Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Әскери кафедра — патриотизмнің қайнар көзі

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – біздің халқымыздың бірлігі мен қайсар рухының, Отанға деген шексіз сүйіспеншілігінің айқын көрінісі. Бұл күн – майдан даласында ерлікпен шайқасқан батырларымызды, тылда аянбай еңбек еткен жандарды ұлықтау, олардың ұлы мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізу күні. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті жанындағы әскери кафедра үшін бұл мерекенің мәні ерекше.

Себебі біз болашақ офицерлер мен әскери мамандарды даярлап, олардың бойына патриотизмді, Отан алдындағы жауапкершілікті және әскери борышты орындауға деген құрметті сіңіре отырып, тәрбиелейміз. Біз үшін Жеңіс күні – тек өткенді еске алу ғана емес, сонымен қатар бүгінгі бейбіт өміріміздің құндылығын бағалап, оны сақтаудың маңыздылығын айқындайтын күн. Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында біз ардагерлерімізге құрмет көрсетіп, олардың ерлігін жас ұрпаққа насихаттауды өзіміздің азаматтық әрі әскери парызымыз деп санаймыз. Бүгінгі курсанттар мен болашақ офицерлер – кешегі ерлердің ізбасарлары, олар елімізді, жерімізді қорғауға әрдайым дайын болуы тиіс.

Оқу орнында әскери кафедра құрылғаннан бері 615 түлекке Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығымен «запастағы лейтенант», ал 201 түлекке Атырау облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының бұйрығымен «запастағы кіші сержант» әскери атақтары берілді. Студенттерді әскери даярлау жұмыстары запастағы офицерлерді төрт әскери-есептік мамандықтар бойынша жүзеге асырылады: «Әскерлер қызметін ұйымдастыру және қауіпсіздік пен құқық тәртібін қамтамасыз ету бөлімшелерін қолдану»,«Жалпы әскери бөлімшелерді, бөлімдер мен құрамаларды жауынгерлік қолдану»,«Аумақтық қорғанысты жоспарлау және ұйымдастыру» және «Құрлық әскерлерінде тәрбие және идеологиялық жұмыстарды ұйымдастыру». 2021 жылдан бастап «Атқыштар» әскери-есептік мамандығы бойынша запастағы сержанттарды даярлай бастадық. Қазір Әскери кафедрада Қазақстан Республикасының жұмылдыру резервін дайындау үшін запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша І курста 82 студент (оның ішінде 13 студент С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінен), ІІ курста 73 студент (оның ішінде 6 студент С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінен) және запастағы сержанттар бағдарламасы бойынша 103 студент (оның ішінде 41 студент С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінен) оқытылуда. Жалпы, қазір барлығы 258 студент білім алуда Оның ішінде запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша 155 және запастағы сержанттар бағдарламасы бойынша 103 студент оқиды.

Еліміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығы – әрбір азаматтың қасиетті міндеті. Біздің әскери кафедра түлектері осы ұстанымды берік ұстанып, Қазақстанның қорғаныс қабілетін нығайтуға атсалысуға әрдайым әзір. Ұлы Жеңіс ұрпақ жадында мәңгі сақталып, Отанға деген шексіз сүйіспеншілік оты ешқашан сөнбесін!

Руслан НАУРЫЗБЕКОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті жанындағы әскери кафедра бастығы, запастағы полковник

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT