Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті (бұдан әрі – Департамент) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Бектенов О.А.-ның 2025 жылғы 17 қазанда бекіткен макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және экономикалық реформалардың теріс салдарын азайту жөніндегі іс-шаралар жоспарының 4-тармағына сәйкес 2026 жылғы 31 наурызға дейін коммуналдық қызметтер тарифтерінің өсуіне жол берілмейтінін хабарлайды.
Аталған тапсырманы орындау мақсатында Департамент табиғи монополия субъектілерінің реттелетін қызметтері бойынша тарифтерді төмендету және олардың ұлғаюының алдын алу жөнінде тиісті шаралар қабылдады.
Ағымдағы жылдың қазан айында халық үшін сумен жабдықтау қызметінің тарифі 1 м³ үшін 110 теңгеден 99 теңгеге дейін, су бұру қызметі 59,67 теңгеден 59,08 теңгеге дейін, жылумен жабдықтау қызметі 1 Гкал үшін 6848,3 теңгеден 5786,82 теңгеге дейін, ал газбен жабдықтау қызметі 1000 м³ үшін 12515,78 теңгеден 10291,95 теңгеге дейін төмендетілді.
Сонымен қатар, «Атырау жылу электр орталығы» ЖШС және «Атырау жылу желілері» ЖШС 2026–2030 жылдарға арналған тарифтерді 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу жөнінде Департаментке өтінімдер ұсынды. Алайда көрсетілген мерзімнен бастап тарифтердің өсуі көзделмеген.
Осылайша, Департамент өңірдегі халық пен кәсіпкерлік субъектілеріне түсетін тарифтік жүктемені тұрақтандыруға бағытталған Премьер-Министрдің тапсырмасын толық әрі уақтылы орындауды қамтамасыз етеді. Табиғи монополия субъектілері бекітілген тарифтерді сақтау және мораторий мерзімі аяқталғанға дейін тарифтерді көтеруге жол бермеу жөніндегі жауапкершілік туралы хабардар етілді.



