Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Білім гранты Облыс әкімдігінің жанынан беріледі

Өткен бейсенбі күні «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Арман Баженов «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізді.

Азаматтарды қабылдауға аудан әкімімен қатар аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Альберт Аққайнанов және тиісті бөлім басшылары қатысты. Жеке қабылдауға жазылған аудан тұрғындары алға тартқан мәселелердің дені тұрақты жұмыс, студент балаларына оқу ақысын төлеу, тұрғын үй салуға жер сұрау жөнінде болды.

Мәселен, Миялы ауылының тұрғындары Талғат Қуанғалиұлы мен Мария Смағұлқызы М.Оспанов атындағы медициналық университетінің екінші және үшінші курстарында оқып жатқан балаларына аудан әкімінің білім беру көмегін тағайындауды көмектесуін сұрайды. Олардың ұсыныстарын мұқият тыңдаған аудан әкімі Арман Баженов: – Биылғы жылдан бастап аудан әкімінің білім гранты тоқтатылды. Заң бойынша тек қана әлеуметтік әлсіз топтардың балаларын оқыту үшін бір жолғы көмек көрсетіледі.

Ал, білім беру гранты облыс әкімдігінің жанынан беріледі. Сондықтан, қажетті құжаттарыңызды дайындап аудандық білім бөліміне тапсырыңыздар. Ауданға қажетті мамандықтарда оқып жүрген жастардың сұраныстарына орай оқу ақысын төлеу мақсатында солардың да құжаттарын жинақтап, облыс әкімдігіне ұсынамыз, – деп жауап берді. Партиядан қолдау күтіп, жағдайын айтып келгендердің бірі Айгүл Жақсылыққызы отбасы жағдайына байланысты жалдайтын үй тауып беріп, бір жолғы төлемақымен көмектесуін сұрайды. Оның жағдайын түсінген аудан басшысы тиісті орындарға көмектесу қажеттігін тапсырды.

Ал, тұрғын үй салуға жер кезегін алға жылжытуға ықпал етуін сұраған бір тұрғынға, бұл заңға қайшы келетіндігін түсіндірді. Сондай-ақ, тұрақты жұмыс сұрап келгендерге мамандықтарына орай жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, кезекпен жіберілетінін, ал, мамандығы жоқтарға отбасын зерделеу арқылы тек қана ақылы қоғамдық негіздегі жұмысқа орналаса алатындарын жеткізді. Басқа да өтінішпен келген азаматтарды мұқият тыңдаған аудан әкімі олар тарапынан көтерілген мәселелерді шешу жолдарын түсіндіріп, тиісті мекеме басшыларына тапсырма берді.

Бауыржан САҚТАСИНОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT