Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Кондитер: еңбек пен өнердің үйлесімі

ЖУРНАЛИСТИКА – ӘР САЛАНЫҢ ТЕРЕҢІНЕ ҮҢІЛУДІ ТАЛАП ЕТЕТІН ҚЫЗЫҒЫ МОЛ, ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ЖОҒАРЫ МАМАНДЫҚ. КЕЙДЕ БЕЛГІЛІ БІР МАМАНДЫҚТЫҢ КӨПШІЛІК БІЛЕ БЕРМЕЙТІН ҚЫРЫ МЕН СЫРЫН ТҮСІНІП, ОНЫ ОҚЫРМАНҒА ЖЕТКІЗУ ҮШІН БІР КҮНІМІЗДІ ӨЗГЕ КӘСІП ИЕСІНІҢ ЖҰМЫСЫНА АРНАЙТЫН СӘТТЕР ДЕ БОЛЫП ТҰРАДЫ. БҮГІН БІЗ КЕЗ КЕЛГЕН ҮЙДІҢ ДАСТАРҚАНЫНАН ТАБЫЛАТЫН ТӘТТІЛЕР ДАЙЫНДАЙТЫН АУДАН ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ “ТӘТТІ ӘЛЕМ” АСПАЗДЫҚ ОРТАЛЫҒЫНДА БІР КҮНІМІЗДІ ӨТКІЗДІК.

Қазіргі таңда дәмді торттың түр- түрін пісіріп, тапсырыс қабылдау көп қыз-келіншектің табыс көзіне айналып отыр. Цифрлық жаһандану заманында барлық мүмкіндік ел игілігі үшін күн санап дамып келеді. Махамбеттік кәсіпкер, көп балалы ана Марал Калиева да “Тәтті әлем” аспаздық дүкенін ашып, жерлестерін тәтті торт өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Кәсіпкерлік саласында жүргеніне он жылдан асқан кәсіпкер алғашқыда жолдасының қолдауымен Алматы қаласынан кондитерлік курс оқыған. Кейін білімін Түркия мен Дубай елдеріне барып, толықтырып келген. 2021 жылы кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы Ұлттық жоба арқылы мемлекеттен 5 млн. қайтарымсыз қаржы алған. Әрмен қарай дүкеніне керекті құрал-жабдықтарды алып, кәсібін дөңгеленткен. “Дипломмен ауылға” бағдарламасы аясында келген 3 жас маманды жұмыспен қамтып отырған кейіпкеріміз бүгінде аудан бойынша Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы. 

ТӘТТІ ИІСПЕН - ТАҢҒЫ ҚАРБАЛАС 

Тәттілер әлемінің ауласына жақындай бергеннен-ақ пештің жылуы мен жаңа піскен печеньенің хош иісі бірден сезілді. Кондитерлер үшін жұмыс күні ерте басталады. Себебі, дүкен сөрелеріне сағат 10:00-да түрлі торттар мен тоқаштар дайын болуы тиіс. Кондитерлердің бөлмесіне кіргенімде мұндағы әр қозғалыс дәлдік пен еңбекқорлықты талап ететінін байқадым. Бір жерде қамыр иленіп жатыр, екінші жерде крем дайындалуда, үшінші аймақта безендіру қызу жүріп жатыр. “ Біздің жұмыс – тек тәтті пісіру емес, бұл – өнер. Әр өнім – қолтаңбасы бар кішкентай картина”, - дейді дүкен иесі Марал Калиева. 

ПЕЧЕНЬЕ ПЕШКЕ ЖОЛ ТАРТТЫ 

Бір күнімді кондитердің жұмысымен танысуға арнайтынымды түсінген мұндағылар маған қарапайым печенье дайындауды ұсынды. Алдымен қамырдың құрылымын, оның жұмсақтығы мен қоюлығын реттеу қажет. Бір кілтипан – дәл мөлшер. Журналист үшін сөз өлшеу қиын емес шығар, бірақ ингредиент өлшеу мүлде басқа екен. Миксерді қолыма алғанымда қарапайым көрінетін бұл жұмыстың қаншалықты ептілік пен шыдамдылықты талап ететінін түсіндім. Қамырды артық шайқасаң, өнім қатты шығады, кем болса, формасын сақтамайды. Осылайша бір сағат ішінде өзім дайындаған печеньенің алғашқы партиясы пешке жол тартты. 

ШЕБЕРЛІКТІҢ ШЫҢЫ – ТОРТ БЕЗЕНДІРУ 

Күннің екінші жартысында мен ең жауапты бөлім – тортты безендіру бұрышын көрдім. Бұл жерде әрбір кремнің сызығы, әрбір гүлдің пішіні, әрбір жазудың көркемдігі маңызды. Кондитерлер бір тортты безендіруге 30 минуттан 2 сағатқа дейін уақыт жұмсайды. Қолым дірілдеп, крем шприцімен мінсіз өрнек жасау қиын болғанымен, мамандардың қасында жүріп, бұл істің шын мәнінде үлкен шеберлік пен сабырлықты қажет ететінін түсіндім. “Өнімге жақсы көңіл-күймен келу керек. Біздің эмоциямыз торттың түрінен де көрінеді”, - дейді жас кондитер. 

ТӘТТІНІҢ ТЕК ДӘМІ ЕМЕС, ТӘРТІБІ ДЕ БАР 

Кондитерлік орталықтың тағы бір маңызды бөлігі – санитарлық талаптар. Әр үстелдің өз аймағы бар, құралдарды араластырмау керек, температуралық режимді сақтау – басты қағида. Мұнда әр процестің тәртібі бар екенін тілші ретінде ғана емес, қарапайым тұтынушы ретінде жақсы сезіндім.

КҮН СОҢЫ: ЕҢБЕККЕ ҚҰРМЕТ 

Жұмыс аяқталған кезде кондитерлердің шаршағанымен қатар жүздерінен қуаныш байқалады. Себебі, олар күн сайын жүздеген адамның көңіліне қуаныш сыйлайтын өнім жасайды. Бір күндік тәжірибем маған бір нәрсені анық көрсетті: журналистика мен кондитерлік өнердің ұқсастығы көп екен. Екі мамандық та еңбекқорлықты, дәлдікті, шығармашылықты және адамдарға қуаныш сыйлауды талап етеді. Тілшілік кәсібімді өзгерту арқылы мен кондитер мамандығының қыр- сырын ғана емес, еңбектің қадірін де терең түсіндім. 

«Тәтті әлем» кондитерлік үйіндегі бір күн – тәтті иісті тәжірибе ғана емес, еңбек пен өнердің үйлесімін көрсеткен шынайы сабақ болды. Әр торттың артында тұнып тұрған шеберлік, әр тәттінің артында үлкен жауапкершілік бар. Ал тілші үшін өзге саланың ортасында болу – кәсіби көкжиегін кеңейту, әр мамандық иесінің құндылығын бағалау деген сөз. Еңбектің дәмі – тәтті. Мұны мен бүгін анық түсіндім. 


Ш.ТӨЛЕГЕНОВА,

МАХАМБЕТ АУДАНЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT