Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Жоғарғы кеңестен Құрылтайға дейін: Қазақстан парламентінің тарихы

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл қос палаталы Қазақстан Парламентіне 30 жыл толды. Бірінші шақырылымның алғашқы сессиясы 1996 жылы 30 қаңтарда өтіп, тәуелсіз мемлекетте кәсіби заң шығарушы биліктің іргесін қалады. Сол кезден бастап институт елдің саяси және экономикалық дамуын айқын көрсететін трансформациядан өтті. Енді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың конституциялық реформалары нәтижесінде елімізде Парламент қайтадан бір палаталы органға айналмақ. Осы орайда тарихи жолға үңілген Kazinform тілшісі Парламенттің қалыптасу кезеңін, атқарған рөлі мен жетістіктерін саралады.

Жоғарғы Кеңестен Парламентке дейінгі жол

Қазақстан тәуелсіздік алған кезде елде Жоғарғы Кеңес жұмыс атқарып тұрған еді. Бұл кезең кеңестік басқару жүйесінен тәуелсіз мемлекеттік заң шығарушы органға өтудің алғашқы қадамы болды.

ҚР Президенті Іс басқармасы жанындағы Парламентаризм институты, Жеке заңнама орталығының басшысы Юлия Костянаяның айтуынша, дәл осы кезеңде мемлекеттік егемендік туралы декларация, мемлекеттік тәуелсіздік туралы заң, сондай-ақ 1993 жылғы алғашқы Конституция қабылданды. Жоғарғы Кеңес бір палаталы орган ретінде жұмыс істеді.

1994 жылғы 7 наурызда өткен Жоғарғы Кеңес сайлауы нәтижесінде жалғыз палаталы парламентке бір мандатты округтерден өзін-өзі ұсынған 59, қоғамдық ұйымдардан 75 және президенттік тізім бойынша 42 депутат бес жыл мерзімге сайланды. Жоғарғы кеңес төрағасы Әбіш Кекілбаев болған еді.

Сайлау қорытындысы бойынша ел тарихында алғаш рет көппартиялы кәсіби парламент қалыптасты.

Алайда Конституциялық сот сайлау заңнамасының бірқатар нормасы Конституцияға сәйкес келмейді деген шешім шығарғаннан кейін Жоғарғы Кеңес заңсыз сайланған деп танылды. Сонымен, 1995 жылдың наурызында Парламент таратылды, сол күндері Үкімет те отставкаға кеткен болатын.

– 1995 жылдың 30 тамызында өткен референдум нәтижесінде жаңа Конституция қабылданып, Жоғарғы Кеңес таратылды. Осы Конституция қазіргі күнге дейін жұмыс істеп келген қос палаталы Парламентті – Сенат пен Мәжілісті енгізді. Бұл - заң шығарушы биліктің конституциялық моделіне көшу және парламентаризм институтының негізін қалау кезеңі, – дейді спикер.

Сонымен қатар бұл кезеңде Президент өзі Премьер-министр қызметіне ұсынған кандидатураны бекітуден бас тартқан жағдайда Парламентті тарату құқығына ие болды, ал Конституциялық сот таратылды.

Айта кетейік, Жоғарғы кеңестің соңғы шақырылымы депутаттары тұрақты түрде жұмыс істеген алғашқы кәсіби Парламент болды. Бірақ 1994-1995 жылдары Президент пен Парламент арасындағы тартыс күшейіп, 1 жыл ішінде 7 ғана заң қабылданды. Бұл саяси дағдарысқа ұласты. Осы кезеңнен соң елде Президент билігі күшейгенін байқауға болады.

Саясаттанушы, Тарих институтының бас ғылыми қызметкері Бауыржан Шерияздановтың айтуынша, 1995 жылы Конституцияға енгізілген өзгерістер қос палатаның нақты міндетін айқындап берді. 30 жылға жуық уақыт өтсе де, заң шығарудағы Парламент жүйесі сол күйі қалған.

– Жаңа Конституция заң шығарушы биліктің міндеттерін нақты бөлуге мүмкіндік берді. Мәжіліс заң жобаларын талқылау мен қабылдауда негізгі рөл атқарып, Үкіметке сенімсіздік білдіру және заңнамалық бастаманы көтеру құқығына ие болды. Ал Сенат қабылданған заңдарды қайта қарап, олардың сапасына, құқықтық негізіне және өңірлердің мүддесіне сай болуына жауапты атанды. 

Осылайша, екі палаталы Парламент басқарудың тиімділігі мен халықтың мүддесі арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталды. Унитарлы мемлекет үшін аталған шешім заң шығару процесін жүйелеп, құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз етуге септесті, – деді ғалым.
1996-1999 жылдар: Парламенттің алғашқы қадамдары

1996 жылғы қаңтарда жаңа Парламенттің I шақырылымының алғашқы сессиясы өтті. Бұл кәсіби парламентаризм дәуірінің басталғанын білдірді. Мәжілісте 67, Сенатта 39 депутаттан құралған Парламент өз қызметін елдегі саяси-әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағыттады.

Осы кезеңдегі негізгі жетістіктердің қатарында 1997 жылы Азаматтық және Қылмыстық кодекстердің, 1999 жылы мемлекеттік қызмет туралы, 2001 жылы жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңдардың қабылдануы бар. Аталған заңнамалық актілер жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшуге ықпал етіп, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымы сияқты халықаралық құрылымдарға интеграциялануына негіз қалады.

Сонымен бірге бұл кезеңде президенттік биліктің басымдығы байқалды. Парламент көбінесе заңдарды ратификациялаушы тетік ретінде әрекет етті, ал партиялардың әлсіздігі саяси плюрализмнің шектелуіне алып келді.

1998 жылғы 7 қазанда Парламент Конституцияға сайлау жүйесі мен Парламент құрамына қатысты түзетулер енгізді. Атап айтқанда, сайлаушылардың елу пайыздан астамы қатысқан жағдайда ғана сайлау өтті деп танылады деген норма алынып тасталды. Мәжіліске бірмандатты округтерден сайланатын 67 депутатқа қоса, жалпыұлттық сайлау округі бойынша партиялық тізімдер негізінде тағы 10 депутат сайланатын болды. Сонымен қатар Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі алты жыл, Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі бес жыл болып белгіленді. Конституциялық кеңес бұл өзгерістердің бірінші шақырылым Мәжіліс депутаттарына қолданылмайтынын түсіндірді.

1999 жылғы қазанда өткен екінші шақырылым Парламентінің сайлауына тоғыз саяси партия мен Қазақстан кәсіподақтары федерациясы қатысты. Қазанның 10-ы мен 24-і күндері өткен екі кезеңді сайлаудың ресми қорытындысы бойынша билікті қолдайтын екі партия алға шықты. Парламенттегі ең көп мандатты «Отан» партиясы иеленді. Ол 1999 жылғы қаңтарда өткен кезектен тыс президент сайлауы кезінде құрылған сайлау штабының негізінде пайда болған еді.
2004 жыл: Парламент сайлауындағы партиялық конфигурация

2004 жылғы қыркүйекте екі кезеңмен өткен Парламент сайлауына 12 саяси партия қатысты. Сайлау қорытындысы бойынша президенттік «Отан» партиясынан жеті кандидат партиялық тізім арқылы, ал 35 өкіл бірмандатты округтерден Парламентке өтті.

Аграрлық және Азаматтық партиялар «Еңбекшілердің аграрлы-индустриалды одағы» (АИСТ) сайлау блогына бірігіп, Парламенттен партиялық тізім бойынша бір мандат, бірмандатты округтер арқылы жеті орын алды.

Саяси аренаға жаңадан шыққан «Асар» партиясы да осы сайлауда өкілдікке қол жеткізді. Ол Парламенттен төрт орын иеленді, оның біреуі партиялық тізім арқылы берілді.

«Қазақстанның демократиялық партиясы» жаңа Парламент құрамына бір мандатпен енді. Ал «Ақ жол» партиясы партиялық тізім бойынша екінші орынға шыққанына қарамастан, Парламентке бір ғана кандидатын өткізе алды. Бірмандатты округтерде жеңіске жете алмаған партия ішінде сайлаудан кейін жік туындап, саяси ұйым екіге бөлінді.

Оппозициялық Қазақстан коммунистік партиясы мен «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясы сайлауға «Коммунистер мен ҚДТ оппозициялық халықтық одағы» атты блок ретінде қатысты.

2007 жылғы маусымда үшінші шақырылымдағы Парламент таратылып, елде кезектен тыс Парламент сайлауын өткізу туралы Президент жарлығы шықты.
2007 жылғы сайлау: Мәжілістегі жалғыз партия

2007 жылғы конституциялық реформа президенттік республика моделін сақтай отырып, Парламенттің өкілеттіктерін кеңейткен бетбұрыс кезеңіне айналды. Мәжілістегі депутаттар саны 107-ге дейін ұлғайып, пропорционалды сайлау жүйесі енгізілді. Депутаттардың 98-і партиялық тізім бойынша, ал 9-ы Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланатыны белгіленді. Бұл өзгерістер парламенттік фракциялардың қалыптасуына және партиялар арасындағы саяси бәсекенің артуына ықпал етуі тиіс болатын.

2007 жылғы тамызда жаңа ережелер бойынша өткен Парламент сайлауына жеті саяси партия қатысты. Алайда 7 пайыздық межеден бір партия – президенттік «Нұр Отан» (бұрынғы «Отан») ғана өтті. Нәтижесінде партия Мәжілістегі 98 орынды толық иеленді. Ал қалған 9 депутат Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланды.

– Елімізде жүргізілген реформалардың, соның ішінде 2007 жылғы өзгерістердің нәтижесінде Парламентке Премьер-Министрдің кандидатурасын бекіту құқығы берілді. Осы кезеңнен бастап Парламент Үкіметтің құрылымын қалыптастыруға белсенді түрде ықпал ете бастады, – дейді Юлия Костяная.
2012-2016 жылдардағы үш партиялы Парламент

2012 жылғы 15 қаңтарда өткен Парламент сайлауына ресми тіркелген жеті саяси партия қатысты. Орталық сайлау комиссиясы 7 пайыздық межеден асқан үш партияның Парламентке өткенін жариялады.

Алайда бесінші шақырылымдағы Парламент өкілеттік мерзімі аяқталмай жатып, 2016 жылғы 20 қаңтарда Президент жарлығымен таратылды.

2016 жылғы 20 наурызда бес жыл мерзімге сайланған алтыншы шақырылымдағы Парламентке алдыңғы Мәжіліс құрамында болған билікті қолдайтын үш саяси партия қайта өтті. Олар – «Нұр Отан», «Ақ жол» және Қазақстанның коммунистік халық партиясы. Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясына 9 мандат берілді. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, «Ауыл» партиясы мен «Бірлік» партиясы 7 пайыздық межеден өте алмады.
Мәжіліске 6 партия өтті

Заң шығарушы биліктің дамуы тұрғысынан 2017 және әсіресе 2022 жылдардағы конституциялық реформалар негізгі кезең ретінде айқындалады. Бұл өзгерістер Парламенттің өкілеттіктерін кеңейтіп, оның Үкіметке бақылау тетіктерін күшейтті. Мәжіліс саяси күн тәртібін қалыптастыруда маңызды рөлге ие болып, атқарушы биліктің бірқатар функциясы заң шығарушы органға берілді. Аралас сайлау жүйесінің енгізілуі Парламент құрамын жаңартып, қоғамның әртүрлі пікірі мен мүдделерін неғұрлым толық ашуға мүмкіндік берді.

Саяси жаңғыру Қазақстанның сайлау туралы заңнамасын өзгертуден басталды. Мәжіліске өту үшін партияларға қойылатын сайлау шегі 7%-дан 5%-ға дейін төмендетілді. Бұл реформалар партиялар арасындағы бәсекелестікті қыздырып, алғаш рет Мәжіліске алты бірдей партияның өтуі еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиға болды.

– 2017-2022 жылдары билік жүйесіндегі реформалар жалғасын тапты. Осы кезеңде парламентаризм кеңейіп, заң шығару қызметінің тиімділігі артты, Парламенттің ашықтығы күшейді, жаңа функциялар мен бақылау мүмкіндіктері енгізілді. Мұның бәрі Парламент рөлінің айтарлықтай өсуіне жол ашты.

Сонымен қатар сайлау жүйесі де өзгерді: бұрын депутаттар тек партиялық тізім бойынша сайланса, 2022 жылы бірмандатты округтер қайта енгізілді. Осылайша, парламенттік жүйе уақыт талабына, қоғам мен мемлекеттің қажеттіліктеріне сәйкес дамып отырды, – дейді Юлия Костяная.

Оның айтуынша, 2022 жылы Конституцияға енгізілген өзгерістер аясында Конституциялық сот қайта құрылып, Парламенттің рөлі күшейтілді, ал Үкіметтің есептілігі артты. Соның нәтижесінде «Күшті Президент – ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет» моделі одан әрі дамыды.

Саясаттанушы Бауыржан Шерияздановтың пікірінше, 2022 жылғы өзгеріс депутаттарды сайлау жүйесіне едәуір әсер еткен.

– 2022 жылы сайлау жүйесінде елеулі өзгерістер болды. Мәжіліс депутаттарын сайлауда пропорционалдық және мажоритарлық модель енгізілді. Мұндай қадам саяси плюрализмді кеңейтуге, депутаттардың сайлаушылармен байланысын күшейтуге және парламенттік институттарға деген қоғам сенімін арттыруға бағытталды.

Сонымен қатар саяси партияларды тіркеуге қойылатын талаптар жеңілдетілгенін айта кету керек. Бұл партиялық жүйенің жаңаруына, Парламенттің әртараптануына ықпал етті, – деп бөлісті Бауыржан Шериязданов.
Сенат тарихы

Парламенттің екі палаталы құрылымы заң жобасын қатаң сүзгіден өткізуге әсер еткенін ұмытпау керек. Соның ішінде Сенаттың маңызы жоғары, ол мемлекеттің стратегиялық тұрақтылығын және орталықта өңірлердің өкілдері болуын қамтамасыз етті.

Осы тұрғыдан алғанда, Сенат маңызды үш міндетті шешуге баса мән берді деп айтуға болады. Біріншісі, саяси жүйенің эволюциялық дамуын сақтады. Екіншіден, заң шығару процесін әрі сапасын бақылады. Үшіншіден, өңірлер өкілдігінің рөлін арттырды.

Жалпы Сенат 50 депутаттан тұрады. Оның 40-ы облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астанадан сайланады. Әр өңірден 2 депутат жергілікті мәслихаттар арқылы жанама сайлау жолымен мандат алуға құқылы. Ал қалған 10 депутатты Президент тағайындайды.

Сенаттың тарихына үңілсек, оның құрамының өзгеруі негізінен осы Президент квотасының санына және еліміздегі өңірлер санының өзгеруіне қатысты болды. 1996–2007 жылдары Президент Сенаттың 7 депутатын тағайындайтын. 2007 жылы Мемлекет басшысы Сенаттың 15 депутатын сайлайтын құзыретке ие болды. Ал 2022 жылғы конституциялық реформадан кейін Президент тағайындайтын Сенат депутаттарының саны 15-тен 10-ға дейін қысқартылды, оның 5-і Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша қызмет алып келді. Осы реформадан кейін ҚХА өкілдері енді Мәжілістен Сенатқа өтті.

1998 жылға дейін Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі төрт жыл болса, 1998 жылғы қазаннан бастап алты жылға ұзарды.

Биыл Сенат 30 жылға жуық қызметін қорытындылайды десек артық емес. Егер референдум нәтижесінде бір палаталы Парламент құрылса, көз үйренген Сенат жаңа құрылымға қосылатын болады.

Бұған дейін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Сенаттың 30 жылдағы жемісті жолы нәтижелі өткенін айтқан болатын.

– Президент Сенаттың жұмысына жоғары бағасын берді. Соңғы 30 жылда еліміз үшін маңызды кезеңдер болғаны анық. Осындай күрделі кезеңде Сенат өзінің тарихи миссиясын орындады деп, Президент нақты айтты. Өткен жылдарда Сенат мемлекеттің құрылыстың тұрақтануына тікелей үлесін қосты. Сондықтан, 30 жылда Сенаттың жұмысы өте табысты әрі нәтижелі болды, мемлекеттің дамуына күш-жігерін салды. Өмір болғаннан кейін, біздің саяси жүйеміз дамуы керек, еліміз дамып жатыр, – деді Мәулен Әшімбаев. 

Саясаттанушы Бауыржан Шериязданов екі палаталы Парламент моделінің орнығуында Сенат рөлі жоғары деп санайды. Айтуынша, Сенат заң шығарушы биліктің сабақтастығын қамтамасыз еткен.

– Сенат классикалық жоғарғы палаталарға тән «консервативті» әрі орнықты институтқа айналды. Іс жүзінде Сенат заң жобаларына тұрақты түрде түзету мен нақтылау енгізіп, заңнамалық және заң-техникалық қателіктерді шешумен айналысты. Кей жағдайда құжаттарды Мәжіліске қайта жолдап, пысықтауды талап етті. Осы арқылы сараптамалық және құқықтық сүзгі қызметін атқарды.

Сонымен қатар Сенат Жоғарғы сот судьяларын тағайындау, Конституцияға өзгерістер енгізуге қатысуы арқылы құқықтық жүйенің қалыптасуына үлесін қосты. Бұл оның мәртебесін жай ғана «қайталама» палата емес, толыққанды мемлекеттік институт ретінде күшейтті, – деді сарапшы.
Елеулі заңнамалық бастамалар

2025 жылы да Парламент заманауи құқықтық базаны қалыптастыруда белсенді рөл атқарды. Маңызды бастамалардың қатарында жаңа Салық кодексі, жасанды интеллектіні реттеу туралы заң, банк саласындағы өзгерістер және цифрлық дәуір мен экономикалық трансформацияларға жауап беретін басқа да нормативтік актілер бар.

Жалпы, Парламент жұмысы ашықтық пен жариялылық қағидаттарына негізделді. Заң жобалары қоғамдық талқылауға шығарылды, парламенттік тыңдаулар өткізілді, «үкіметтік сағаттар» ұйымдастырылып, депутаттық сауалдар белсенді қолданылды. Бұл билік пен қоғам арасындағы диалогті нығайтып, қабылданатын шешімдердің сапасын арттырды.

Юлия Костянаяның пайымынша, парламентаризм демократия жүйесінің аса маңызды құрамдас бөлігіне айналды.

– 30 жыл ішінде Қазақстан Парламенті қалыптасу, нығаю және модернизация кезеңдерінен өтті. Ол елдің тәуелсіздігін нығайтуға, құқықтық мемлекет құруға және демократиялық институттарды дамытуға елеулі үлес қосты.

Парламент қызметі барысында 1995 жылғы Конституциядан бастап Әлеуметтік кодекс, бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң және жаңа Салық кодексі сияқты көптеген маңызды заңдар қабылданды. Бұл құжаттар мемлекеттің эволюциясын және әр тарихи кезеңнің басымдықтарын көрсетеді, – дейді Юлия Костяная.
Сенатты кімдер басқарды?

Қазіргі Конституцияда «Қазақстан Республикасының Президенті қызметінен мерзімінен бұрын босаған немесе кетірілген, сондай-ақ қайтыс болған жағдайда Республика Президентінің өкілеттігі қалған мерзімге Парламент Сенатының Төрағасына көшеді» делінген. Бұл Сенат төрағасы елдегі билік иерархиясында №2 тұлға дегенді білдірсе керек. Сол себепті төменде Сенатқа төрағалық еткен тұлғалардың хронологиясын ұсынуды жөн таптық.

    Өмірбек Бәйгелді – 1996 жылғы 30 қаңтардан 1999 жылғы желтоқсанға дейін Сенат төрағасы қызметін атқарды. Ол жоғары палатаны нарыққа, құқықтық мемлекетке және жаңа саяси мәдениетке көшіріп, парламентаризмнің іргесін нықтады.
    Оралбай Әбдікәрімов – 1999 жылғы 1 желтоқсаннан 2004 жылғы 10 наурызға дейін Сенатты басқарды.
    Нұртай Әбіқаев – 2004 жылғы 10 наурыздан 2007 жылғы 11 қаңтарға дейін Сенат төрағасы болды.
    Қасым-Жомарт Тоқаев (1-кезең) – 2007 жылғы 1 қаңтардан 2011 жылғы 15 сәуірге дейін Сенатқа төрағалық етті.
    Қайрат Мәми – 2011 жылғы 15 сәуірден 2013 жылғы 16 қазанға дейін Сенат төрағасы болды.
    Қасым-Жомарт Тоқаев (2-кезең) 2013 жылғы 16 қазаннан 2019 жылғы 20 наурызға дейін Сенатқа қайта жетекшілік етті.
    Дариға Назарбаева – 2019 жылғы 20 наурыздан 2020 жылғы 2 мамырға дейін Сенат төрағасы болды.
    Мәулен Әшімбаев – 2020 жылғы 4 мамырдан бастап Сенат төрағасы қызметін атқарып келеді.

Мәжіліс төрағаларының хронологиясы

Қазақстанның Мәжіліс тарихында да әр төраға Парламент жұмысына өзінше үлес қосты, заң шығарушы биліктің дамуына, институционалдық құрылымдардың нығаюына және парламентаризмнің қалыптасуына ықпал етті.

    Марат Оспанов – 1996 жылғы 30 қаңтардан 1999 жылғы 1 желтоқсанға дейін Мәжіліс төрағасы қызметін атқарды. Ол жаңа Парламенттің алғашқы жұмыс кезеңінде кәсіби құрылымды қалыптастыруға және заң шығару процесін жүйелеуге үлес қосты.
    Жармахан Тұяқбай – 1999 жылғы 1 желтоқсаннан 2004 жылғы 3 қарашаға дейін Мәжіліс төрағасы болды.
    Орал Мұхамеджанов (1-кезең) – 2004 жылғы 3 қарашадан 2007 жылғы 2 қыркүйекке дейін Мәжілісті басқарды.
    Аслан Мусин – 2007 жылғы 2 қыркүйектен 2008 жылғы 13 қазанға дейін Мәжіліс төрағасы болды.
    Орал Мұхамеджанов (2-кезең) – 2008 жылғы 13 қазаннан 2012 жылғы 20 қаңтарға дейін қызметін атқарды.
    Нұрлан Нығматулин (1-кезең) – 2012 жылғы 20 қаңтардан 2014 жылғы 3 сәуірге дейін Мәжіліс төрағасы болды.
    Қабиболла Жақыпов – 2014 жылғы 3 сәуірден 2016 жылғы 25 наурызға дейін Мәжілісті басқарды.
    Бақтықожа Ізмұхамбетов – 2016 жылғы 25 наурыздан 22 маусымға дейін қысқа мерзімде төраға болды.
    Нұрлан Нығматулин (2-кезең) – 2016 жылғы 22 маусымнан 2022 жылғы 1 ақпанға дейін Мәжіліс төрағасы болды.
    Ерлан Қошанов – 2022 жылғы 1 ақпаннан бастап қазіргі уақытқа дейін Мәжіліс төрағасы қызметін атқарып келеді.

Қос палатада кімдер болды?

30 жылда Қазақстан Парламентінде көптеген танымал тұлға депутат болды. Бәрінің есімдерін тізу мүмкін болмас. Дегенмен арасынан бірнешеуін атап өтуге болады. Сенаттың қалыптасуына оның бірінші төрағасы Өмірбек Байгелдінің қосқан үлесі орасан. Ол парламентаризмнің іргетасын қалап, сот жүйесі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, азаматтық қоғам институттары туралы маңызды заңнамаға айтарлықтай үлес қосты. Сондай-ақ іргелі заңнамалық базаның қалыптасуына ықпал еткен Оралбай Әбдікәрімов, Қуаныш Сұлтанов секілді тұлғалар жоғары палатаның кәсіби деңгейін көтерді.

Мысалы, Қазақстандық диалектикалық логика мектебінің негізін қалаушы, ҚР Ғылым академиясының вице-президенті Жабайхан Әбділдин Сенаттағы зиялылықтың символына айналды. Оның парламентаризмге қосқан үлесі заң шығару қызметіне терең философиялық және ғылыми мазмұн енгізуімен ерекшеленді.

Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңінде Зинаида Федотованың еңбегін де ерекше атау қажет. Мемлекеттілік негіздері қаланған күрделі жылдары ол Сенаттың Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетін басқарды. Оның жетекшілігімен құқықтық жүйені нығайтуға бағытталған маңызды заңнамалық бастамалар жүзеге асырылды.

Әбіш Кекілбаев, Талғат Мұсабаев, Ғарифолла Есім, Әділ Ахметов сынды белгілі азаматтар да Сенат қабырғасынан көрінді.

Мәжілісте де танымал тұлғалар аз болған жоқ. Олардың қатарында Марат Оспанов, Шерхан Мұртаза, Заманбек Нұрқаділов, Ұзақбай Қараманов, Тоқтар Әубәкіров, Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғарсынова, Амангелді Айталы және басқалар болды.

Әрбірі Парламенттің дамуына өлшеусіз үлес қосып, ұлттық парламентаризмнің институционалдық және рухани негіздерін қалыптастырды.
Жаңа құрылым мен жұмыс тәртібіндегі реформалар

20 қаңтарда Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысы мемлекеттің алдағы даму бағыттарын айқындаған маңызды оқиға болды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел Парламентін «Құрылтай» деп атауды ұсынды. Осылайша, мемлекет жаңа кезеңге қадам басады.

Ең басты өзгерістер Парламенттің құрылымына қатысты. Соның ішінде депутаттық корпусқа елеулі өзгеріс енгізілмек. Мәселен, жаңа Парламентте депутат саны 145 болады, олар пропорционалды жүйе бойынша сайланады. Төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін, ал комитет саны 8-ден аспауы керек. Бұдан бөлек, Парламенттегі Президент квотасы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы квотасы алынып тасталады. Тек жастарға, әйелдерге және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған квоталар сақталады.

– Ұсыныстардың төртінші бөлігі заң шығарушы органның жұмыс тәртібі мен рәсімдеріне қатысты болды. Жаңа Парламентте депутаттарды бес жылға сайлау қарастырылған. Заң қабылдау үш кезеңнен тұратын процедурамен жүзеге асады: депутаттар бірінші кезеңде заң жобасын жалпы мақұлдайды, одан кейін өзгерістерді бекітеді, соңында заңды қабылдайды. Бір палаталы жүйеге көшудің бірнеше артықшылығы бар. Біріншіден, кез келген шешім тез қабылданады. Екіншіден, бюрократиялық шығын азаяды. Үшіншіден, Парламент жүйесі ашық болады, – дейді Юлия Костяная.

Бұл – Қасым-Жомарт Тоқаевтың конституциялық реформа жөніндегі пайымдары. Алдағы уақытта барлық ұсыныстар референдум кезінде дауысқа салынады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT