Қазіргі таңда, халықтың басты қажеттілігі уақыт болып отыр.
Ал, сол уақытты үнемді пайдалануда ғаламтордың, оның ішінде әлеуметтік желілердің рөлі басым. Тіпті, қазіргі ғаламтор-дүкендер – ХХІ ғасырдың базары десек қателеспейміз. Ендеше, осы тақырып аясындағы «Әлеуметтік желіні жарнама үшін пайдаланудың артықшылығы қандай, ғаламтор-дүкенінен адамдар қандай заттарды сатып алады, супермаркеттер, үлкен сауда орталықтары желідегі саудаға қызығушылық танытуда ма, ғаламтор-дүкендердің пайдасы бар ма?», - деген сұрақтарға жауап іздемекпіз.
Жарнама келісіммен жасалады
Әлеуметтік желінің қай түрін алсаңыз да түрлі дүкеннің жарнамасы толып жүретіні бәрімізге аян. Соның ішінде, оқырманы көп парақша иесінде кемінде айына үш-төрт жарнама жасалады. Яғни, оған көбіне-көп әртістер белсенділік танытуда. Олар жарнама жасау арқылы өздеріне жеңілдіктер немесе белгілі бір пайызын төлеу арқылы сауда жасайды. Бұл туралы жас әнші Қуаныш Кеңес былай дейді:
– Мен өзім ең бірінші ол өнімдердің сапасына, тағамдардың дәміне қарап жарнама жасаймын. Жарнама жасау деген сөз жақсы өнімді халыққа ұсыну дегенді білдіреді. Демек, бізге жарнама жасағанда үлкен жауапкершілік жүктеледі. Ал, жарнаманы ұсынушы жарнама жасалған өнімді маған сыйға береді.
Ал, асаба Дамир Мырзагереевтің айтуынша, жарнама келісіммен жасалынып, жеңілдіктер қарастырылып немесе жарнамаға ұсынылған затты сыйға ала алады. Сондай-ақ, көбіне-көп келісімшарт жасау арқылы аптасына 2-3 рет парақшаға жариялау арқылы жүзеге асырылады екен.
Алаяқтардың арбауы
Әлбетте, жоғарыда айтқанымыздай қазір адамдардың басым көпшілігі жұмыс басты болғандықтан, күні бойы дүкен аралағаннан гөрі жұмысында отырып-ақ қалағанына ғаламтор арқылы тапсырыс бере алады. Оның тиімділігі де сол – уақыт ұту. Ал, қандай заттарға тапсырыс беруге болады десек, тұрмыстық техникалар, кітаптар, бірлік толтыру, киім-кешек, балалар киімдері, компьютерлік ойындар мен бағдарламалар, ұялы телефондар, тіпті сұлулық пен денсаулықты да осы интернет арқылы сатып алуға болады. Осы тұста, тапсырыс берместен бұрын оның алаяқ еместігіне көз жеткізу керек. Ол үшін ең алдымен сол жарияланған затқа қалдырылған пікірлерге назар аударған дұрыс. Оған өзіңіз сияқты тапсырыс беруші ойын жазады. Одан бөлек сол пікірлер арқылы алатын затыңыздың жақсы-жаман екендігінде білуге болады.
Көбіне-көп уақ-түйек заттардан гөрі тұрғындар ғаламтордағы арзан пәтер туралы жалған жарнамаға сеніп, миллиондарын қуларға санап бергені көпке аян. Ал, ол жағдайда қыруар қаржыны қалтаға басқандар ізім-ғайым жоғалады. Интернет-алаяқтар арам ойларын өте қарапайым әдіспен жүзеге асырады. Алдымен «арзан бағаға пәтер сатамын» деп жарнама береді. Үй иесі бірден шетелде тұратынын ескертеді екен. Сөйтіп, хабарласқан адамның төлем қабілетін тексеремін деген желеумен өз шотына қыруар қаржы аударуын сұрайды. Аңқау жұрт еш ойланбастан жиған-терген ақшасын банктегі жеке шотына салып, түбіртегін жалған сатушыға жіберіп отырған. Ал, алаяқтар сол бір тілім қағазға қарап түскен бар қаржыны интернет арқылы жымқырып келген. Міне, сондықтан мұндай жағдайларда қарапайым халық асқан мұқияттылық танытқан жөн.
Инстаграм – маркетингтің бір түрі
Әлеуметтік желінің ішінде инстаграм бүгінде нағыз қызу сауда алаңы болып отыр. Өзіңізге керекті затты тектеп (#) лезде табуға болады. Инстаграмда соңғы жылдары әртүрлі тәттілер пісіріп, оны желіге жүктеп, қызықты конкурстар ұйымдастыру жақсы белең алған. Осы орайда, қазіргі таңда бала күтімінде отырған ана, журналист Ләззат Сәлімова тәттілерді салу жолдарымен бөліскен болатын. – Дәл қазіргі сәтте дұрыс пайдалана білген адамға инстаграмның пайдасы өте көп. Әсіресе, жарнама жағы гүрілдеп тұр. Өйткені, халықтың бәрі осында. Бизнесін бастаймын дегендерге бұл жерде барлық жағдай жасалған. Сондықтан бұл мүмкіндікті мен де пайдаландым. Бұрыннан тәтті пісіруге әуестігім бар. Бірақ үйдегілерден басқа ешкім бұл жайында білмейтін. Қазір инстаграмның арқасында танитындар да, танымайтындар да біле бастады.
Бір ғана фото салып, астына пост жазып ондаған клиенттер жинап алдым. Мұнда ең бастысы фото дұрыс ракуспен түсірілген, анық, сапасы жақсы болуы керек. Ал, мәтіннен тұтынушы тауар жөнінде толық ақпарат алуы тиіс. Өзім осы қағиданы ұстанамын. Алғашқы пісірген тәттілерімнің тек кеткен шығынын есептеп, сол бағаға қойдым. Осындай жолмен біраз тұтынушы жинадым. Сонымен қатар, конкурс ұйымдастырдым. Ол да инстаграм маркетингінің бір түрі. Қорыта келе, инстаграм маған өзімнің сүйікті ісіммен айналысуға, жасаған продукциямды қиындықсыз сатуға мүмкіндік беріп отыр, – дейді ол.
Иә, шыны керек, бәріміздің де күніне бір рет инстаграмға бас сұқпасақ, жаңалықтардан кеш қалғандай болатынымыз тағы бар. Инстаграмда тәттілер, бет әрлеу, кірпік жабыстыру, әртүрлі жастағы адамдарға арналған киімдер, дәрі-дәрмектер, жеке кәсібіңізден басқа, жарнамаларды, хабарландыруларды, жоқ-жітікті жеке парақшаға жариялау арқылы ақша табуға да болады. Яғни, белгілі бір жұмысты атқарып отырғаныңыздай, жеке парақша ашып, оны жүргізіп, ақшасын төлем терминалдары арқылы ала алады. Мәселен, жеке парақшалардағы бір постқа 5 мың теңге дейтін болсақ, екінші постты жеңілдікпен 9 мың теңгеге жариялайды. Сондай-ақ, ол 24 сағат сақталады және ол пост парақшадан өшірілмейді. Ал, ақшасы жоғары да айтылғандай төлем терминалы арқылы төленеді. Осылайша, әлеуметтік желі ақша табудың таптырмас жолына айналған.
Түйін:
Әрбір адам қоғамдағы тың жаңалықтардан, өзгерістерден, технологияның даму қадамынан тыс қалмауы керек. Сондықтан да ғаламтормен адамның өмірі тығыз байланыста. Егер сіздің қолыңыздан келетін іс болса немесе айналысып жатқан салаңызды дамытқыңыз келсе, әлеуметтік желіні тиімді пайдаланыңыз. Алайда, сол әлеуметтік желінің тиімсіз тұстарына тосқауыл жасауға да бей-жай қарамағанымыз абзал.
Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА.