Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ернар Сакупов: «Туған жер туралы кино түсіру ойымызда бар»

Жыл соңы аудан үшін жақсы әрі жағымды жаңалықтарға толы болуда.

Соның ішінде, көңілге көрікті ой ұялататын әзілдерімен көрермендерді күлкіге қарқ қылып жүрген Сағыз ауылының «Сағыз» құрамасы «Көңілді тапқырлар алаңы» жобасында өз шеберліктерін айқын дәлелдеді. Баршаға мәлім, аудан жұртшылығы «Сағыз» құрамасымен 2009 жылы Жайдарман сахнасында көрсеткен өнерінен етене таныс. Сондай-ақ, көңілді тапқырлар алаңына қатысқан алғашқы жылдың өзінде «Сағыз» құрамасы чемпион атанды. Осы орайда, аталмыш құраманың команда капитаны Ернар Сакуповпен сұхбаттасқанды жөн көрдік.

–Ернар Бекжанұлы, «Сағыз» құрамасының жеңісі құтты болсын! Биыл «Көңілді тапқырлар алаңындағы алғашқы жылдарыңызда чемпион боламыз» деп ойладыңыздар ма?

– Үлкен рақмет! Жалпы, ең алдымен әзіл дегенімізге тоқталсам, негізінен әзіл юморлық сезімнің, тапқырлықтың жемісі. Шын мәнінде, телевизиядағы әзіл ойындарға қатыспастан бұрын, оны камера мен көрермен алдында жеткізе білу үлкен күшті қажет етеді. Сондай-ақ, ойын барысында, сөзін ұмытқан жағдайда немесе сахнада қобалжу сынды сәттерде тапқырлықтың көмегі қажет. Біз «Сағыз» құрамасы Жайдарман ойындарынан кейін Көңілді тапқырлар алаңы жобасына нақты мақсатпен, рухпен, намыспен және өз-өзімізге деген сеніммен келген болатынбыз.

Сонымен қатар, әр адам өзінің межелеген мақсатына жету үшін талап қоя білуі керек. Біз команда болып «Көңілді тапқырлар алаңынан чемпион боламыз» деген қағиданы басты ұстаным етіп, соған жету үшін көп жұмыстандық, «Еңбек, еңбек, еңбек бәрін жеңбек» демекші, адал еңбегіміздің арқасында біз «Көңілді тапқырлар алаңының биылғы чемпионы» атандық. Әрине, біз басқа командалардан оқ бойы озық тұрдық дей алмаймыз. Көңілді тапқырлар алаңындағы көрсеткен өнеріміз де көп болды дей алмаймыз. Десек те, команданың стилі, сценарийі, команда ойыншыларының әзілді жеткізуі, әр ойын сайын ұтымды әзілді таба білуі сынды басты қағидалар әркез команданың назарында болды.

– Жайдарманда кеткен есені Көңілді тапқырлар алаңында қайтардыңыздар. Жалпы жайдарман ойындарымен көңілді тапқырлар алаңында қандай айырмашылық бар?

– Әрине, айырмашылық өте көп. Біз Жайдарманның жақсы жақтарын ала білдік. Ол сахна бізге әзіл ойындарын үйреткен мектеп. Десек те, көңілді тапқырлар алаңының мүмкіншілігі өте көп. Ол жаңадан ашылғанымен көптің қызығушылығын туғызды. Расымен де көңілді тапқырлар алаңының тарихы аз болғанымен, аудиториясы мейлінше кеңейді.

– «Сағыз» құрамасының алдағы жоспары қандай? Мәселен, жеке театр құру немесе телевизиялық шоулар жүргізу тәрізді істер атқару ойларыңызда бар ма?

– Міне, көптің күтіп отырған сұрақтарының бірі деп айта аламын. «Сағыз» құрамасының чемпиондықты алғаннан кейінгі әрекеттері қандай болмақ? Иә, әзірге жоспар жасақталуда. Бірақ, айта кету керек, жеке театр ашу мүлдем ойда жоқ. Себебі, театр ашу өте қиын. Біріншіден ол үлкен қаражатты қажет етеді. Барлық театр мүшелері жалақымен қамтылуы қажет. Сондықтан, бұл біздің құрама үшін оңай дүние емес. Ал, телевизиялық жобаларда күшіміздің жеткеніне шығамыз. Келер жылы Сағыз ауылы жөнінде кино түсіру ойымызда бар. Негізінен, осы чемпиондық атақты иеленгенде, артта қалған ел-жұрттың алдындағы борышым өтелмесе де, азғантай болса да қарызымнан құтылғандай болғанмын. Команда капитаны болғандықтан, барлығының атынан сөйлеп отырмын. Біз бір кемеде 9 жыл тер төктік. Соның нәтижесінде, облыстың атағы біраз шарықтады. Біздің құрамадағы жастардың әр қайсысы ерекше дарын иелері. Өйткені, кез келген адам спортта немесе өнерде өз өнерлерін көрсетер, бірақ сахнаға шығып, халықты күлдіру асқан шеберлікті қажет етеді. Осы тұста, «Сағыз» құрамасы күлкі болғанды емес, күлдіруді ғана мақсат етті.

– Жалпы «Сағыз» құрамасы мүшелерінің табыс көзі қайдан түседі? Сіздерге арнайы жалақы беріле ме?

– Табыс көзінің қайнары халыққа етене таныс. Әрине, той бизнесінен түседі. Сонымен қатар, барлығы да мемлекеттік қызметте, әртүрлі салада еңбек етеді. Кейбірі, вахталық кезеңмен жұмыс жасаса, енді бірі білім саласында қызмет ете жүріп, өз өнерін көрсетуде. Және де әртүрлі тамақтарға, киімдерге жарнама жасау арқылы ақша табамыз. Жалпы, командада бір оқушы бар. Осы тұста, айта кеткім келетіні, біздің командада бір мүмкіндігі шектеулі жан бар. Оның көрермендерге күлкі сыйлауға сіңіріп келе жатқан еңбегі зор. Тағдырдың жазуымен осындай күйге түскен жігітке (Белгілі себептерге байланысты аты аталмай отыр Н.Ж.) ойыншысына округ, аудан басшылары мен жалпы аудан тұрғындары өз қол ұштарын тигізсе нұр үстіне нұр болар еді. Әрине, материалдық қажеттілік өз алдына, оның алты ай сайын өтетін дәрігерлік тексерістері көп қиындық туғызады. Мінекей, осы азаматқа көмек қолы көрсетілсе, ол «Сағыз» құрамасына жасалған қамқорлық деп білеміз.

–Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан, Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА.

 

Құрылған жылы: «Сағыз» құрамасы 2009 жылы құрылды. Команда жетекшісі: Сакупов Ернар Бекжанұлы.

Құрамы: Ернар Сакупов, Дамир Мырзагереев, Жасұлан Сапаров, Қуаныш Кеңесов, Ерқанат Рзашев, Азамат Қадыров, Жандос Қабатов, Қуантқан Нұржанов, Амандос Жиғанбаев, Нұрбек Рахымғали, Алжар Ғазиз, Жалғас Қабдолов, Бексұлтан Аққозиев, Айдана Ижапқұлова, Ләззат Айтбаева.

Жетістіктері: 2011 жылы облыстық жоғары лига жеңімпазы, 2014 жылы республикалық премьер-лигада екінші орын, 2015 жылы республикалық жоғары лигада үшінші орын. 2016 жыл «Жасыбай толқыны» фестивалінің жеңімпазы, Әр жылдары Атырау, Ақтөбе, Жаңаөзен, Ақтау қалалары әкім кубогының иегерлері. 2018 жылы КТА чемпион.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521