Атырау облысы білім беру басқармасының бастамасымен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алу және отбасылық құндылықтарды нығайту мақсатында «Әкелер патрулі» өз жұмысын бастады.
Жоба аясында қала және аудан орталықтарында құқық қорғау органы өкілдерімен бірлескен түнгі рейдтік шаралар ұйымдастырылып жатыр. Облыс орталығында өткен кезекті рейд кезінде түнгі сағат 23:00-ден кейін бірнеше ықшам ауданда орналасқан компьютерлік клубтар тексерілді. Тексеру барысында заң талаптарын бұзып, түнгі уақытта ата-анасының қарауынсыз жүрген бірнеше жасөспірім анықталды. Олардың ата-аналары қалалық полиция басқармасына шақыртылды. Бірінші рет анықталғандарға ескерту берілді, ал бұған дейін де мезгілсіз уақытта жүрген жасөспірімдердің ата-анасына айыпұл салынды. Профилактикалық жұмыстар жүргізілді. «Әкелер патрулі» – бұл тек бақылау емес, ең алдымен өнеге көрсету, жауапкершілік пен қамқорлықты сезіндіру. Әкенің рөлі – баланың өміріндегі басты тірек. Осы бастама арқылы әкелердің қоғамдағы, бала тәрбиесіндегі орнын күшейту. Бұл бастама – қоғам мен отбасы арасындағы байланысты нығайтып, ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауға жол ашпақ.



