Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Туризмді дамыту мүмкіндігі

Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризм аймақтардың дамуына серпін беретін салаға айналуға тиіс екенін атап өтті. Өңірлерде өтетін елішілік һәм халықаралық іс-шаралар сол өңірдің туристік әлеуетінің артуына ықпал ететінін айтты.

«Туризм – бизнес пен эконо­ми­каның тұтас саласы. Мамандарды даярлау қажет. Табиғи байлығы­мен, жан-жануарлар дүниесімен бүкіл әлемге танымал еліміздің био­логиялық әралуандығын қорғау айрықша маңызды міндетке айналды. Ақмола облысының орасан зор туристік әлеуеті Шучинск – Бурабай аумағымен ғана шектелмейді. Демалыс аймағы ретінде мүмкіндігі мол Зеренді, Сандықтау, Ақкөл және басқа да жерлерді жан-жақты дамыту қажет. Аймақтағы көрікті әрі киелі орындардың бәрі өзара кіріктіріліп, үйлестірілген ауқымды туристік кластер қалыптастыру маңызды», деді Президент. Мемлекеттің дамуына зор қар­қын қосатын бұл салада әлі де атқа­рылар шаруа жеткілікті.

Осы саланы өрістету арқылы өңірлерде жаңа жұмыс орнын ашудың мүмкіндігі де мол. Шалғайдағы ауылдарда ірі өндіріс орны, зауыттардың салына бермейтіні белгілі. Сол ауылдардың тұмса табиғаты, тарихи, мәдени орындары туристердің көптеп келетін тұрағына айналуы мүмкін. Әр келген туристің төлейтін қаражаты ауыл бюджетіне түседі. Әлемдік тәжірибеде мұндай тәсіл ертеден қолданылады. Елімізде кейінгі 7-8 жылдың ішінде ғана қарқынды дамып, қолға алына бастады. Оның жарқын мысалы – Алматы облысы Кеген ауданындағы Саты ауылы. Әйгілі Көлсай көлдеріне іргелес орын тепкен ауыл былтыр Дүниежүзілік туристік ұйымның (UNWTO) үздік ауыл аталымын алды. Бұл ауылда бірнеше қонақүй бар, одан сырт, тұрғындардың бар­лы­ғы дерлік туризм саласында несі­бе­сін тауып отыр. Осы модельді еліміздің өзге өңірлеріне де енгізу мақсатында түрлі экспедициялық сапар, семинар ұйымдастырамыз. Жылда ауылдарды аралап, жер­гілікті халықпен жүздесіп, тусырап жатқан далаға туризм тамыр тартса, табыс көзі ашылатынын айтамыз. Тұрғындардың оқу курс­тарынан өтуіне жағдай жасаймыз. Қонақүй бизнесі, туризм сервисін заман талабына сай нығайтуға жол сілтейміз. Бүгінде осындай семинар, тренингке қатысып, біліктілі­гін арттырған ауыл тұрғындары­ның саны мыңға жетті. Елуге тарта жаңа туристік орын ашылып, келушілердің қызығушылығын арттырды.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда атап өткендей, өңір­лерде туризмді дамыту бағытын­дағы маңызды іс-шараларды жүйе­лі ұйымдастыру керек. Бұл ретте ойын-сауықтық жиындар емес, туристер тартуға серпін беретін мағыналы басқосулар жиі өтуі керек. Тек ауылдық жерлерде емес, ірі мегаполис, облыс орталықтарында өтетін іс-шаралар да туристерді тартудың көзі болуға тиіс. Мысалы, Түркістан қаласы туристік мекен болғанына қарамастан, күздің соңы, қысқа қарай туристер азаяды. Оның салқыны қонақүйлерге, басқа да туристер аралайтын орын­дарға айтарлықтай әсер етеді. Күз мез­гілінің аяғына қарай өтетін Түркі­стан марафоны осы олқылық­қа айтар­лықтай жамау болып келеді. 2 мыңнан аса қатысушы қалаға жан-жақтан жиналады. Келген қонақ­тар көбіне қонақүйлерге тоқтайды. Міне, осындай ауқымды шараларды әр қалада өткізу арқылы да туристерді тартуға болады.

Даниел СЕРЖАНҰЛЫ,

«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT