Бүгінгі таңда талқыға түсіп жатқан жаңа Конституция жобасы – еліміздің ертеңі мен кемел келешегін айқындайтын тарихи құжат.
Бұл реформалардың елдік мүдде мен ұлттық қауіпсіздікке негізделгенін ерекше атап өткім келеді. Жаңа жобадағы егемендік пен аумақтық тұтастықтың өзгермейтін құндылық ретінде бекітілуі – мемлекеттігіміздің басты кепілі. Бұл – ата-баба аманатына адалдық пен ұлт алдындағы жауапкершіліктің айқын көрінісі. Ал бірлік пен келісімнің мемлекеттіліктің іргетасы ретінде айқындалуы біздің көпұлтты қоғамымыздың тұрақтылығын нығайта түспек. Сол сияқты жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтарына арнайы бөлім бар. Бұл мемлекеттің басты байлығы – адам екенін және билік халықтың мүддесіне қызмет ететінін дәлелдейді. Осы орайда, Қазақстан халқының егемендіктің иесі және биліктің жалғыз көзі ретінде бекітілуі – нағыз демократиялық принциптерге сай келеді. Тағы бір назар аударатын дүние – жаңа жобада діннің мемлекеттен бөлек екендігінің нақтылануы. Бұл бап зайырлылық бағытымызды бекемдеп, қоғамдық тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді. Ал патриотизмнің негізгі қағидаттардың бірі ретінде енгізілуі – жас ұрпақтың бойына отаншылдық рухты сіңіруде маңызды рөл атқарады деп білемін. Тағы бір маңызды мағыналық бағыт – цифрландыру. Осыған байланысты Конституцияның жаңа мәтінінде алғаш рет азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау туралы норма бекітілді. Бұл қазіргі цифрлық қоғамда ел халқының алаяқтарға алдануының алдын алатын басты бағыт. Конституциялық реформаның негізгі жаңалықтарының қатарында кеңейтілген өкілеттіктерге ие 145 депутаттан тұратын бір палаталы Парламент-Құрылтайдың құрылуы, партиялардың жауапкершілігін арттыратын пропорционалды сайлау жүйесінің енгізілуі, Қазақстанның Халық Кеңесі атты жалпыұлттық диалог платформасының құрылуы, вице-президент институтының енгізілуі, адвокатура, зияткерлік меншік, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты нақты конституциялық кепілдіктердің бекітілуі секілді оң ерекшеліктер бар. Бұл өзгерістердің барлығы – заңның үстемдігін нығайтуға, азаматтардың құқықтық қорғалуын күшейтуге және қоғамдағы әділеттілікті орнықтыруға бағытталған. Жаңа Конституция – бұл жай ғана құқықтық құжат емес. Бұл – болашаққа деген ортақ жауапкершілік, әділетті Қазақстанды бірге құруға жасалған сенімді бастама.
Жәния ІЗБАСҚАН,
ауданның Құрметті азаматы



