Аудан жұртшылығының негізгі тұрмыс көзі мал шаруашылығы екені белгілі.
Бұл ретте, көптеген мәселелердің жылма-жыл газет бетінде көтеріліп жүргені баршаға мәлім. Қазіргі таңда, мен Ойыл ауылдық округіне қарасты Тоқтамыс қыстағындағы «Әнуар» шаруашылығының иесімін. Қыстақ аудан орталығынан 30 шақырым, Көздіғара ауылдық округінен 12 шақырым қашықтықта орналасқан.
Негізінен қыстақта жарық болмағандықтан, әртүрлі батареялармен жүргізілетін радиотыңдағыштар арқылы ел жаңалықтарын естіп, әртүрлі бағдарламалар, ән, ертегілер, есті әңгімелер, тарихи естеліктер тыңдаймыз. Алайда, радионың тарату желісі нашар. Кейбір уақытта мүлдем естілмей қалады. Ал Қарабау ауылының, Мақат ауданындағы бағытында қазақ радиосы толықтай ұстайды. Мұнымен айтпағым, ауыл, аудан орталықтарынан шетте отырған шаруагерлерге қазақ радиосын тарату желісін жақсартып берсе нұр үстіне нұр болар еді.
Кәдірбек АЙТЖАНОВ,
«Әнуар» шаруа қожалығының иесі.