Бүгінгі күн – нақты іске негізделген заман. Қоғамның алға қарыштап дамуы – кәсіби жұмысшы мамандардың қолымен жүзеге асып келеді. Әсіресе, түрлі салада маңызға ие, күн сайынғы тіршілікті қамтамасыз ететін жандардың бірі – жүргізуші.
Жүргізуші – қозғалыс әлемінің қырағы қожайыны. Таң атпай жұмысқа асығатын, кеш батып ел тыныққанда жол үстінде болатын осы мамандық иесінің жұмысы көзге көрінбей, бірақ үнемі сезіліп тұрады. Себебі қала мен ауылдың тіршілігі, мекемелер мен кәсіпорындардың тынысы – бәрі көлік қозғалысына, яғни жүргізушінің тиянақты ісіне тәуелді.
Ол — тек көлік тізгінін ұстап қана қоймайды, уақытпен де, ауа райымен де, жолдағы мыңдаған қауіппен де арпалысады. Амандықты сақтау, діттеген жерге дәл жету, жүкті зақымсыз жеткізу – бәрі де үлкен шеберлік пен кәсібіне деген сүйіспеншілікті қажет етеді.
Кейде жүргізуші – ауыл мектебінің балаларын таситын сенімді адам, кейде – дәрі-дәрмекті шалғайға жеткізетін жауапты жүк көлігінің иесі. Оларсыз өміріміздің бір күні де әдеттегідей өтпесі анық.
Сондықтан «жүргізуші болу – жай ғана рөлде отыру емес, бұл – тәртіп, тәуекел мен тұрақтылықтың көрінісі» деуге толық негіз бар.
Бүгінгі ұрпаққа айтарымыз – жұмысшы мамандықтардан ұялмаңыздар, керісінше, сол арқылы қоғамға пайда келтіріп, өзіңіздің нағыз орныңызды таба аласыз. Еңбек – бәрінен биік!
Ж.ИЗБАСАРОВ,
Аудан тұрғыны