Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Атырауға келетін туристер саны бір жылда 20 пайызға артты

Атырау облысына 2025 жылдың тоғыз айында 134 мыңнан астам турист келген, -деп хабарлайды AtyrauPress.

Бұл – өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға көп. Туристер легінің артуы қызмет көрсету көлеміне де оң әсер етіп, орналастыру орындары көрсеткен қызмет көлемі 4,6 млрд теңгеге жеткен.
Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Сыдықовтың айтуынша, бүгінгі көрсеткіштер туризмнің аймақ экономикасындағы рөлінің күшейіп келе жатқанын айқын көрсетеді.«Туризм тек демалыс саласы ғана емес, ол – қызмет көрсету, шағын және орта бизнес, инфрақұрылым мен инвестицияны қатар дамытатын маңызды бағыт. Соңғы бір жылда туристер санының 20 пайызға өсуі – осы бағыттағы жүйелі жұмыстың нәтижесі», – дейді басқарма басшысы.
Келген қонақтардың басым бөлігі – іскерлік мақсаттағы туристер. Статистикалық дерекке сүйенсек, 79 мыңнан астам адам өңірге жұмыс сапарымен келсе, жеке мақсаттағы туристер саны 55 мыңнан асқан. Оның ішінде ішкі туристер – 113 мың, ал шетелден келген қонақтар саны 15 мыңды құрап отыр.
Одан өзге, туризм саласына тартылған инвестиция көлемі де айтарлықтай артқан. 2025 жылдың 10 айында бұл көрсеткіш 34,5 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық өскен. Инвестициялардың негізгі бөлігі туристік және мәдени нысандар құрылысына бағытталған.
«Қазір туризмге инвестиция салуға қызығушылық жоғары. Бюджеттен де, жеке сектор тарапынан да қолдау бар. Нәтижесінде жаңа қонақ үйлер, демалыс орындары, саябақтар мен туристік инфрақұрылым қалыптасып келеді», – деп атап өтті Нұрбол Сыдықов.
2023–2027 жылдар аралығында жалпы құны 11,7 млрд теңгені құрайтын жеті ірі жоба іске асырылып жатыр. Олардың қатарында Нұрсая және Самал ықшамаудандарындағы саябақтар, аудандардағы кемпингтер, спорттық-туристік база, сондай-ақ Атырау қаласындағы ірі демеушілік жоба есебінен салынатын парк бар.
Тағы бір айта кетер жайт, туризм саласындағы кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау күшейтілген. Туристік нысандар салу мен қайта жаңғырту кезінде шығындардың бір бөлігін өтеу, жол бойындағы сервис нысандарына субсидия беру, санитариялық тораптарды күтіп-ұстауға ай сайын төлем жасау секілді нақты тетіктер іске қосылған.
«Біз кәсіпкерлерге нақты қолдау көрсетуді мақсат етіп отырмыз. Туризм сапасы – бизнеске де, өңір имиджіне де тікелей әсер етеді. Сондықтан субсидиялау, инфрақұрылымды жақсарту, сервисті дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасады», – дейді басқарма басшысы.
Сонымен қатар өңірде туристік орындарды абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Сарайшық қалашығына, Ақкегершін борлы тауына, Ақмешіт қорымына апаратын жолдар салынуда. Құрманғазы ауданындағы лотос алқабы абаттандырылып, қарау алаңдары, тұрақтар мен жарықтандыру жүйесі орнатылған.
Облыстың туристік әлеуетін арттыруда халықаралық әуе қатынасының да маңызы зор. Бүгінде Хиуаз Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайы «ашық аспан» режимінде жұмыс істеп, Дубай, Баку, Ташкент, Стамбул және Милан бағыттары бойынша тұрақты рейстер ашылған.
Ал өңірді кеңінен таныту мақсатында құрылған «Visit Atyrau» туристік ақпараттық орталығы биыл бірқатар ауқымды жобаларды жүзеге асырды. «Zhaiyk Brand Fest», «Lotus Fest – 2025», «Tour de Saraishyq 2025» секілді халықаралық деңгейдегі іс-шаралар Атырауды туристер үшін жаңа қырынан танытуға мүмкіндік берді.
Алдағы жылы бұл бағыттағы жұмыс одан әрі жалғасып, халықаралық велошеру, гастрономиялық фестиваль, блог-турлар мен туристік көрмелерге қатысу жоспарланып отыр.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ.

Фото: t.me/atyrauakimat

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT