Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Былқылдақты басындағы тарихи сәт

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында Қызылқоға ауданы әкімдігі мен С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің ұйымдастыруымен бүгін Сағыз ауылы Былқылдақты елді мекенінде қоғам қайраткері Тобанияз Әлниязұлы бастаған саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш тақтаның ашылу салтанаты болып өтті.

Оған еліміздің түкпір-түкпірінен ақындар, жазушылар, тарихшылар мен зиялы қауым өкілдері және аудан басшылары мен ақсақалдар, мектеп оқушылары жиналды. Жиналған қауым алдымен елді мекен басындағы бұлақ суынан ауыз тиді. Содан кейін ескерткіш тақтаның ашылу салтанаты өтті. Шараны белгілі айтыскер ақын Саадат Нұрманов жүргізді. Ашылу салтанатында бірінші болып сөз алған аудан әкімі Арман Баженов келуші қонақтарға қош келдіңіз айтса, содан кейін сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі орталық кеңесі төрағасының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Өмірзақ Озғанбай, ауданның Құрметті азаматы, белгілі меценат Жауғашты Нәбиев және С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің президенті Бекежан Ахандар осынау игі істің маңызына тоқталып, тарихтан біраз сыр шертті.

Ал, А.Өміров атындағы саз мектебінің мұғалімдер ансамблі күй шертіп, жиналғандарды бір серпілтіп тастады. Содан кейін ескерткіш тақтаның ашылу рәсімі өтіп, оны ашу құрметі аудан басшысы Арман Баженов, шара қонағы Өмірзақ Озғанбайға берілді. Ескерткіш тақта ашылған соң өмірден өткен бабаларға құран бағышталып, жиналғандар естелік суретке түсті.

Шара қонақтарына ескерткіш тақта маңында тігілген киіз үйден қонақасы беріліп, одан соң қонақтар Миялы ауылындағы «Арман» мәдениет үйінде өтіп жатқан «Тәуелсіздікті аңсаған алаш азаматтары» атты ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.

Дулат МӘТЖАН.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521