Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Тыл ардагерлерінің тағылымды тарихы

Еліміздің өткен өміріндегі белестеріне көз жіберер болсақ, Екінші Дүниежүзілік соғысының отты жолдары еске түсетіні белгілі. Бұл бүкіл халықтың басына туған қиынқыстау кезең еді.

Әйтсе де майдандағы жауынгерлер мен тылдағы еңбеккерлер бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, халықтың жеңіске жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасады.

«Соғыс болып жатқан кезде бізді Рушанов деген колхоздың жұмысына апарып жүрді. Масақ тердік. Ана өгізбен арбаға көше тасуға тура келді. Одан кейін шойын жол бойында, айталық, бір метрлік ағаштарды тиеуге апарып жүрді. Біз ол кезде ересектеу балалар едік. Сондықтан көмектесуге совхоздың барлық шаруаларына жұмсап жатты», – дейді тыл ардагері Исламбек Қамажанов.

Бұл оқиға бүгінде сабырмен айтылғанымен, сол бір ажал отын шашқан қан майдан жылдарында қорқынышпен еске алынатын. Соғыс кезінде тыл еңбеккерлерінің еңбегі орасан зор болды. Жұмысшылар жоспарды орындау үшін күні-түні аянбай тер төкті. Олардың есею кезеңі ел басына түскен ауыртпалықпен тұспа-тұс келіп, буындары бекіп, омыртқалары қатпаған күйі бар қиындықты үлкендермен бірге көтеріп, қолдан келген көмектерін аямады.

«Оқып жүргеннің өзінде түске дейін сабақ оқысақ, түстен кейін бізді өгіз арбамен Зайсан қаласына жақын орналасқан колхоздарға апаратын. Кейбірі жеті, он бес, жиырма шақырым жерде болатын. Сол жерлерге барып, түстен кейін қандай жұмыс бар, соған көмектесетінбіз. 1944 жылы апайыммен бірге Зайсандағы Жамбыл деген колхозға көшіп бардық. Мен сол кезде педучилищеде үздік оқығанмын. Ол заманда мектептер жеті жылдық және он жылдық болатын. Сол жеті жылдық мектепке мені мұғалім етіп жіберді. 1944 жылы, он жеті жасымда ауылға мұғалім болып бардым. Сол кезде еңбектің ең үлкені де, ең ауыры да сол жерде еді. Жанұямызбен бірге сонда тұрдық. Өте жұмысбасты болдық. Бірінші сменде балаларды оқыттық, екінші сменде халықпен бірге әртүрлі жұмыстар атқардық», – дейді тыл ардагері Хадиша Мұхамеджанова.

Хадиша Мұхамеджанова мен Исламбек Қамажанов – колхоз жұмысын белсене атқарған жандардың бірі. Еңбекқор жастар «Далада бір дән қалмауы керек» деген ұранды жандарына серік етті. Сол кездің жастары елінің нағыз патриоты еді деп еске алады бүгінде қариялар.«Сонда бізді қысып, қинап жатқан ешкім болған жоқ. "Бармаймыз", "ауыр болады" деген сөз ол кезде айтылмайтын. Опалин өте қиын, ауыр жұмыс болатын, бірақ соған қарамастан бардық. Ол кезде біз секілді студенттер де, жалпы өмір сүрген жастар да, орта жастағы кісілер де ерекше еді. Бас тарту деген болмайтын. "Мынаны істемеймін", "жұмыс ауыр", "жаныма қиын" деген сөздер мүлде айтылмайтын. Біз жанымызды салып еңбек етсек, соғыс тезірек бітеді деп сендік. Жан-тәнімізбен, барлық үмітімізбен, құштарлығымызбен соғыстың аяқталуын күттік. Қандай жұмысқа жұмсаса да, бәрін мойынсұнып атқардық. Ол кездегі жастардың патриотизмі дәл осындай болатын», – дейді тыл ардагері Хадиша Мұхамеджанова. Нұрлан Нұрышов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT