп келеді. Түскі үзіліс те келіп жетті. Жол жөндеушінің айтуынша, төтенше жағдайлар орын алса, мамандар түскі асты сол жерде ішіп, жұмысты тоқтатпайды. Ал қалыпты жағдайда үйіне барып, тынығып келуге мүмкіндік беріледі. Қарлы бораннан кейінгі қарбалас күндерден соң кейіпкеріміз түскі үзілісте үйіне барып қайтуды жөн көрді. Үзіліс аяқталған соң сағат 14.00-де жұмысын қайта жалғастыру үшін теміржол бойына оралды. Қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып, қызыл бағдаршам белгілерін орнатып, рельс ауыстыру жұмыстарына кірісті. Олардың әр қимылы пойыз қозғалысының қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін осы сәтте анық аңғардық. Ал сағат 16.00-ден бастап шпал аудару, жол ақауларын жөндеу, теміржолды көтеру сынды ауыр жұмыстар жалғасын тапты. Әдетте жұмыс күні шамамен 17.30-да аяқталады. Алайда боранды күндері немесе төтенше жағдайларда теміржолшылар демалыссыз, екі күн қатарынан жұмыс істеуге мәжбүр. Тілек Мырзағалиұлының еңбек жолында есте қалған ауыр кезеңдер де аз емес. 1989 жылдың ақпан айында қатты боран салдарынан теміржол 7 күн бойы қар астында қалып, қозғалыс толықтай тоқтаған. Сол кезеңде де теміржолшылар тәулік бойы тынымсыз еңбек етіп, жолды қайта ашқан. «2020 жылдың 1 қыркүйегінде Доссор–Мақат бағытында пойыз апаты орын алды. Тіпті адам шығыны болған бұл қайғылы оқиғада теміржол қозғалысы 1,5 күнге тоқтап, жолды қалпына келтіру жұмыстарына бригадалар жедел жұмылдырылды»,-деп болат жолда жүріп, небір ауыр күндердің орын алғандығын айтты.

Еңбектің ауыртпалығына қарамастан, Тілек Мырзағалиұлы үшін отбасының орны айрықша. Үш бірдей перзентті тәрбиелеп, отбасын берекелі еңбекпен асырап отырған ол – үйде де, жұмыста да жауапкершілікті серік еткен жан. Теміржолшының айтуынша, бұл салада ең бастысы – тәртіп пен жауапкершілік. «Бір ғана рельстің дұрыс бекітілмеуі үлкен апатқа әкелуі мүмкін. Сондықтан біз үшін әр минут, әр бұранда маңызды», – дейді ол. Осындай маңдай терімен, үнсіз еңбегімен ел игілігіне қызмет етіп жүрген жұмысшы мамандар – нағыз еңбек адамдары. Олардың күнделікті тынымсыз тірлігінің арқасында пойыздар уақытында қатынап, мыңдаған жолаушы аман-есен діттеген жеріне жетіп жүр. Қазақта «Еңбек ер атандырады» деген аталы сөз бар. Осындай өнегелі нақылға лайық, елдің тыныс-тіршілігіне тірек болып жүрген марғасқа ағаларымыздың еңбегі әрдайым құрметке лайық.

Ж.ҚАМЗА,

Суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT